Сыр өңірі – таланттылардың мекені. Ел спортының даңқты тұлғаларын түлеткен Қызылорда бүгінде Олимпиада, Әлем, Азия жеңімпаздарын даярлайтын ұстаханаға айналды. Әлем жұрты бүгінде Сыр спортшыларын фаворит ретінде санайды. Иә, бәйгеде бабы келіскен, даярлығы кемел жүйрік озады. Десек те дүбірлеген додаларда жүлде салып,  жұлдыз болған саңлақтарды жанын салып баптап, «чемпион» шығарған бапкерлердің маңдай тері мен ізденісі көзге көріне бермейді. Білікті бапкер болмаса спортшы қанша жерден талантты болса да, бәсекенің биік сатысына көтеріле алмасы анық.  Ендеше, үлкен спортқа еңбегі сіңіп, сан түрлі жеңімпазды шығарған жаттықтырушыларды  газетіміздің әр санында оқырман назарына ұсынуды жөн санадық.

Еркетай Иманбай – тоғызқұмалақтан дүниежүзінің 9 дүркін чемпионы Әсел Дәлиеваның, әлемнің 3 мәрте чемпионы Хәкімжан Елеусіннің, әлем чемпионатының 2 дүркін күміс жүлдегері Фарида Әуесбаеваның, Қазақстан конфедерациясы кубогының жеңімпазы Төлеген Құлышевтың және басқа да мықты спортшылардың жаттықтырушысы. Тоғызқұмалақтың компьютерлік бағдарламасын жасап, 4 адам ойнайтын тақта ойлап тауып, «Құмалақ санау жүйесі» атты ғылыми еңбек жазған маман. Білікті бапкер белігілі спорт журналисі Қыдырбек Рысбектің  «Қазақтың 90 бапкері» атты  жинағына енген. Жаттықтырушы туралы тың дерек аталған жинақтан алынды.

Ол – қалыпқа сыймайтын бапкер. Көп жаттықтырушылар тәрізді алдына келген баладан чемпион шығарамын деп, таңның атысы, күннің батысы жаттығудың соңында жүрмейді. Бір иығын рухани дүниеге, екінші иығын спортқа тіреп, таразының екі басын теңеп отырады. Еркетай бапкер үшін шәкірттерінің ең әуелі дұрыс адам болғаны маңызды. «Адамға ең керегі – иман, иман мен ұят бір-біріне ілесе жүреді». Еркетай Иманбайдың өмірдегі басты ұстанымы осы. Ерекеңнің рухани ұстазы – Абай. Абайды көп оқиды. Абай армандағандай, оқушыларының да «толық адам» болғанын қалайды. Сондықтан шәкірттерінің жан дүниесі иманмен, рухани нәрмен сусындаса, олардың ішкі байлығы тым жұтаң болмаса дейді.

Еркетай Иманбай әріптесі Досым Омаровпен бірлесіп, «Тоғызқұмалақ ойынының философиялық негізі» атты кітап жазды. Ендігі мақсаты – Абайдың тоғызқұмалақшылығы туралы зерттеу еңбегін жарыққа шығару. Тоғызқұмалақтың шығу тарихынан бастап, оның құрылымын, тереңдігін, логикасын, сандық ерекшеліктерін қамти отырып, бұл ойын Абай Құнанбайұлын несімен баурады, неге қызықтырды, деген сауалға жауап іздеп көрмекші. Бапкер Абай атасы тоғызқұмалақтың қатпарына дендеп бойлаған тұста «толық адам» туралы ойларын әбден пісірген тәрізді, деп пайымдайды. Жаһандық аренаға шыққаннан бері тоғызқұмалаққа құмартушылар саны жер шарының әр қиырында жыл санап көбейіп келеді. Халықаралық Iggamecenter.com зияткерлік ойындар сайты арқылы басқа ойындарға қарағанда, тоғызқұмалаққа қызығушылар мен ойнаушылар қатарының уақыт өткен сайын арта түсуі, тіпті шахмат пен дойбыға қарағанда ойыншылардың басым болуы – ең әуелі тоғызқұмалақтың күрделілігі мен тереңдігінде және тартымдылығында жатқаны анық. «Алмас қылыш қын түбінде жатпайды» демекші, есте жоқ ескі дәуірде алаш топырағында тұсауы кесілген ақылды ойынның жалпақ дүниеге мәшһүр болып, бес құрылықтың ойлы адамдарын баурап әкетуі – ұлттық мәдениетіміздің мерейі әрі мәртебесі екені даусыз. Біле білсек, тоғызқұмалақ – қазақ халқының әлемдік мәдениетке қосқан сүбелі үлесі, өзіндік қолтаңбасы. Ал осынау ғажап зияткер ойынның әлем бойынша қазіргі таңдағы серкелері кімдер десеңіз, олар Еркетай Иманбайдың қос шәкірті – классикалық тоғызқұмалақтан дүние жүзінің 5 дүркін чемпионы Әсел Далиева мен дүниежүзінің 3 мәрте чемпионы Хәкімжан Елеусін.

