Жуырда Түркістан облысында VІ Жастар спорт ойындарының ашылу салтанаты өтті. Жеңістің 80 жылдығы аясында өтетін кешенді жарыс 24 ақпан мен 1 қазан аралығында спорттың 34 түрінен ұйымдастырылуда. Соның ішінде бокстан VІ жастар ойындарын өткізу Қызылорда облысына бұйырды.

Соған орай елімізге белгілі былғары қолғап шеберлері Сыр еліне арнайы ат басын бұрды. Жарыс қарсаңында облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы басшысының орынбасары Жігер Айекешов, Сидней олимпиадасының күміс жүлдегері Мұхтархан Ділдәбеков, жастар арасында аға жаттықтырушы Мақсат Бақтыбазаров, бокстан әлем чемпиондары Біржан Жақып пен Галиб Джафаров ақпарат алаңына келіп, БАҚ өкілдерімен кездесті.

Кездесу басында облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы басшысының орынбасары Жігер Оңдасынұлы сөз алып, арнайы келген қонақтарды таныстырып, өз ризашылығын жеткізді.

– Кейінгі уақытта Қызылордада спортқа жақсы көңіл бөлінуде. Жуырда грек-рим күресінен ауқымды жарыс ұйымдастырылды. Алдағы уақытта да спорттық шаралар өткізіледі. Бүгін міне бокстан жастар ойындары басталмақ. Өңірімізге бокс спортының жұлдыздары келді. Мұндай мықтылардың келуі жастарымызға – мотивация. Шаршы алаңда шын мықтылар шықсын. Баршаларыңызды спорт мерекесіне шақырамыз, – деді ол.

Мұнан соң Сидней Олимпиадасының күміс жүлдегері Мұхтархан Ділдәбеков сөз алды.

– Қызылордаға келмегеніме 10-15 жылдай болыпты. Қалада өзгеріс көп. Спорт саласына да лайықты көңіл бөлініп жатыр. Әр аймақта осындай дәрежедегі қолдау болу керек. Жастар ойындарына сәттілік тілейміз. Мүмкін осы жерге болашақ Олимпиада чемпиондары келген болар?! Біз де үнемі бақылап жүреміз. Бұл жерден чемпиондар шықпауы мүмкін емес, – деді Мұхтархан Қабыланбекұлы.

– Жастар ойындары жоғары деңгейде, әділ өтеді деген сенімдеміз. Жарыстың мақсаты – Олимпиада ойындарына резерв дайындау. Жастарға мүмкіндік жасауымыз керек. Үміт күтіп жүрген спортшы көп. Барлығы да сайдың тасындай іріктелген, – деді Мақсат Бақтыбазаров.

Ал Біржан Жақып жастарды көруге тәжірибесімен бөлісуге келгенін жеткізді.

– Жарыс сәтті болсын! Сыр елінде спорттың қарқынды дамуының арқасында олимпиада чемпиондары шығады деген үміттеміз. Жастар ойындары – ел спортының келешегі. Қатысушыларға сәттілік, ал жанкүйерлерге – жарқын әсер тілеймін, – деді ол.

Мұнан соң Галиб Джапаров жастар болашағымыз екенін атап өтті.

– Бұл ойындар – олар үшін үлкен мектеп. Әрбір жарыс – тәжірибе, әрбір қарсылас – сабақ. Мұндай жарыстар – тек медаль үшін емес, мінез үшін қажет. Жас спортшылар рингке шыққанда, тек қарсыласымен емес, өз қорқынышы, күмәні, әлсіздігімен күреседі. Ал нағыз жеңіс – сол ішкі күресте. Мықтылар жеңіске жетсін, – деді Галиб Джафаров.

Бокстан VI жастар ойындары басталды

Облыс әкімдігінің баспасөз алаңындағы өткен кездесуден соң көптен күткен жастар ойындарының ашылу рәсімі «Теннис» орталығында өтті. Іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Шахмардан Байманов, ҚР Туризм және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің «Спортты дамыту дирекциясы» РМК бөлім басшысы Бектұрсын Мырзабаев, Қазақстан Бокс федерациясының вице-президенті Мұхтархан Ділдәбеков, бокстан жастар арасындағы аға жаттықтырушы Мақсат Бақтыбазаров және бокстан Әлем чемпиондары Біржан Жақып, Джафаров Галиб, Олжас Оразалиев қатысты.

Байрақты бәсекенің ашылу рәсімінде облыс әкімінің орынбасары Шахмардан Байманов алғы сөз алып, жарыс қатысушыларына сәттілік тіледі.

– Аймақ басшысының қатысуымен Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай тұңғыш рет Кеңес Одағының батыры Тәйімбет Көмекбаевты еске алуға арналған грек-римнен халықаралық турнир және бәйгеден ҚР чемпионаты өтті. Бүгін мінекей, Сыр елінде тағы бір маңызды дода Бокстан VI Жастар спорт ойындары басталғалы отыр. Еліміздің әр өңірінен келген 500-ге жуық боксшы шаршы алаңда қолғап түйістіріп, күш сынаспақ. Сыр төрінде өтіп жатқан бұл айтулы жарыс – тек бокс бәсекесі ғана емес, достық пен татулықтың, қайсарлық пен рухтың мерекесі десек артық айтпаған болар едік. Жарыс қатысушыларына сәттілік тілеймін! Шын мықты жеңіске жетсін, – деді Шахмардан Асқарұлы.

Өз кезегінде Сидней Олимпиадасының күміс жүлдегері, Қазақстан бокс федерациясының вице-президенті Мұхтархан Ділдәбеков сөз сөйлеп, бүгінгі дүбірлі доданың маңыздылығына тоқталып өтті.

Сондай-ақ ашылу рәсімінде облыс әкімінің орынбасары құрметті қонақтарымыз әрі бокстан Әлем чемпиондары Жақып Біржан, Джафаров Галиб, Олжас Оразалиевке қазақтың дәстүріне сай сый-құрмет жасады.

Айта кетейік, батырлар бәсекесінде еліміздің барлық өңірінен 500-ге жуық спортшы бақ сынауда. Ал оларға 40-тан аса төреші қазылық етпек. Ал жас спортшылар сынға түсетін бәсеке жеті күнге созылады.

Нұр БАҚЫТ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!