Фото: ҰОК
Демеу Жадыраев грек-рим күресінен Париж олимпиадасының күміс жүлдегері атанды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Демеу Жадыраев Париждегі олимпиада ойындарының финалында ұтылып, күміс жүлдегер атанды. 77 келі салмақта сынға түскен балуанымыз финалда жапондық балуан Нао Кусакамен белдесіп, 5:2 есебімен ұтылып қалды. Осылайша Жадыраев Қазақстан құрамасына екінші күміс жүлдені салды. Демеу Париж олимпиадасының алғашқы айналымда колумбиялық Хаир Куэроны айқын басымдықпен ұтса, ширек финалында жарыстың басты фавориті, қырғызстандық әлем чемпионы Ақжол Махмұдовпен белдесіп, 3:1 есебімен басым түсті. Ал жартылай финалда екі дүркін әлем чемпионатының күміс жүлдегері, әзірбайжандық Санан Сулеймановті 6:1 есебімен ұтты. Сөйтіп, Демеу грек-рим күресінен Қазақстан құрамасындағы жүлде алған жалғыз балуан атанды.
Айта кетейік, бұған дейін 87 келіде сынға түскен Нұрсұлтан Тұрсынов ширек финалда Жан Беленюктен ұтылып, жарыс жолынан шығып қалған еді.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!