Жазғы спорт түрлерінен Түркияда V Ислам ынтымақтастығы ойындары аяқталды. 10 күнге созылған байрақты бәсекеге 55 елден 4 мыңнан аса спортшы қатысты. Олар 24 спорт түрі бойынша 355 жүлдені сарапқа салды. Солардың қатарында Қазақстан құрамасы да бар. Жалпы саны 89 (27 алтын+23 күміс+39 қола) жүлдеге қол жеткізген жерлестеріміз Исламиаданың командалық есебінде бесінші орынға табан тіреді.

Жарыстың соңғы күні каратэден +61 келі салмақ дәрежесінде күш сынасқан София Берульцева Қазақ елінің Әнұранын шырқатты. Токио Олимпиадасының қола жүлдегері және Дүниежүзілік ойындардың жеңімпазы болған София Коньяда бас жүлдені олжалады. 61 келі салмақтағы Әсел Қанай қолаға қол созды. Ол тек өзбекстандық Зулхумор Турсыналиева мен түркиялық Гульбанар Гезютоктан ғана қалып қойды. Тағы бір қоланы тунистік Вефе Манжуб еншіледі.

Спорттық гимнастшылар сайысында Аида Бауыржанова еркін жаттығуда алтын, томарда күміс және бөренеде қола медальді иеленді. Осыған дейін 3 алтын, 1 күміс және 1 қола медальді қоржынға салған кикбоксшылар тағы да өз жанкүйерлерін қуантты. Бұл жолы лоу-киктен Берік Ысқақов қарсылас шақ келтірмесе, Нұрдәулет Қалшора мен Шара Хамзина үшінші орынға табан тіреді.

Жекелеген спортшылар арасынан Рената Сұлтанованың айы оңынан болды. 24 жастағы велошабандоз аталған жарыста үш рет алтын жүлдеге қол жеткізді. Ол жеке сайыста, скретчте және омниумда алдына жан салмады. 50 және 100 метрге баттерфляй әдісімен жүзген Әділбек Мусиннің де мерейі үстем болды. 400 метрлік қашықтықты 44,94 секундта жүгіріп, Михаил Литвин Қазақстанның рекордын жаңартты. Ауыр атлеттер сайысында Айзада Мүптілда қоссайыстың қорытындысы бойынша 266 (116+150) келілік зілтемірді еңсеріп, жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді. Айзаданың бағындырған салмағы – Исламиаданың рекордын жаңартты.

Сонымен қатар жүзуші София Әбубәкірова (50 метр, баттерфляй) мен Аделаида Пчелинцева (50 метр, брасс), велотрекші Әлішер Жұмахан (жеке сайыс) мен Артём Захаров (омниум), гимнастшылар Аида Бауыржанова мен Елжана Тәниева, каратэші Қайсар Алпысбай, зілтемірші Арли Чонтей мен Зүлфия Чиншанло, әйелдер күресінің шебері Елена Шалыгина мен спорттың кейбір түрлері бойынша өткен командалық бәсекеде отандастарымыз алтын алып, барша жанкүйерді қуантты. Бұл жарыста барлығы 125 өреніміз спорттың 16 түрі бойынша бақ сынады.

Жалпы есепте Түркияға тең келер ешкім болмады. 341 (145-107+89) жүлде олжалаған жарыс қожайындары жарыс кестесінде жеке-дара көш бастады. Өзбекстан екінші орынды иеленді. Көршілеріміз 158 (51+42+65) медаль еншіледі. Үшінші орында – Иран. Парсы елінің өкілдері 133 (39+44+50) жүлдеге қол жеткізді. Төртінші сатыға жайғасқан Әзербайжанның қоржынында 99 (29+36+34) жүлде бар. Бесінші орында – Қазақстан. Сондай-ақ ТОП-10 команданың қатарына Марокко (15+13+34), Индонезия (13+14+29), Бахрейн (9+7+7), Қырғызстан (8+8+15) және Алжир (7+12+23) құрамалары енді. Исламиа­дада барлығы 18 мемле­кеттің әнұраны шырқалып, 34 елдің туы көкте желбіреді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!