Фото: RvS.Media/Monika Majer/Getty Images

Хоккейден Чехия ерлер құрамасы әлем чемпионатының финалында Швейцария командасын жеңді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.

Әлем чемпионатының финалдық матчы Прагада (Чехия) өтті және 2:0 есебімен жарыс қожайындарының пайдасына шешілді. Жеңімпаздар сапынан Давид Пастрняк (50-минутта) пен Давид Кампф (60-минутта) шайба соқты.

Чехия құрамасы тарихта жетінші мәрте және 2010 жылдан бері алғаш рет әлем чемпионатының жеңімпазы атанды (1996, 1999, 2000, 2001, 2005, 2010, 2024). Команданың еншісінде бір күміс және алты қола жүлде бар.

Ал ешқашан әлем чемпионатында жеңіске жетпеген швейцариялықтар төртінші мәрте күміс медаль еншіледі. Бұл құрама төрт рет екінші, сегіз рет үшінші орын алған.

Әлем чемпионатының қола жүлдесі Канададан басым түскен Швеция командасына бұйырды.

Қазақстан ұлттық құрамасы В тобында 6-орынға тұрақтады. Сондай-ақ жалпы кестеде Франция, Ұлыбритания және Польшадан озып, 12-орынға жайғасты.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!