Фото: ktf.kz
KAZINFORM – Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина ТОП-10-дағы теннисшілермен матчтағы жеңіс сериясын 12-ге жеткізді.
Қазақстандық теннисшінің бүгін Индиан-Уэллс WTA 1000 турнирінің жартылай финалында әлемнің 9-ракеткасы, украиналық Элина Свитолинаны қапы қалдырғаны белгілі.
Осылайша, Е.Рыбакинаның жеңіс сериясы өткен жылғы қазан айында болған Нинбо (Қытай) WTA 500 жарысынан бері жалғасып келеді. Онда қазақстандық спортшы жартылай финалда италиялық Жасмин Паолиниді ұтқан еді.
Жалпы, алғашқы ондықтағы ойыншылармен 63 кездесудің 36-сында Е.Рыбакина қарсыластарынан басым түскен.
OptaAce сайтының мәліметіне қарағанда, Елена сонымен қатар 2009 жылы WTA 1000 форматындағы жарыстар басталғаннан бері Индиан-Уэллс пен Майами турнирлерінің финалына бірнеше рет шыққан теннис тарихындағы үшінші ойыншы атанды. Бұған дейін мұндай нәтижеге әлемдік рейтингінің бұрынғы көшбасшылары ресейлік Мария Шарапова мен белоруссиялық Виктория Азаренко ғана жеткен.
Елена Рыбакинаның әлемнің 1-ракеткасы, белоруссиялық Арина Соболенкомен Индиан-Уэллстегі финалдық матчы Қазақстан уақытымен 15 наурыз күнгі сағат 23.00-ге белгіленген.
Бүгін дәл осы мерзімде Қазақстанның жұптық сындағы бірінші ракеткасы Анна Данилина сербиялық Александра Круничпен бірге соңғы бәсекесін өткізеді. Олардың финалдағы қарсыластары – чехиялық Катержина Синякова – америкалық Тейлор Таунсенд. Егер А.Данилина чемпион атанса, онда әлемдік рейтингіде екінші орынға көтеріледі.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!