Сырда велоспорттың қарқыны тұралап, Марат Сатыбалдиев пен Сергей Капустинның жетістігін жалғайтын шабандоздар жоқтың қасы еді. Жақында Үндістанда үміт оянып, Аслан Силықбек қос аңыздың жолын қайта жалғады. Нью-Делиде жерлесіміз жеңімпаз атанып, Сыр спортының жарқын көрінісін байқатты. Азияны бағындырған шабандозды туған жерге келісімен әңгімеге тарттық.
– Аслан, Азия чемпионатындағы алтын жүлдең құтты болсын! Алтын оңай келмегені анық…
– Рақмет, жарыс жоғары деңгейде өтті. 4 шақырымды құрады. Азия біріншілігіне ұзақ мерзімде дайындық жүргіздік. Нұр-Сұлтан қаласында оқу-жаттығу жиындары бірнеше айға созылды. Одан бөлек Парижде әлем кубогына қатысып, өз-өзімізді қамшылап алдық. Парижде көрсеткішке қарағанда физикалық күш қуат жинауымыз маңызды болды. Бапкердің тапсырмасына сәйкес барлығын сәтті жүзеге асырдық. Үндістанға баруымыздың өзі қызық болды. Бірден бара салмадық. Алдымен іріктеу болды. 8 велошабандоз Нұр-Сұлтан қаласында дайындалдық. Бас бапкер Тимур Харисов сегіздің ішінен алтауын қалдырды. Жарыс таяған сәтте тағы біреуімен қоштасуға тура келді. Солай 5 жүйрік Азияға аттандық.
– Үндістанда адаптация қалай қалыптасты?
– Дұрыс айтасыз, спортшылар үшін адаптация өте маңызды. Климат ауыстыру кейбіреуіне оң нәтиже берсе, кейбіреуіне керсінше. Сондықтан адаптацияға қатты көңіл бөлеміз. Үндістан Азияда орналасқандықтан қатты әсер етпеді. Ауа-райына жылдам бейімделіп кеттік.
– Велотрек сайысы командалық эстафетадан тұратыны белгілі. Үндістанда дәл осы командалық сайыстан топ жардың. Жабық аренадағы жарысқа тоқталайықшы…
– Командамыз 5 спортшыдан жасақталды. Оның біреу қосалқы құрамда болды. Негізгі құрамнан бірі жарақат не болмаса сырқаттанып қалса соның орнын басатын болды. Ал негізгі құрамда Максим Тарскин, Илья Карабутов, Вадим Белугинмен бірге өнер көрсеттік. Іріктеу сынында сүрінбедік. Іріктеу кезеңдерде жарысты бірінші бастап жүрдім. Бұл командалық жарыста күрделі кезең болып есептеледі. Бар ауыртпашылықты мойныма алып, финалға өтуге барымды салдым. Ал финалда мәрені аяқтайтын қорытынды шабандоздың қызметін атқардым. Кореядан 3 секундқа алға шығып, жеңімпаз атандық. Үздік үштікті жарыстың қожайындары түйіндеді. Жалпы елге еңбектің арқасында абыроймен оралдық.
– Асланды алда қандай жарыстар күтіп тұр?
– 23 шілдеде Нұр-Сұлтан қаласында ел біріншілігі өтеді. Сол біріншілікте бағымды сынап көруге бел байлап отырмын. Қазір жеке бапкерім Берік Көпешовпен дайындықты бастап жатырмын. Ел чемпионаты 4 кезеңнен тұрады. Соның скритч сайысы өзімнің оң жамбасыма жақын. Сол кезеңнен ел чемпионы болуды көздеп отырмын. Әрине, оңай болмасы анық. Үндістанда бір командада өнер көрсеткен Максим, Илья, Вадим әріптестердің барлығы негізгі қарсыласым болады (күліп). Сондықтан ел чемпионаты да тартысты өтетіні айқын.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!