Елімізде бокстың бәсі жоғары. Олимпиада ойындарынан жүлдесе салатын боксшылар ел мерейін көтеруде аянып қалмауда. Кәсіпқой мен әуесқой бокста да жерлестер жанкүйерлерді сенімді жеңісімен қуантуда. Десек те жеңіспен қатар жеңілістің де қатар жүретін қағидасы еліміздегі №1 спорт түріндеде кездесуде. Ендеше боксшыларымыздың апта басындағы бәсекелеріне тоқталсақ.

АҚШ-тың Миннеаполис қаласында өткен кәсіпқой бокс кешін күллі Алаш жұрты тағатсыздана күтті. Өйткені WBA нұсқасы бойынша супер орта салмақта өнер көрсетіп жүрген Айдос Ербосынұлы жекпе-жегін жеңіспен аяқтаған жағдайда қазақтың тағы бір былғары қолғап шебері әлем чемпионы атанатын еді. Өкінішке қарай айтулы боксшыға ондай бақ бұйырмады.
2015 жылдан бері кәсіпқойлар арасында күш сынасып жүрген 30 жастағы Айдос сол кезден бері 16 кездесу өткізіп, барлығында жеңіске жетті. 11 кездесуді мерзімінен бұрын аяқтады. Осы табыстарының арқасында Айдос әлем чемпионы атағы үшін таласу мүмкіндігіне ие болды. Қарсыласы одан алты жас кіші. Десек те майталман мамандардың тарапынан Дэвид Моррельдің әлеуеті өте жоғары бағалануда. Кубада туып-өсіп, кейіннен АҚШ-қа қоныс аударған ол өзінің мықтылығын бірден мойындатты. Кәсіпқой рингте небәрі жеті жекпе-жек өткізгеніне қарамастан Дэвид әлем чемпионы атанып қана қоймай, өзіне тиесілі алтын белбеуін үш мәрте сәтті қорғады.
Миннеаполис­тегі бәсекеде Моррельдің басымдығы бірден байқалды. Кубалық қабылан өзінің бойы мен қолының ұзындығын ұтымды пайдаланды. Айдосқа қарағанда әлдеқайда жылдам әрі әбжіл қимылдаған ол үнемі оның алдын орап отырды. Соққыларын жиі дарытып, дәл тигізе білді. Шыны керек, алғашында біз Ербосынұлы «бұл екпінге шыдамайтын шығар» деп ойладық. Өйткені бастапқы раундтардың өзінде Дэвидтің бірнеше соққысы оған оңбай тиді. Сол кеште ауыр апперкоттар мен жойқын хуктардың сан түрін көрдік. Кейбірі, тіптен, Айдосты есеңгіретіп тастағандай көрінді. Оның үстіне жерлесіміздің кеңсірігінен кеткен қанды тоқтату да оңай болмады.
Бірақ Айдос ер екен. Қаншама ауыр соққы алса да, бәріне шыдап бақты. Беті қанға боялып, көзі көруден қалса да, соңына дейін айқасты. Қарсыласын айқын жеңе алмайтынына көзі жеткен Моррель 12 раунда басталған бетте айлаға жүгінді. Аңғал Айдос абайсызда жасалған белден төмен соққысы үшін кешірім сұрап тұрған сәтте Дэвид оны ұрып құлатты. Төреші нокдаун белгіледі. Бұл жерде біз Бостандық аралы өкілін кінәлаудан аулақпыз. Барлық кінә Айдостың өзінде. Боксшы қандай кезде де бәріне дайын және сақ болуы керек. Бұл – бокстың заңдылығы! Дәл осы соққыдан кейін Ербосынұлы өз-өзіне келе алмады. Бәсекенің аяқталуына санаулы секунд қалғанда Дэвид Моррель қазақ боксшысын оң қолымен оңдырмай ұрып, ауыр нокаутқа жіберді.
Дәл осы жарыстың андеркардында Абылайхан Жүсіпов те күш сынасты. Әуесқойлар арасында әлем чемпионатында үш рет қола медальды иеленген қандасымыз кәсіпқой рингтегі үшінші кездесуінде жеңіске жетті. Бұл жолы ол америкалық Демаркус Лейтонды (8-3-1, 5 КО) екінші раундта есінен тандырды.
Бұл күндері Иорданияның бас шаһары – Амманда бокстан ерлер мен әйелдер арасындағы Азия чемпионаты өтіп жатқаны белгілі. Сары құрлық бәсекесінің екінші жарыс күнінде Қазақстан құрамасының үш өкілі шаршы алаңға көтеріліп, тек екеуі ғана келесі айналымға жолдама алды. Өкінішке қарай 63,5 келі салмақ дәрежесінде жұдырықтасқан Санатәлі Төлтаев екінші кезеңде Өзбекстан құрамасының намысын қорғайтын қазақ – Руслан Абдуллаевтан жеңіліп қалды.
Қазақ боксшылары арасында Азия чемпионатының шымылдығын 57 келі салмақтағы әлем чемпионатының күміс жүлдегері (2021), жастар арасындағы Азия чемпионы Серік Теміржанов ашып берді. Түрікменстанның үкілеп қосқан үміті Ихлас Гылычжановпен шаршы алаңда жолы түйіскен жерлесіміз қарсыласын үш раундта да бет қаратпай жеңді. Бес төреші жеңісті бірауыздан қазақ боксшысына берді – 5:0. Алғашқы айналымда Абукузаил Туркиден (Кувейт) басым түскен Ихлас екінші жекпе-жегінде жерлесімізге қарсы еш айла-тәсіл қолдана алмады. Теміржанов ширек финалда жарыс қожайыны Юсеф Иашашпен күш сынасып, төрешілердің шешімімен жартылай финалға жолдама алды.
Токио Олимпиадасының қола жүлдегері, әлем чемпионы Сəкен Бибосынов жанкүйерлерін жарқын жеңісімен қуантуда. Сәкен алдымен үндістандық Кумар Спаршты 4:1 есебімен жеңгенімен, алғашқы раундтарда көрермендерді біраз алаңдатып қойды. Себебі бірінші раундта төрешілер 2:3 есебімен жеңісті Кумарға берді. Үзілісте бапкерлердің керекті ақыл-кеңесін тыңдап шыққан Сәкен екінші раундта қарсыласын бұрыштан бұрышқа тықсырып, үнді боксшысын әбден соққының астына алды. Бойы мен қолының ұзындығын дұрыс пайдаланып, алыстан жүріп ұрыс салған Сәкен кейінгі екі раундта айқын басымдық танытып, қарсыласынан жеңісті жұлып алды. Бибосынов ширек финалдық жекпе-жекте малайзиялық Кайюм Ариффинмен жұдырықтасып, 5-0 есебімен айқын жеңді.
Сербиядағы әлем чемпионатының финалында ол Сабырхан Махмұдты жеңіп, алтыннан алқа таққан болатын. Томое биылғы Азия біріншілігінде 51 келі салмақта өнер көрсетіп жатқандықтан Сабырханмен жолы түйіспейді. Есесіне, Сәкен Бибосыновпен шаршы алаңда кездесуі ықтимал.
Қыздар құрамасының өкілі, əлемнің екі дүркін чемпионы Назым Қызайбай Тайланд боксшысы Раксат Чутаматпен қолғап түйістіріп, 4-1 есебімен қарсыласын жеңді. С.Тәшкенбай екінші айналымда өзбекстандық Асылбек Жалиловтан айласын асырса, Асланбек Шымбергенов филиппин өкілі Пианар Маржонды нокдаунға жіберіп, жеңісті оңай жұлып алды.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!