Өткен аптада Чемпиондар лигасының жартылай финалдық ойындары өтті. Мадридтік «Реал» мюнхендік «Бавариядан» айласын асырды. Ал дортмундтық «Боруссия» «ПСЖ-ға» қарсы қанша аутсайдер саналғанымен, екі ойында да жеңіске жетіп, биылғы кәрі құрлық турнирінің алғашқы финалисі атанды.

Маусымның 2-сі күні «Уэмбли» алаңында неміс клубы мен испан клубы бір-бірімен текетіреспек. «Реал Мадрид» 15-ші мәрте кубокты иелене ме, әлде Марко Ройстың соңғы маусымында «аралар» қалқанқұлақ кубокты сыйға тарта ма? Әркімнің пікірі әрқалай, дегенмен әзірге фаворит – мадридтік клуб болып отыр.

«Боруссия Дортмунд» пен «ПСЖ» арасындағы ойын көптің қызығушылығын тудырды. Себебі бұл екі команда бұған дейін топтық кезеңде екеуара ойын өткізген еді. «Боруссия» париждік клубты маусым басында жеңе алмап еді, плей-оффтағы ойын «аралар» үшін реванш есебінде болды. Бір жағынан Бундеслигада жарыстан шығып қалғанын ескерсек, дортмундтық команданың биылғы чемпиондар лигасынан үміті мол.

Алғашқы ойын Германияда болды. Дәлірек айтсақ, Дортмунд қаласындағы Идуна Парк алаңында. Немістер ойын бойы басымдылық көрсетті. Әсіресе Матс Хуммельс бастаған қорғаныс шебі өте сауатты ойнады. Мбаппе, Дембеле және Баркола француз үштігін «қалталарына салды» десек, артық айтпаймыз. Фюлькругтың салған добы дортмундтық клубқа жеңіс әкелді. Қарымта матчқа көптеген басылым әртүрлі пікір айтты. Бірақ көпшілігі париждік клубты әдеттегідей фаворит санады. Дегенмен Парк де Пренсте өткен матч Мбаппе бастаған жігіттердің пайдасына шешілмеді. Екінші матчта да «аралар» минималды 1-0 есебімен жеңісті жұлып әкетті. Ойынның екінші таймында қарт қорғаушы Матс Хуммельс есеп ашып, табло сол күйі қалды.

Келесі қарсылас жұп – «Реал» мен «Бавария». Қос клуб арасындағы «роман» футбол жанкүйерлеріне белгілі. Бұл екі команда бұған дейінгі маусымдарда да текетіресіп жүрген командалар. Алғашқы ойын тең аяқталды. Есеп – 2:2. Тартысты ойында Винисиус Жуниор дубльмен көзге түсті. Ал қарсылас командада Харри Кейн мен Лерой Сане ерекшеленді. Тең тарқасқан қос клуб өзара жеңімпазды екінші ойында анықтауға шешім қабылдады. Кезекті ойын «Бавария» ойлағандай болмады. Бәріміз білетіндей, ақ жейделілер Сантьяго Бернабеуде магия жасауға құмар. Бұл жолы да ойынның 88 минутына дейін жеңіліп тұрып, кенеттен испандық шабуылшы Хоселудің дублі арқасында жеңіске жетті. Реал 15-ші кубокке бір адым жақын. Дегенмен «араларды» да есептен шығаруға болмайды. Мінезді қос команданың өзара ойыны қай жанкүйерді болсын қызықтырып отырғаны анық.

Мадияр БАҚЫТБЕК,
Қорқыт ата атындағы Қызылорда
университетінің студенті

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!