1994-2015 жылдары Қызылорда облысында тоғызқұмалақ жаттықтырушысы болып қызмет атқарған Еркетай Иманбай осы кезеңде 24 спорт шеберін, 4 халықаралық дәрежедегі спорт шеберін және Қазақстан Республикасының 2 еңбек сіңірген спорт шеберін баптап шығарды. Еркетай Әлкенұлының командасы Қазақстан чемпионаттары мен халық ойындарында бірнеше рет командалық есепте жеке-дара шықты.

Мұның бәрі тақыр жерден өсіп шыққан жоқ. Еркетай Әлкенұлы Абай атасы айтқандай, табиғатынан зейінді. Ол 1963 жылы Қызылорда қаласындағы Ыбырай Алтынсарин атындағы орта мектепті алтын медальмен бітірсе, 1969 жылы Алматыдағы Қазақ политехникалық институтының автоматика және есептегіш техника мамандығын қызыл дипломмен тәмамдады. 1981-1984 жылдары Мәскеу қаласындағы бүкілодақтық ауылшаруашылығын электрлендіру ғылыми-зерттеу институтының аспирантурасында білім алды. Информатика мен компьютер бағытында көп ізденіп, елеулі жетістіктерге жеткені өз алдына бөлек әңгіме, сонымен қатар республика бойынша тоғызқұмалақтан алғаш компьютерлік бағдарлама түзген еңбегін де айта кету керек, яғни жаратылысынан есеп-қисапқа жүйрік, әу бастан ғылымға жақын.

Еркетай бапкердің жемісті еңбегінің бірі – Әсел Далиева. Көзі мөлдіреген Әсел қызын кішкентайынан тоғызқұмалаққа баулыды. Алғыр, ұғымтал бала әкесінің жанында құлдыраңдап жүріп тақта үстіндегі 162 құмалақтың сырына қаныға түсті. Екеуі аптаның алты күнінде таң бозынан үйден шығады да, қас қарая кешкі асқа бір-ақ келеді. Сондағы күн тәртібі мынадай: жаттығу, сабақ, үстел теннисі. Еркетайдың зайыбы Нәзира қызының бір мезгіл үй шаруасына араласқанын қалайды. Бірақ тоғызқұмалақ пен тенниске әбден көңілі ауған Әсел демалыс күні болмаса, қалған уақытта әкесінен қалмайды. Әсел әкесі тәрізді математика мен алгебрадан қамшы салдырмай оқыды. Осы қасиетінің арқасында тоғызқұмалақтың сан қырлы қатпарларын, қым-қиғаш теңдеулерін терең меңгере бастады.

Әселдің тарихи жеңістері көпшілік назарынан тыс қалмай, ол «100 жаңа есім» жеңімпаздары қатарынан орын алды. Әсел әлемдік деңгейдегі айтулы тоғызқұмалақшы болумен қатар осы саланың зерттеуші-сарапшысы болуға да талаптанып жүр. Бұған дәлел ретінде оның құрастыруымен қазақ, түрік, ағылшын, орыс тілдерінде жарық көрген «Шеберлер талдауы» және «Тоғызқұмалақтың 2018 жылғы таңдаулы партиялары» атты екі еңбегін атауға болады.

Қысқасы, Еркетай Иманбай жаңашыл, ізденімпаз маман. Ол кісі бір мезгілде төрт адам ойнайтын тоғызқұмалақ ойлап тауып, соның алғашқы патентін заңдастырып алды. Бұған қоса «Құмалақ бағалау жүйесі» атты жаңалығына да патент берілді.