Футболдан әлем чемпионатының іріктеу кезеңінде өнер көрсеткен Қазақстан құрамасының нәтижесінен кейін Мәжіліс депутаттары елдегі аладоптың жайына шүйліге бастады. Депутаттардың футболды сынға алуы бірінші рет емес. Мәжілісте мәселені көтерген Қазыбек Иса Қазақстан футболын сынап түрлі факт келтірген еді. Қоғамды резонансқа ұшыратқан тақырыпты талдап көрсек.
Депутаттың айтуынша, «Футбол федерациясының бас хатшысы біз бюджеттен қаражат алмаймыз, 200 миллион теңге ғана алдық деп жауап берді. Ал жеңілістің себебі жақсы футболшылардың тапшылығы дейді. Федерация бюджеттен көп ақша алмаймыз дейді, бірақ миллиардтарды осы федерацияға кіретін кәсіпқой клубтар облыс әкімдіктері арқылы алып жатыр. Соңғы үш жылда облыстық әкімдіктердің кәсіпқой клубтарға бөлген қаржысының өзі аз емес – 111,2 миллиард», – дейді Қазыбек Иса.
Әлемдік тәжірибеде футбол клубы федерацияға кіріптар деуге болмайды. Ол заңды түрде мүмкін емес. Сол секілді әр облыстағы клубтар өз алдына бөлек ұйым. 1-2 миллиард бюджетті 10 айда игеріп, ішкі чемпионатта 7-8 орын алып жүрген командалар бар. Демек, осындай қаржы бөліп, жергілікті футболдың дамуын қадағалай алмай отырған әкімдіктер барлық жауапкершілікті өз мойнына алуы тиіс. Сондықтан депутат мырзаның сыны сәл түсініксіздеу. Оның ойынша Қазақстандағы клубтар тікелей Қазақстан футбол федерациясына бағынып, үкіметтен алған бюджетін сонда апарып тапсыратындай сезіледі. Бұл қисынға келмейтін дүние. Бұл сынды халық қалаулысы облыс басшылықтарына жолдауы тиіс.
«Ақ жол» партиясынан сайланған депутат легионерлер мәселесіне де шүйлігіпті. Айтуынша, премьер-лигадағы 370 футболшының 150-і – легионер. Оған бірінші лигадағы 16 футболшыны қосса, барлығы 166 легионер болады деген. Ал шынтуайтына келгенде биыл Қазақстан футбол лигаларында ойнаған легионерлер саны – 114 (Премьер-лигада – 103, Бірінші лигада – 11). Мақұл делік, сандардан қателік кеткен шығар, алайда легионерсіз футболды елестету қазір мүмкін емес екенін кез келген жанкүйер түсінеді. Еуропаның футболына көз жүгіртсеңіздер, бәрі бір-бірінің біріншілігіне ауысып, легионер болып жүре береді. Легионерлер болғаннан кейін жергілікті футболшылардың сапасы артатыны да белгілі. Себебі бәсекелестік болмаса футболшы жеке шеберлік тұрғысында дамымасы анық.
Депутат болған соң халықтың мұңын айтып, мәселе көтергені әлбетте құптарлық. Бірақ айтылған сын шашыраңқы. Тек бір орынды пікір байқадық. Соның бірі – стадиондар жағдайы. Өзбекстан 10 стадион салғанын айтып, Қазақстанда жаңадан салынған стадион саны небары екеу ғана депті. Иә, бұл әлбетте солай. Футбол ойнау үшін бірінші алаң керек, кәсіби деңгейге көтеріліп, футболы дамыған елдермен терезесі тең ойнау үшін стадион қажет. Бұл пікірмен ешкім сөз таластыра қоймас. Қазақстанда соңғы отыз жылда 2 стадион ғана салынған. «Астана Арена» мен «Түркістан Арена».
Бұл жерге Қостанай қаласындағы «Тобыл Арена» жабық манежін де қосуға болады. Дей тұрғанымен, бұл төмен көрсеткіш. Сондықтан да әрбір қалада заманауи стадиондар бой көтеруі тиіс. Оны мемлекеттік бағдарлама аясында жүзеге асырмаса, бұл елдегі федерацияның да, облыстағы футбол клубының да қолынан келмесі анық.
Е.ШӘРІБЕК
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!