УЕФА Чемпиондар лигасының жартылай финалында ағылшындық “Арсенал” футбол клубы француздық “ПСЖ” командасымен жолықты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Кеше Лондонда орналасқан «Эмирейтс» стадионында 2024/25 жылғы маусымның Чемпиондар лигасы жартылай финалының алғашқы матчы өтті. «Арсенал» мен «Пари Сен-Жермен» (ПСЖ) кездесіп, қонақтар 1:0 есебімен жеңіске жетті.
Ойынның жалғыз голын 4-минутта Усман Дембеле соқты. Оған голдық пас берген — Хвича Кварацхелия.
«Арсенал» есепті теңестіруге тырысқанымен, Ляндро Троссар мен Габриэль Мартинелли сынды ойыншылардың шабуылдарына қарамастан, ПСЖ қақпашысы Джанлуиджи Доннарумма өз қақпасын голдан аман сақтап қалды.
Жауапты матч 7 мамырда Париждегі «Парк де Пренс» стадионында өтеді. «Арсеналға» финалға шығу үшін бір голдық айырмашылықты жою қажет. Финал ойыны Мюнхенде өтеді.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!