Грекияның Коста-Наварино қаласында өткен халықаралық Олимпиада комитетінің (ХОК) 144-ші сессиясында 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Олимпиада ойындарының бағдарламасына боксты қосу туралы шешім қабылданды, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бокс неге алып тасталды?
Бұл спорт түрі 2022 жылғы ақпанда 2028 жылғы Олимпиада ойындарының жарыс бағдарламасынан шығарылған еді. Бұл шешім Халықаралық бокс қауымдастығы (IBA) төңірегінде туындаған мәселелерге байланысты қабылданған болатын.
2023 жылғы маусымда ХОК IBA-ның ресми мойындауын толықтай қайтарып алғаннан кейін бокстың Олимпиададағы болашағы белгісіз болып қалған еді.
2024 жылғы Париж Олимпиадасында бокс ХОК-нің арнайы жұмыс тобының қадағалауымен өтті, бұл спорттың Олимпиада үшін маңызын тағы бір мәрте дәлелдеді.
Жаңа өзгеріс
Олимпиадалық боксты жаңа даму кезеңінде басқару 2023 жылы құрылған World Boxing Халықаралық бокс федерациясына жүктелді. Қазір бұл ұйымға 84 ұлттық федерация мүше. Жуырда World Boxing ХОК-тен уақытша мойындау алып, әлемдік деңгейде боксты дамыту құқығына ие болды.
«ХОК-нің боксты Лос-Анджелес Олимпиадасының бағдарламасына қосу туралы шешімі – World Boxing пен бүкіл Олимпиада комиссиясының мақсатты жұмысының көптен күткен нәтижесі. Бұл – мыңдаған спортшының арманын сақтап қалу деген сөз. Олимпиада ойындарының жүлдегері ретінде мұның болашақ буын спортшылары үшін қаншалық маңызды екенін түсінемін. Олимпиада жай ғана жарыс емес, бұл – үміттің символы, шеберлікке ұмтылу және әлемге өзіңді көрсету мүмкіндігі. Бокстың бай тарихы мен дәстүрін Олимпиада бағдарламасында сақтау үшін қадам сайын еңбек еттік. Әрбір жас спортшы өз елінің туын желбіретіп, Олимпиада тұғырына көтеріле алуға тиіс. Алда әлі көп жұмыс күтіп тұр, бұл жауапкершілікті толық сезінеміз. World Boxing әділ төрешілік пен спортшыларды іріктеу үдерісінің ашықтығын қамтамасыз ету үшін бар күшін салады», – деді Олимпиада комиссиясының төрағасы Геннадий Головкин.
Айта кетейік, Қазақстан бокс федерациясы 2024 жылғы қарашада World Boxing құрамына кірді.
2028 жылғы Лос-Анджелес Олимпиадасы 14-30 шілде аралығында өтеді.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!