KAZINFORM – Бүгін UEFA Чемпиондар лигасы плей-офф кезеңінің алғашқы ойындары өтті.

Плей-офф кезеңінің бірінші ойын күнінде жанкүйерлер испаниялық «Реал Мадрид» пен «Бенфика» клубтарының кездесуіне ерекше назар аударды. 

Екі команда негізгі кезеңде де шеберлік байқасқан еді. Ол жолы португалиялық клуб 4:2 есебімен басым түсіп, плей-офф кезеңіне берілген соңғы жолдаманың біріне ие болған еді. 

Кездесу тағдырын жалғыз гол шешті. Оны 50-минутта испаниялық клубтан Винисиус Жуниор өзінің еншісіне жазды. 

Осылайша «Реал Мадрид» қарсыласынан 1:0 есебімен басым түсті.

Бұл турдағы өзге ойындарда түркиялық «Галатасарай» Италияның «Ювентусін» 5:2, франциялық «Пари Сен-Жермен» сол елдің тағы бір өкілі «Монаконы» 3:2, «Боруссия Дортмунд» «Аталантаны» 2:0 есебімен тізе бүктірді.

Енді 18 ақпаннан 19-на қараған түні «Карабах» (Әзербайжан) – «Ньюкасл Юнайтед» (Англия), «Олимпиакос» (Грекия) – «Байер» (Германия), «Брюгге» (Бельгия) – «Атлетико Мадрид» (Испания), «Будё-Глимт» (Норвегия) – «Интер Милан» (Италия) жасыл алаңға шығады.

Қарымта ойындар 24 және 25 ақпан күндеріне белгіленген.

Ал негізгі кезеңде үздік сегіздікке іліккен «Арсенал» (Англия), «Бавария» (Германия), «Ливерпуль» (Англия), «Тоттенхэм Хотспур» (Англия), «Барселона» (Испания), «Челси» (Англия), «Спортинг» (Португалия), «Манчестер Сити» (Англия) клубтары бірден ширек финалға жолдама алады.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!