Ғасырдан аса тарихы бар ел футболының мерейлі сәтін ұлттар лигасынан көрдік. Еуропа чемпионатының жолдамасына мүмкіндік сыйлайтын турнирді Могамед Адиев шәкірттері қарқынды бастады. Топтық кезеңнің төрт ойынынан он ұпай еншілеген ел құрамасы топтық кезеңді қорытындылады.

Алдымен «Астана арена» стадионында Беларусь құрамасын қабылдаған жерлестеріміз қарсыластарын 2:1 есебімен ұтып, тарихи жеңісті тіркеді.
Статистиканы сабақтасақ, Қазақстан мен Беларусь футболшылары бүгінге дейін бес мәрте ресми матч өткізіп, соның төртеуінде қонақтардың мерейі үстем болған еді. Тек бір кездесуде ғана екі елдің құрамасы тең тарқасқан. 2009 жылдан бері Қазақстан құрамасына «Брест қамалына» айналған Беларусь қорғанысы сыр берді. Екіншісі, осы бір тамаша жеңістен кейін Магомед Адиев басшылығындағы біздің құрама 13 ұпай жинап, «С» дивизионының үшінші тобында жеке-дара көш бастады. Бұған дейін қазақстандық футболшылар УЕФА және ФИФА аясында өткен бірде-бір турнирде өз тобында топ бастап көрмеген еді.
Аталған жеңіс Қазақстан құрамасына топтағы Әзербайжанмен өтетін соңғы ойынның нәтижесіне қарамай-ақ, келесі жылдан бастап «В» дивизионында ойнау мүмкіндігін сыйлады. Тарқатып айтар болсақ, «В» дивизионында Еуропа құрлығының орта деңгейлі 16 құрамасы 4 топқа бөлініп ойнайды. Әр топтың жеңімпазы келесі жылы өзара плей-офф бәсекесін өткізеді. Сөйтіп, төрт мықтының арасынан қара үзіп шыққан екі құрама 2024 жылғы кәрі құрлық біріншілігінің финалдық кезеңіне жолдама алады.
30 мыңға жуық жанкүйер тамашалаған елордадағы матчта Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Магомед Адиев маусым айындағы ойындарда алаңға шыққан негізгі құраммен салыстырсақ, аса көп өзгеріс жасай қойған жоқ. Қақпаны әдеттегідей Игорь Шацкий қорғаса, қорғаныста Әліп, Малый, Марочкин, Габышев, Вороговский бестігі ойнады. Жартылай қорғаныста Тағыберген, Дарабаев, Зайнутдинов пен Оразов өнер көрсетсе, шабуылда Беларусь қақпасына гол соғудың шебері Абат Айымбетов ойнады.
Кездесудің алғашқы таймы Қазақстан құрамасының басымдығымен өткенімен, командалар үзіліске тең нәтижемен шықты. 24-минутта Аслан Дарабаевтың есепті ашатын тамаша мүмкіндігі болған еді. Алайда Беларусь қақпашысы қырағылық танытып, қақпасын голдан аман сақтап қалды. Бірақ арада бес минут өткенде қорғаушы Михаил Габышев бәрібір қарсылас команданың қақпасынан саңылау тауып, ұлттық құраманы есепте алға шығарды – 1:0. Өкінішке қарай, жігіттер бірінші таймда есептегі басымдықты сақтап қала алмады. Бірінші таймға қосылған қосымша минутта Беларусь құрамасы айып добынан гол соғып кетті. Сөйтіп, бірінші тайм 1:1 есебімен тең аяқталды.
Үзілістен кейін де қазақстандық футболшылар шабуылдарын бір сәтке де тоқтатқан жоқ. 60-минутта алғашқы голдың авторы Михаил Габышев дубльдің авторы атану мүмкіндігін мүлт жіберіп алды. Қорғаушы мен қақпашыны алдап өткенімен, соңғы сәтте допты еркіне бағындыра алмады. Кейіннен Рамазан Оразов пен Абат Айымбетовте де есепті еселейтін бір-екі мүмкіндік болған еді. Олар да соңғы сәтте дәлдік таныта алмады. Екінші таймның белортасына жеткенде матч кішкене саябырсығандай болды. Сөйтіп, ойынды күшейту мақсатында Магомед Адиев алаңға тың ойыншыларды шығара бастады. Мәселен, бірінші голдың авторы М.Габышевтің орнына Бағдат Қайыров шықса, Рамазан Оразовтың орнын Эльхан Астанов басты. Арада көп уақыт өтпей бұл өзгеріс өз нәтижесін берді. Беларусь қақпасының маңындағы келесі бір қарбалас сәтте Бақтиер Зайнутдинов жеке шеберлігінің арқасында Беларусь қақпасына екінші голды соғып кетті. Бұл – жартылай қорғаушымыздың ұлттық құрама жейдесіндегі 22-ойынындағы мерейлі оныншы голы болды.
Матч соңына қарай Беларусь футболшылары есепке өзгеріс енгізетін бірнеше қауіпті шабуыл ұйымдастырды. Қақпашы Игорь Шацкийдің шеберлігі болмағанда ойын тең есеппен аяқталуы әбден мүмкін еді. Абырой болғанда қонақтар қақпамызға бір голдан артық доп соға алмады. Сөйтіп, екі құраманың Астанада өткен екінші кездесуі Қазақстан құрамасының тарихи жеңісімен аяқталды.
Қазақстан құрамасы Ұлттар лигасының топтық кезеніңдегі соңғы ойында Әзербайжанмен кездесті. Бакудегі “Далга Арена” стадионында өткен матч 3:0 есебімен аяқталды.
Ойынның 35-минутында Қазақстан құрамасының қорғаушысы Нұралы Әліп екінші ескерту қағазын алып алаңнан қуылды. Бас бапкер көп ойланбай, шабуыл шебінде жүрген Абылайхан Жұмабектің орнына Сергей Малыйды шығарды. Матчтың 66-минутында Александр Марочкин өз қақпамызға гол соғып алды. Сегіз минуттан кейін Филип Озобич Шацкий қақпасынан саңылау тапты. Ал 91-минутта Анатолий Нуриев кездесудің нүктесін қойды.
Осылайша Адиев шәкірттер Бакудегі жеңіліске қарамастан 13 ұпаймен өз тобында бірінші орынды иеленді және келесі маусымда В лигасында өнер көрсететін мүмкіндікке ие болды.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!