WBO ұйымы 2026 жылдың қаңтарына арналған жаңартылған рейтингін жариялады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Аталмыш тізімде Жәнібек Әлімханұлы 72,5 келіге дейінгі орта салмақтағы чемпиондық атағын сақтап отыр.
Бұдан өзге қазақстандық боксшылардан екінші орта салмақта Әли Ахмедов 15-орынға тұрақтаған. Ал екінші жартылай орта салмақта Сұлтан Зауырбек 14-орынға, Бек Нұрмағанбет 10-орынға жайғасқан.
Айта кетейік, Жәнібек Әлімханұлы 2025 жылы желтоқсан айында WBA чемпионы Эрисланди Ларамен үш чемпиондық белбеуді біріктіру жекпе-жегіне шығуға тиіс болған.
Алайда VADA жүргізген допинг-сынамада мельдоний анықталғандықтан, айқас өтпей қалды.
Кейін Әлімханұлының командасы спортшы допинг қолданбағанын айтып, екінші сынама тапсырды. Бірақ “B” сынамасында да ағзасында допинг бар екені расталды.
Осы жағдайдан кейін спортшының чемпиондық атағына қауіп төнуі мүмкін деп айтылды. Дегенмен қазіргі уақытта Жәнібек Әлімханұлына қатысты ресми шешім әлі қабылданған жоқ.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
