Фото: ашық дереккөзден

14 маусым және 14 шілде күндері күллі футболсүйер жұртшылықтың назары көгілдір экранда. Басты себеп – 4 жылда бір келетін футболдан «ЕУРО-2024» чемпионаты. 1960 жылдан бері әр төртжылдық сайын өтетін Еуропа чемпионатын әр футболсүйер жанкүйер тағатсыздана күтеді. Соңғы рет 2020 жылы өткен додада Италия құрамасы Англиямен тартыста пенальти сериясымен оза шығып, жеңіске жеткен болатын. Ал биылғы ЕУРО-2024 қалай өтуде?

Германияда өтіп жатқан турнирді ұйымдастыру үшін 16 федералды штаттың 10 қаласы таңдалды. Чемпионат мына стадиондарда өтуде: Мюнхен стадионында – 67 мың, Берлинде – 70 мың, Кельнде – 47 мың, Дортмундта – 66 мың, Дюссельдорфда – 47 мың, Франкфуртта – 48 мың, Гельзенкирхенде – 50 мың, Гамбургте – 50 мың, Лейпцигте – 42 мың және Штутгартта 54 мың орын қарастырылған.

Аламан доданың финалы 14 шілде күні Германияның астанасы Берлиндегі 70 мың орын қарастырылған Олимпиадалық стадионда өтеді. Айта кетейік, Германия 1972 жылдан бастап Еуропа чемпионатының барлық финалдық турниріне қатысып, 1972, 1980 және 1996 жылдары үш рет Еуропа біріншілігінде жеңіске жеткен еді.

Іріктеу кезеңіне 24 команда қатысып, оның 20-сы ЕУРО-2024- ке жолдама алған болатын. Одан бөлек, үш команда 2024 жылдың 21-26 наурызы аралығында 12 команданың қатысуымен плей-офф кезеңіне жолдама алды. Дегенмен Қазақстанның футболдан ұлттық құрамасы бұл чемпионатқа қатысу мүмкіндігінен айырылып қалған еді. Іріктеу кезеңінде Грециямен сынға түскен ұлттық құрама 0:5 есебімен жойқын жеңіліс тапты.

Маусым айында бастау алған биылғы турнирдің 1/8 кезеңіне 16 команда өтіп, плей-оффқа жолдама алды. Атап айтсақ: Испания, Грузия, Германия, Дания, Португалия, Словения, Франция, Бельгия, Румыния, Нидерланд, Аустрия, Түркия, Англия, Словакия, Швейцария және Италия.

Плей-оффқа шыққан құрамалар арасындағы тартыстан ширек финалға 8 ел өтті. Олар: Испания, Германия, Португалия, Франция, Нидерланд, Түркия, Англия және Швейцария. Аталған реттілікпен құрамалар жартылай финалда (1/4 кезеңде) бақ сынау үшін тартысқа түсетін болады.

Биылғы ЕУРО күтпеген жаңалықтарға толы өтуде. Мәселен, бұған дейін плей-офф кезеңіне шықпаған Грузия құрамасы биыл топ жарып, Португалия құрамасын 0:2 есебімен ұтты. Осы нәтиже көрсеткішімен олар плей-оффқа ЕУРО тарихында тұңғыш рет жолдама алды. Грузия құрамасынан Георгис Микаутазде, Хвича Кварацхелия шабуылшылары ерекше көзге түсіп, қақпашы Георги Мамардашвили көпшілікті таңғалдырды. Олар үздіктер қатарынан табыла білді. Бір қызығы, Хвича Кварацхелияның футболдағы кумирі – Криштиану Роналдо. Бала кезінен оған қарсы ойнап, жейдесін сыйлыққа алғысы келген ол осы чемпионатта арманына жетті. Португалия құрамасының қақпасына гол соққаннан кейін кумирінің тойлау үлгісін қайталап, көпшілікті таңғалдырды.

Ал үміт күттірген, әдетте фаворит деп танылатын Франция құрамасы екі автогол және бір пенальти голымен ширек финалға жол тартты. Әлеуметтік желі қолданушылары Еуро-2024-тегі «ең үздік шабуылшы – автогол» деп әзілдесуде. Расымен, бұл чемпионатта 7 автогол соғылды. Бұған дейін рекорд ЕУРО-2020-да болды. Ол кездегі автогол саны – 11.

Бүгінде ең үздік бомбордирлер Гагпо Коди (3 гол), Джамал Мусиала (3), Шранц Иван(3), Георгис Микаутазде (3) және Джуд Беллингем (2) деп танылуда. Бұл – алғашқы бестік. Сондай-ақ Испания құрамасының жас ойыншысы Ямал Ламини ЕУРО тарихындағы ең жас ойыншы атанды. Оның жасы небәрі 16-да, десекте футбол алаңында үздік ойын көрсетіп, бірнеше голдың соғылуына тікелей себепкер атанды. Бұл қатарға түркиялық Арда Гюлерді де қоссақ болады. Жас болса да, қақпаға гол соғып, бірнеше ассист жасады. Бұл мақтауға тұрарлық жетістіктер.

Ал аты аңызға айналған, соккер тарихындағы ең үздік футболшылардың бірі Криштиану Роналдоның чемпионатта асығы алшысынан түспей тұр. Оған қоса ол бұл ЕУРО-2024 кәсіби футболшы мансабындағы соңғы чемпионаты екендігін жария етті. Дүйсенбі күні өткен матчта көзіне жас алған Роналдо көптеген футбол фанатының жүрегін ауыртқаны сөзсіз. Алайда Португалия құрамасы ширек финалға жолдама алды. Словения құрамасымен тартыстағы матчтың негізгі және қосалқы уақытында гол сала алмаған португалиялықтар пенальти сериясында қатарынан 3 голды жібермей, ширек финалда Франциямен тайталасатын болады. Португалия құрамасының қақпашысы Диего Кошта үздік ойыншы деп танылды. Сондай-ақ ЕУРО тарихында 3 пенальти сериясын жібермеген тұңғыш қақпашы атанып, рекорд орнатты.

– Олар Криштиану Роналдоны жылатты. Мен бұны өзіме қабылдадым, қарсыластың бетін қайтаруға шешім қабылдадым. Артық ештеңе жоқ, біз ¼ кезеңдеміз, – деді Португалия құрамасының негізгі қақпашысы Диего Кошта.

Тартысты өтіп жатқан ЕУРО-2024-тен күтеріміз көп. Алаңда ала доппен үздік шыққан командалар 5 шілдеден бастап жартылай финалға жолдама алу үшін тартысатын болады.

Қорлан САРЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!