Белгілі боксшы Данияр Елеусінов былтыр қараша айында намибиялық Джулиус Индонгоны екінші раундта техникалық нокаутпен жеңіп, жартылай орта салмақта IBF Inter-Continental чемпионы ваканттық белбеуін иеленіп, Алаш жұртын қуанышқа бөлегенін көпшілік әлі ұмыта қойған жөқ. Осы жеңісінен кейін қазақ боксшысы да BoxRec рейтингінде бірден 39-орыннан 26-орынға көтерілді.
Бүгінде Данияр кез келген қарсыласпен жолығып, әлем чемпионы атағына таласуға дайын.
– Осы жылы маған рейтинг көтеретін кездесулер өткізу керек. Оның бәрі материалдық тұрғыдан біраз қаражатты қажет етеді. Бастапқы кезде мен асығыс шешім қабылдауды ойлаған жоқпын. Кәсіпқой бокстың қыр-сырын түсініп алуды, өз салмағымдағы қарсыластарымды зерттеп алуды ойладым. Тәжірибе жинауға болатын қарсыластармен жекпе-жек өткіздім. Уақыт өте деңгейіміз артып келе жатыр. Қараша айында кездескен қарсыласым Индонгоның өзі 63,5 келі салмақ дәрежесінде екі-үш белбеудің иегері болған. Оларды Эдуард Трояновский, Рики Бёрнс, Теренс Кроуфордтан алды. Оның жеңісіне бастапқы кезде көбі сенбеген. Бірақ Индонго мықтылығын көрсетті. Маған ең қауіпті деген қарсылас сол болды. Бірақ аталған жекпе-жекте менің асығым алшысынан түсті. IBF, WBO тұжырымы болсын, рейтингте жоғары тұрған қарсыластармен кездесуді жоспарлап отырмыз. Сергей Липинец, Кастио Клейтон, Кэита Обара сынды боксшылардың қай-қайсысы да үздік боксшылар. Алдағы уақытта осылардың арасынан лайықты қарсыласты промоутеріммен бірге таңдаймыз. Қарсыласым, жекпе-жектің уақыты мен өтетін жері әлі нақтыланған жоқ. Жаңалық болса, бөлісуге асықпын, – деді Данияр.
Жуырда Asianboxing.info сайты қазақстандық боксшы 2021 жылы кездесуі мүмкін былғары қолғап шеберлерінің тізімін жариялады. Ол жерде де Сергей Липинец, Давид Аванесян, Кастио Клейтон, Йорденис Угас және Шон Портер сияқты орта салмақтағы үздік боксшылар бар. Ал Данияр Елеусіновтің (10-0,6 КО) промоутері Эдди Хирн оның қашан рингке оралатынын айтты.
– Данияр осыған дейінгі жекпе-жегінде Индонгомен жақсы айқас өткізіп, сенімді түрде жеңіске жетті. Енді ол үлкен жекпе-жектерге дайындалып жатыр. Данияр өз салмағында кез келген боксшы үшін қауіпті қарсылас саналады. Кейінгі кездесуінде ринг төрінде қалай атой салғанын өздеріңіз де көрдіңіздер. Амандық болса қазақстандық боксшы сәуірде рингке оралады, – деді Хирн.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!