Елімізде дене шынықтырумен айналысатындар саны 7,5 млннан асты. Спортқа бет бұрғандар көбейгенімен, инфрақұрылым жағдайы кері кетіп бара жатыр. Қазір 43 мыңға жуық спорт нысаны жұмыс істеп тұр. Оның 23 мыңы ауылдық жерде орналасқан. Алайда спортзалы жоқ мектеп әлі де көп. Оның үстіне дене шынықтыру мұғалімдері мен кәсіби жаттықтырушылар аз. Бұл сала серпілісіне кедергі жасайтыны анық. Үкімет бекіткен Дене шынықтыру мен спортты дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасында 2030 жылға қарай халықтың 50 пайызы саламатты өмір салтын ұстанады деген болжам бар. Осыған байланысты жуырда премьер-министр Әлихан Смайылов салалық министрлік пен әкімдіктерге осы бағыттағы жұмысты күшейтуді тапсырды.

– Спортты да­­мы­ту және саламатты өмір салтын наси­хаттау бағытында ауқымды жұмыс жүргізіп келе­міз. Алайда кейбір мәселе бойынша бір орында тұрып қалдық. Өкінішке орай, бізде дене шынықтыру мен спортты басқарудың тиімді біртұтас жүйесі жоқ. Бұл мәселе, әсіресе, жергілікті жерлерде өте өзекті. Спортты және саламатты өмір салтын насихаттаумен айналысатын мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдардың қызметін үйлестіру жұмыстарында кемшілік көп. Үкімет басшысы өңірлердегі саябақ­тарды, көшелерді, жағалаулар мен тұрғын үй аулаларын трена­жер­лармен, спорт алаңдарымен жабдықтауға ерекше назар аударуды талап етті. Одан бөлек, әлемдік тәжірибе ескеріле отырып, дене шынықтыру жаттықтырушылары мен мұғалімдерін даярлау жүйесі қайта қаралады, – дейді премьер-министр.
Оған қоса Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов республикада жыл сайын 1,2 млн адамды, оның ішінде ауылдың 500 мың тұрғынын қамтитын түрлі деңгейдегі 25 мыңнан астам бұқаралық спорттық іс-шара өткізілетінін хабарлады. Соңғы жылдары марафондар, велошерулер, отбасылық жарыс­тар, бұқаралық коньки тебу мен басқа да іс-шаралардың таны­малдығы артып келеді. Жалпы, бүгінде дене шынықтырумен және спортпен шұғылданатын адамдардардың саны 38%-дан асады.
Сонымен қатар елімізде 800-ден астам балалар мен жасөспірімдер клубы жұмыс істейді. Өткен оқу жылында қосымша білім беру бағдарламасы бойынша мектептерде 1,3 млн-ға жуық бала қамтылған 49 мыңнан астам спорт үйірмесі ашылды. Сондай-ақ мемлекеттік спорт тапсырысы шеңберінде биыл 190 мыңнан астам бала спорт үйірмелерімен қамтылған.
Министр Қазақстанда 43 мыңға жуық спорт нысаны бар екенін, оның 23 мыңнан астамы ауылдық жерлерде орналас­қанын айтты. Биыл 113 жаңа спорт нысанын салу, сондай-ақ 20 нысанды күрделі жөндеу және қолданыстағы 6 спорт нысанын қайта жарақтандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар қызмет көрсетіп тұрған мекемелерді түгендеу жұмыстары атқарылып, жөндеу ісі мен тиісті құрал-жабдықтар қажетті анықталып отыр.
Сонымен қатар бұқаралық спортты дамыту бойынша түрлі бағдарлама мен жобаға қарамастан, көптеген мәселе шешімін таппағынын атап өтті. Мәселен, ақпараттық кеңістікті мониторингтеу нәти­же­сін­де шілде айының өзінде сал­адағы проблемаларға қатысты халықтан көп шағым түсетіні анықталды.
Айта кетерлігі, премьер-министр спортзалдары жоқ мек­тептер тек шағын ауылдарда ғана емес, сонымен қатар ірі қалаларда да көп екенін сынады. Премьер-министр жұмыс істеп тұрған спорт нысандарының инвентаризациясын аяқтап, олардың қажетін айқындаудың маңыздылығын атап өтті.
Сондай-ақ Үкімет Дене шынықтыру мен спортты дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекітті. Оның аясында 2030 жылға қарай халықтың 50 пайызын дене шынықтыруға және спортпен шұғылдануға тарту міндеті тұр. Осыған байланысты Әлихан Смайылов салалық министрлік пен әкімдіктерге осы бағыттағы жұмысты күшейтуді тапсырды.
Үкімет басшысы өңірлерде саябақтарды, көше­лерді, жағалаулар мен тұрғын үй аулаларын тренажер­лармен, спорт алаңдарымен жабдықтауға ерекше назар аударуды талап етті.
Сөз соңында Әлихан Смайылов Мәдениет және спорт, Ғылым және жоғары білім, Оқу-ағарту министрліктері әлемдік тәжірибені ескере отырып, дене шынықтыру жаттықтырушылары мен мұғалімдерін даярлау жүйесін қайта қарауды тап­сырды.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!