Қазақстанда дамып келе жатқан спорт саласының бірі – дзюдо. Жас таланттар түрлі сайыста топ жарып, ел абыройын асқақтатуда.
Мәселен, Дидар Хамза, Мағжан Шамшадин, Гусман Қырғызбаев, Нұрлыхан Шархан Аруна Жангелдин секілді спортшылар отандық дзюдо мектебінің жаңа дәуірін қалыптастыруда.
Елдегі дзюдошылардың біліктілігінің нәтижесінде Қазақстандағы додалар әлем назарына ілігіп келеді. Әрбір жарыс жаңа сипат алып, мамандардың оң пікіріне ие болуда. Сондай айтулы жарыстың бірі – Бекет Махмұтовты еске алуға арналған Азия кубогы. Биыл аталған сайыс халықаралық дзюдо федерациясының күнтізбесіне еніп, жеңімпаздар мен жүлдегерлерге рейтингтік ұпай берілді.
«Бұл жолы турнирге 700-ге тарта спортшы қатысты. Бірнеше күнге созылған тартысты бәсекеде Қазақстан құрамасы турнирді жалпы медальдық есепте бірінші орынмен аяқтады. Біздің жас дзюдошылар 7 алтын, 6 күміс және 14 қола медаль жеңіп алды. Алғашқы үштікке Өзбекстан мен Қырғызстан командалары да кірді.
Жарыстың жеңімпаздары мен жүлдегерлері рейтингтік ұпайларға ие болды. Халықаралық дзюдо федерациясының (IJF) ережелері бойынша чемпиондар 100 ұпай, күміс жүлдегерлер 60 ұпай, қола жүлдегерлер 40 ұпай алу керек. Бұл ұпайлар спортшыларға Әлем чемпионатына іріктеу жарыстарына қатысуға мүмкіндік береді», – дейді Мәдениет және спорт вице-министрі Сәрсен Құранбек.
Расында, биылғы бәсекеге 11 елден 700-ге жуық спортшы жиналды. Нәтижесінде ұлттық құрамадағы жасөспірім қыз-жігіттер 27 медаль жеңіп алды. Оның 9-ы – алтын. Әсіресе, Нұрбол Асқар, Нұрлан Исатаев, Еркебұлан Орынбаев, Еділ Ерболұлы, Шерхан Алпанов және Досбол Балғабайлар қарсылас шақ келтірмеді. Қыздар арасында Зере Өтепқали, Сәулемай Сағитжан және Гүлдана Теңгелбаевалар жеңімпаз атанды. Осының арқасында жалпыкомандалық есепте бірінші орынға тұрқатадық. Үздік үштікті Өзбекстан мен Моңғолия түйіндеді.
Сонымен қатар, Азия кубогы аясында төрешілерге арналған халықаралық семинар-емтихан өтті. Нәтижесінде қазақстандық 3 маман, яғни Самат Сапишев, Николай Ивановқа IJF континенталды судьясы атағы берілсе, Асхат Жіткеев сынақты сәтті тапсырып, халықаралық дәрежедегі төреші атанды. Бұл – қазақстандық төрешілердің тың тәжірибе мен жаңа білім-білік алуының жалғасы. Бұған дейін де көптеген жаттықтырушы мен төреші халықаралық деңгейдегі маман есебінде мойындалғаны бар.
«Дзюдошыларымыз Азия кубогында үздік нәтиже көрсетті. Жеңімпаздарға рейтингтік ұпай берілетін болғандықтан осал қарсылас болған жоқ. Жас спортшылардың жетістіктері отандық дзюдо күресі дұрыс бағытта дамып жатқанын және болашағы зор екенін көрсетеді. Елімізде аталған спорт түріне ерекше көңіл бөлінеді. Мәселен, жаңа әрі қолжетімді спорт нысандарын салып жатырмыз. Сондай-ақ дзюдо өте жоғары деңгейде дамыған Франция сияқты елдерден жаттықтырушы-кеңесшілерді жиі шақырамыз. Спортшыларымызды жетістіктерімен құттықтаймын және болашақта оларға бұдан да жоғары нәтижелер тілеймін», – деді Сәрсен Құранбек.
Айта кетейік, биыл кадеттер мен жастар арасында Бекет Махмұтовты еске алуға арналған дзюдодан Азия кубогы алтыншы мәрте өткізілді. Жарысқа 2006-2007 және 2003-2005 жылғы спортшылар қатысты.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!