Фото: ашық дереккөзден

Қазір әлем жұртшылығының назары Германияда футболдан өтіп жатқан Еуропа чемпионатында. Екі аптаға жуық уақыт бұрын басталған доп додасына кәріқұрлықтың 24 үздік құрамасы жиналған. Турнир 14 шілдеге дейін жалғасады.

Ойындар Германияның Берлин, Дортмунд, Дюссельдорф, Майндағы Франкфурт, Гельзенхиркен, Гамбург, Кёльн, Лейпциг, Мюнхен, Штутгарт секілді қалаларында өткізілуде.

Бүгінде ел тұрғындары аңызға айналған аяқдопшылардың бәсекесін тікелей эфирде «Qazaqstan » және «Qazsport» телеарналарынан тамашалауда.

«ҚазАқпарат» ақпарат агенттігінің хабарлауынша, Еуропа чемпионатына ең көп ойыншы жіберген командалардың көшін «Манчестер Сити» (Англия) және «Интер» (Италия) бастап тұр. Екі команда құрамынан 13 футболшыдан құрлықтық бәсекеде өз елдерінің намысын қорғайды.

Ал Transfermarkt. de сайты құрлықтық додаға қатысатын құрамалар сапындағы ең қымбат футболшылар тізімін жариялады.

Бірінші орынды Джуд Беллингем (Англия) және Килиан Мбаппе (Франция) өзара бөлісіп тұр. Олардың құны – 180 миллион еуро. Сондай-ақ үздік бестіктегі Фил Фоден (Англия) – 150, Букайо Сака (Англия) – 140, Флориан Вирц (Германия) 130 миллион еуроға бағаланған.

Қалайша Еуропада футбол осынша жоғары деңгейде дамыған? Неге әлем елдері басқа құрлыққа қарағанда Еуропа чемпионатына ерекше назар аударады. Бұл сұрақтардың жауабын журналист Руслан Меделбек тарқатып жазды.

– Бірінші себеп – Еуропа футболындағы жоғары бәсеке. FIFA рейтингінде ТОП-10 елдің сегізі – Еуропадан. Чемпионатта әлем осы елдердің тартысына назар аударады. Еуро доданы бейресми «Бразилия мен Аргентинасыз өтетін әлем чемпионаты» деп те атайды.

Екіншіден, Еуропа футболында ақша көп. Әлемдік брендтер, ірі компаниялар Еуропадағы футбол турнирлеріне ақша салып, жарнама жасағысы келеді. Нәтижесінде, Еуропа чемпионатының жүлде қоры басқа құрлыққа қарағанда көп. Мысалы Еуропа чемпионы болған ел 31 млн доллар алса, Азия чемпионы болған ел 5 млн доллар табады.

Үшіншіден, Еуропадағы Италия, Англия, Испания, Германия, Франция чемпионаттары әлемде үздік саналады. «Реал» мен «Барселонаның», «Манчестер сити» мен «Ливерпульдің», «Милан» мен «Ювентустың» тартысына бүкіл әлем назар аударады.

Төртіншіден, әлемнің үздік футболшыларының арманы – Еуропада ойнау. Мұнда ойыншылар арасында да бәсеке жоғары. Әлемнің мықты футболшысы алатын «Алтын доп» та еуропалық клубтардың ойыншыларына ғана берілген. Мысалы, 8 рет «Алтын доп» иеленген аргентиналық Месси бұл марапатты «Барселона» ойыншысы ретінде алды.

Бесіншіден, Еуропадағы футбол инфраструктурасы мен стадиондары сапады. УЕФА сапасы нашар стадиондарда мүлде ойнатпайды. Бұған қоса Еуропадағы барлық елде футбол ең танымал спорт болып саналады. Міне, осы факторлар Еуропада футболды танымал етіп тұр, – дейді ол.

Сан жанарды жаулаған спорттық доданың ерекше болуының ең негізгі себептері осы болса керек. Бұған түн ұйқысын қиып футбол тамашалайтын жанкүйерлер не дейді екен?

А.НҰРТАЙҚЫЗЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!