Шымкент қаласында бокстан ел біріншілігі аяқталды. Тоғыз айдан бері шаршы алаңға шықпаған былғары қолғап шеберлері бәсекенің көркін қыздырды.
Індетке байланысты бірнеше ай жарыссыз қалған қыз-жігіттер бар күші мен жігерін Шымкент шаршы алаңында сарқып берді. Жеңіл салмақта жаңа есім Қазақстан чемпионатында ерлер де, әйелдер де он салмақ дәрежесі бойынша сынға түсті. Олимпиада бағдарламасынан алынып қалған 49 және 60 кило салмақтағы боксшылар да бұл додада бақ сынады. Аталған екі салмақ дәрежесі Азия және әлем чемпионатында бар екенін ескерсек, бұған атүсті қарауға болмайды. 49 килода еліміздің бес дүркін чемпионы, бірнеше жылдан бері осы салмақтың тізгінін ешкімге бермеген Теміртас Жүсіповты тұсайтын мықты табылды. Батыс Қазақстан облысының намысын қорғаған жас боксшы Даниял Сәбит финалда өзінен он жас үлкен әккі қарсыласын әбден тұқыртқанына куә болдық. Көпшілік күткендей, Теміртастың тәжірибесі жас буынның қарқынына төтеп бере алмады. Бокстағы тағы бір жеңіл салмақтың бірі 52 килода Токио Олимпиадасының жолдамасын ең соңғы мүмкіндігінде иеленген Сәкен Бибосынов өзінің жерлесі, жастар арасында жұлдызы жанып, ересектер қатарына енді өткен талантты Сабырхан Махмұдқа есе жіберді. Жан алысып, жан беріскен кездесуде екі боксшы да аянып қалған жоқ. Бірақ Сабырханның шоқтығы бәрібір биік болды. Талай маманның таңдайын қақтырып, талай жанкүйерге үлкен үміт сыйлаған ол өзінің алысқа баратынын тағы бір дәлелді. Ал Олимпиадада бақ сынайтын Сәкен Бибосынов үшін бұл жеңіліс үлкен сабақ болары сөзсіз. 57 кило салмақ дәрежесінде Токио Олимпиадасына аттанатын Серік Теміржанов өзінің расында үздік екенін көрсетті. Павлодардық боксшы барлық қарсыласын бір деммен жеңіп, финалда Ақмола облысының өкілі Ораз Асылқұловты көп күш жұмсамай ұтты. Олимпиада бағдарламасына енбейтін тағы бір салмақ 60 килода маңғыстаулық Саматәлі Төлтаев топ жарды. Финалда Шығыс қазақстандық Бекнұр Ожановпен кездескен Төлтаев төрешілердің бірауыз шешімімен жеңіске жетті. 63 кило салмақтағы боксшылар жартылай финалмен шектелді. Бұл салмақтың сөзсіз үздігі Зәкір Сафиуллин ¼ айналымдағы жарақатына байланысты қоланы қанағат тұтты. Сондай-ақ ақтық сындағы жекпе-жек те өткізілмей, Алматы облысынан өкілі Ертуған Зейнуллинов бәйгені шаппай алды. Оның қарсыласы турнирден бас тартқан. Жанкүйерлер асыға күткен жекпе-жектердің бірі – 69 килодағы Абылайхан Жүсіпов пен Асланбек Шымбергеновтің кездесуі еді. Қос боксшының жеңістері де бір басына жетерлік. Асланбек Азия ойындарында жүлде алып, WSB сериясында жарқыраса, Абылайхан әлем чемпионатында үштікке еніп, Токио ойындарына жолдама алған. Өкінішке қарай, бұл жолғы кездесу біз күткендей қызық болмады. Екінші раундта Жүсіповтің оқыс әрекетінен Асланбек жарақат алып, қабағы қанай берген соң төрешілер жекпе-жекті тоқтатты. Жеңіс Абылайханның еншісіне жазылып, алтын Қарағанды облысына кетті. 75 килодағы финалдық сын Әбілхан Аманқұлдың сөзсіз жеңісімен аяқталды. 2018 жылғы ел чемпионатында иығын жарақаттап, талай турнирден қалыс қалған Әбілхан үшін бұл біріншілік қатардағы жарыстардың бірі болғаны анық. Өйткені Олимпиада жолдамасын алып, әлем чемпионатында көзге түскен боксшыға қарымды қарсылық танытар ешкім болған жоқ. 81 килода әлем чемпионы Бекзат Нұрдәулетов пен жастар арасындағы әлем чемпионатының жүлдегері Нұрбек Оралбай арасындағы жекпе-жекті де тартысты болады деп күткеніміз рас. Бекзат былтырғы әлемдік додада жасындай жарқылдаса, Нұрбек ересектер қатарына енді ауысып, ерекше бокс үлгісімен тәнті етіп жүрген жігіт. Финалдық кездесу біз күткендей қызықты өткен жоқ. Бекзат бабында болса да, нағыз чемпиондарша жұдырықтасты дей алмаймыз. Ал Нұрбектің әлем чемпионын жеңуге әлі де әлеуеті жетпейтіндей көрінді. Десе де, Нұрбек Оралбайға қарап, біздегі жас буынның қарқынды екенін байқауға болады. Айбек Оралбайды көпшілік Василий Левиттің ізбасарына балайды. Бұл жарысқа денсаулық жағдайына байланысты Левит қатысқан жоқ. Бірақ бұл салмақтағы жастардың келешекте ұзаққа шабатыны көрініп тұрды. Айбектің финалдағы қарсыласы – өзінің командаласы әрі досы Сағындық Тоғамбай да бапкерлер мақтаған боксшылардың бірі. Екеуі де жойқын соққысымен ерекшеленеді. Финалдық кездесуде нокаут немесе нокдаун болған жоқ. Мүмкін, бір бапкерде, бір залда жаттығатын достар бір-біріне қатты соққы жұмсамаған шығар. Кездесу Айбектің жеңісімен аяқталды. Сағындық ересектер арасындағы алғашқы додасынан күміс еншіледі. Аса ауыр салмақта Қамшыбек Қоңқабаевқа тең келер боксшы әзірге жоқ. Әлем чемпионатының жүлдегері финалда Нұрлан Сапарбайды көп күш жұмсамай-ақ жеңді. Алыптар айқасында жанкүйерді ешкім таң қалдыра қойған жоқ. Токио Олимпиадасына жолдама алған сегіз боксшының бесеуі өз салмағында топ жарды. Зәкір Сафиуллин (63 кило) жарақатына байланысты жарыстан бас тартса, Василий Левит (91 кило) денсаулық жағдайына байланысты турнирге қатысқан жоқ. Ал 52 келідегі Сәкен Бибосыновтың финалдағы жеңілісі оған әлі көп жұмыс істеу қажеттігін ескерткендей. Осылайша ел чемпионатындағы жалпыкомандалық есепте 2 алтын, 2 қола алған Маңғыстау облысы көш бастады. Екінші орында 1 алтын, 2 күміс, 1 қола иеленген Нұр-Сұлтан боксшылары орналасқан. Үшінші сатыда 1 алтын, 1 күміс, 3 қола еншілеген Жамбыл облысының командасы тұр.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!