Токио Олимпиадасынан кейін ел боксшыларына біршама сын тағылғаны белгілі. Ел егемендік алғаннан бастап қатысқан Олимпия ойындарында былғары қолғап шеберлері алтынсыз қайтпаған еді. Жапонияда үкілеп қосқан шаршы алаңның майталмандары жолдан жаңылды. Небәрі қос қоламен Қазақстанға қайтты. Тіпті құраманың тең жартысы нокдаун алып, жанкүйерлер жаға ұстарлық жағдайға жетті. Сәтсіз сайысқа бокс федерациясы түрлі анализ жасауда. Бақтияр Артаев кәсіпқой боксшыларды құрамаға тарту идеясын ұсынса, 2000 жылы Сидней Олимпиадасында білікті бапкер болған Тұрсынғали Еділов Артаевтың ұсынысы тым артық деп баға берді. Бекзаттай батырды, Ермахандай алыпты чемпион қылған жаттықтырушы еліміздің бүгінгі боксына шолу жасады.
Кемшілік көп
Бұл жолы әдеттегідей төрт жыл емес, бес жыл бойы тағатсыздана күткен Олимпия ойындарында біздің боксшылар дәл осылай сүреңсіз өнер көрсетеді деп ешкім де ойлаған жоқ. Тек біз ғана емес, шетелдіктердің өздері де аң-таң. Қазіргі кезде Қазақстан боксын дамыту үшін мемлекет тарапынан қыруар қаржының жұмсалып жатқаны белгілі. Осы саланың басы-қасында жүрген ауқатты азаматтар да ақшаны аяп жатқан жоқ. Бір сөзбен айтсақ, боксшылардың еш алаңсыз дайындалуына қолайлы жағдайдың барлығы жасалған. Бірақ спорттың бұл түрінде ілгерілеу байқалмайды. Керісінше, кері кетіп бара жатқандаймыз. Қазақстан секілді бокс өнерінде бай дәстүрі бар іргелі мемлекет үшін қос қола дегеніңіз тым нашар көрсеткіш. Соған қалай күйінбейсің?! Кезінде бізде мұндай жағдайдың бірі де болмады. Әйтеуір, әркімге алақан жайғандай болып, қарыз сұрап, өз жыртығымызды өзіміз жамап жүрдік. Соған қарамастан зор белестерді бағындырдық. Сөз орайы келгенде ұзақ жылдар бойы отандық боксты өрге сүйреген іскер басшы Бекет Махмұтовтың ерен еңбегін ерекше атап өткім келеді. Әрбір жарыстың нәтижесі үшін ең бірінші кезекте ұлттық құрама бапкерлері жауап беруге тиіс. Дайындық жұмысын жүргізу барысында көптеген кемшілік кеткенін айтар едім. Біріншіден, менің бір байқағаным, оқу-жаттығу жиындары тым жиі өткізілді. Оның қажеті бар ма, жоқ па, оған мән берген ешкім болған жоқ. Сол саны көп, сапасы аз жиындар спортшыларды қатты қажытты. Мәселен, жыл басынан бері ұлттық құрама мүшелері Куба мен АҚШ-та, одан кейін Ресейдің Кисловодск қаласында даярланды. Айналайындар-ау, осыдан бірнеше жыл бұрын Алматының дәл іргесінде керемет олимпиадалық база салынды ғой. Ол жердің табиғаты керемет, ауасы саф таза. АИБА-ның базасында еш алаңсыз жаттығу үшін барлық жағдай бар. Анда-мында сандала бергенше, сол жерде неге даярлана бермеске? Екіншіден, Олимпия ойындарының басталуына екі айдан кем уақыт қалғанда еліміздің бірінші нөмірлі боксшыларын Азия чемпионатына қатыстырдық. Оның не қажеті болғанын әлі де түсіне алмай отырмын. Дубай жақын жер емес. Оның үстіне ол кездері Парсы шығанағында күн күйіп тұрды. Осы жағдай ескерілмеді. Құрлықтық деңгейдегі додаға қосалқы құрамдағы жігіттерді апарса да, ештеңеден ұтылмайтынымыз анық. Ал негізгі күшімізді Олимпия ойындарына сақтау керек еді.
