KAZINFORM — Қазақстандық теннисші, 21 жастағы Арысланбек Айтқұловтың антидопинг ережелерін бұзғаны анықталды. 

Теннис әділдігін қамтамасыз ету жөніндегі халықаралық агенттігінен (ITIA) таралған мәліметке қарағанда, одан 2024 жылдың қаңтарында алынған сынамадан тыйым салынған LGD-4033 және метилгексанамин табылған. 

Арысланбек Айтқұлов ағзасына тыйым салынған заттардың байқаусызда түскенін дәлелдей алмады. 

Әлемдік рейтингіде 2023 жылы қарашада 1 250-орынға дейін көтерілген қазақстандық теннисші 2024 жылы қаңтарда Дохадағы ITF турнирі кезінде сынама тапсырған. Оның қанынан тыйым салынған заттар табылғаннан кейін теннисші уақытша жарыстан шеттетілген.

Биылғы 30 маусымда қашықтан тыңдалым болып, тәуелсіз трибунал Арысланбек Айтқұловты жарыстарға қатысудан 4 жылға шеттетті. Ойыншы қатысқан турнирлердің оған қатысты нәтижелері, тапқан табысы мен рейтингілік ұпайларының күші жойылады.

Шеттету мерзімі 2024 жылғы 23 наурыздан басталып, 2028 жылы 22 наурызда аяқталады. Осы уақытта қазақстандық теннисшіге кез келген теннис шараларына қатысуға, ойнауға және жаттығу жасауына тыйым салынады. 

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!