Сыр спортшылары қай жарыста болмасын қоржындары құр қайтқан емес. Тіпті алдыңғы қатарлардан көрініп келеді. Соның ішінде бокстың бәсі әлдеқайда биік. Мұны неге айтып отырмын. Өйткені жуырда ғана жерлесіміз Зарина Толыбай Әлем кубогында күміс жүлдеге қол жеткізді.

Черногорияның Будва қаласында өткен турнирге 2007-2008 жылы туылған жастардың үздіктері аялдады. 10 күнге созылған жарыстың нәтижесінде түрлі салмақтағы тарыстар өтті. Соның ішінде 75 келі салмақта сынға түскен жерлесіміз Зарина ақтық сында сүрініп, Әлем кубогының күміс жүлдесін иеленді.

Қайсар қыз бұған дейін де талай додаларда топ жарып, оқ бойы озып келген. Бұл жолы алтынды күміске айырбастадым дейді спортшы ару.

– Қандай жарыс болса да ең бірінші жаттығуды талап етеді. Өйткені ешкім әлем кубогына жеңілемін деп бармайды. Сондай сәтте сәл қателессең жарыс жолынан шығып қаласың. Сол үшін бапкер айтқан тапсырманы, жаттығуды орындау бірінші орында болады. Бұл жолғы жарысым сәтсіз дей алмаймын. Тек ақтық сында есе жібергенім қынжылтады… Алтын медаль иегері атанамын деген мақсат болған, бірақ бұйырғаны күміс медаль, – деді Зарина.

Спортшы қыздың бапкері – Руслан Жолбарысов. Тәжірибелі жаттықтырушы Заринаның болашағынан үміт зор екенін айтып отыр. Өйткені ол рингте үнемі намыстанып, қарсыласын бірінші болып жыққысы келіп тұратын көрінеді.

Айдос МЫРЗАЛЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!