Фото: parlam.kz

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев бюджеттен шетелдік спортшыларға ақша бөлінбейтінін айтып, халықтан сүйінші сұрады. Оның айтуынша, тиісті заң нормасын үкімет қолдаған.

Депутат Нартай Сәрсенғалиев, біріншіден, легионерлерге 1 тиын бермейтін заң нормасын үкімет қолдағанын айтты.

Екіншіден, ол адам естімеген спорт түрлеріне ақша беріп келген министрліктің шешімі де тоқтатылып, 180 спорт түрі қысқартылатынын атап өтті.

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне дене шынықтыру және спорт, сондай-ақ нормалардың артық (шамадан тыс) заңнамалық регламенттелуін болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңының 49 бабы:

бірінші бөлігі: «Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын спортшыларды бюджет қаражаты есебінен қаржыландыруды жүзеге асыруға тыйым салынады”;

екінші бөлігі: «Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын спортшыларды квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қаражаты есебінен қаржыландыруға жол берілмейді», – деп жазылды.

Сонымен қатар 49-баптың 6-тармағына (Дене шынықтыру мен спортты қаржыландыру) сәйкес жазылады. Онда Бюджет қаражаты есебінен қаржыландыру мынадай бағыттар бойынша жүзеге асырылады:

1. жоғары жетістіктер спорты, оның ішінде спорттың басым түрлері;

2. мемлекеттік спорт ұйымдарының жұмыс істеуі;

3. бұқаралық спорт;

4. спорттық инфрақұрылымды дамыту», – деп жазды депутат желідегі парақшасында.

Еске салайық, бұған дейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев Париж олимпиадасындағы спортшылар мен бапкерлерді салтанатты жиында жетістіктерімен құттықтап, шетелдік спортшыларға азаматтық беруді доғару керек екенін айтты. Оның айтуынша, кез келген легионер ұлттық құрамаға шақырту алғысы келетін жас әрі болашағынан көп үміт күттіретін атлеттеріміздің жолын кеседі. Одан гөрі қазір бізде дамуы кенжелеп тұрған спорт түрлерінен мықты шетелдік бапкерлерді тарту мүмкіндігін қарастырған жөн деді мемлекет басшысы.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!