Боксшылардың жанарында
от жоқ
Боксшылардың Токиоға шаршап-шалдыққан күйі келгені бірден байқалды. Шыны керек, шаршы алаңда ешқайсысы көсіліп өнер көрсете алмады. Олардың қимыл-әрекеттеріне қарап, дәл бір елішілік жарыстарда күш сынасып жүргендей әсерде болдық. Команда мүшелерінің дені дәл сондай күйде болды. Мәселен, 81 кило салмақтағы Бекзат Нұрдәулетовті алайық. 2019 жылғы әлем чемпионатында оның қалай жұдырықтасқанын көрдіңіздер. Әр жекпе-жекке жұлқынып шығып, барлық қарсыласын сыпыра ұтты. Тіпті Кубаның даңқты боксшысы Хулио Сезар де ла Крустың өзін есеңгіретіп тастады. Биыл Санкт-Петербургте өткен «Губернатор кубогы» жолындағы жарыста да тамаша бабында болды. Финалда ринг қожайыны Имам Хатаевты жеңді. Бәсеке барысында қарсыласын нокдаунға жіберді. Бірақ Олимпиадада біз мүлде басқа Бекзатты көрдік. Ең өкініштісі, Токиода ол дәл сол Хатаевқа есе жіберді. Бәсеке барысында қандасымыздың бойынан жеңіске деген зор құлшынысты байқамадық. Бұл жерде қорытынды біреу ғана – Олимпиаданың алтын тұғырына көтерілуге тиіс боксшыны біз ең маңызды жарысқа әбден шаршатып әкелдік. 69 кило салмақтағы Абылайхан Жүсіповтің де күш-қуаты кеміген, жанарында от жоқ. Осыдан екі жыл бұрын Екатеринбургте өткен әлем чемпионатының жартылай финалында ол ресейлік Андрей Замковоймен өте жақсы жұдырықтасты. Тіптен жеңісті біздің жігітке де беруге болатын еді. Ал Олимпиаданың тұсаукесер кездесуінде Жүсіпов есімі көпшілікке беймәлім америкалық Деланте Джонсоннан ойсырай ұтылды.
Кәсіпқойларға үміт артудың қажеті жоқ
Кәсіпқойлар ұлттық құрама мүшелерімен тәжірибе бөлісіп, көмектесу үшін келсе, бұл – құптарлық іс. Ал ел намысы сынға түсетін байрақты бәсекелерде кәсіпқойларға үміт артудың еш қажеті жоқ. Оның өзіндік себебі бар. Біріншіден, жоғарыдағыдай қадамға бару арқылы мәселе түбегейлі шешілмейді. Кәсіпқойларға арқа сүйегеннен гөрі, өзіміз әрекет етуміз керек. Қазіргі кезде республикамыздың әр қиырында көптеген спорт мектебі мен мамандандырылған интернаттар бар. Сол жерде мыңдаған жас жеткіншек жаттығып, талай бапкер еңбек етіп жүр. Солардың арасынан дарынды жастарды іздеп тауып, оларды жақсылап баптап, дұрыс бағыт беруіміз керек. Олай етпесек, жоғарыда айтылған мектептер мен интернаттарды мемлекеттің есебінен қаржыландырудың не қажеті бар? Онда ол мекемелерді жаба салайық! Екіншіден, ескі жүйеден арылу қажет. Ол үшін жасөспірімдер мен жастар буынынан бастап, ұлттық құрамадағы дайындық процесін оңтайландыруға тиіспіз. Жұмыс нәтижелі болу үшін жаңашыл көзқарас, жаңа буын, жаңа леп қажет. Үшіншіден, үлкен аренада өзін мойындатып үлгерген кәсіпқойлардың әуесқойлар арасында күш сынасуға келісе қоюы екіталай. Өйткені олардың өз жоспарлары мен алға қойған мақсаттары бар. Ал ол жақта көптің бірі болып, ілініп-салынып жүргендердің бізге еш қажеті жоқ. Төртіншіден, кәсіпқой мен әуесқой бокс арасында айырмашылық өте көп. Тіптен екеуін екі түрлі спорт десек те болады. Екі жақта да жұдырықтасып жүрген жігіттер оны жақсы біледі. Тіптен мықты деген кәсіпқой боксшының өзі әуесқой рингте өзін түбегейлі мойындата алмауы мүмкін. Менің айтар уәжім осы.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!