Ермұхаммед МӘУЛЕН:

– Ераға, Қазақстан футбол федерациясына қызметке келгелі 1 жылға жуықтапты. Бүгінде федерацияның отандық тілге ойысқанын байқап жүрміз. Бұл әу бастан келе жатқан мәселенің бірі еді…

– Иә, ақпан айында Қазақстан футбол федерациясының қоғаммен байланыс департаментіне қызметке орналастық. Келе салысымен ең бірінші өзгеріс  тілден басталды. Себебі қазақ футболы қазақша сөйлеуі керек. Бұл әлі де үлкен мәселе. Кешенді жұмыс. Бірнеше жылдарды қажет етеді. Наурыз айында Қазақстан мен Франция матчының баспасөз мәслихаты 100 пайыз қазақ тілінде өтті. Бұрын-соңды болмаған оқиға екен.  Бас бапкер Талғат Маруаұлы мен Асхат Тағыбергеннің қатысуымен сұхбат құрдық. Таң қалатыны, 1992 жылдан бері Ұлттық құрама қаншама кездесу өткізгенімен бірде-бір баспасөз мәслихаты қазақша  өтпеген. Міне, ең басты күйінетін нәрсеміз осы. Сол олқылықтың орнын толтырып, тарихи жиын өткізгеніме қуанамын әрине. Қазақ футболында есімімді қалдыру үшін әлі де еңбектенемін. Тіпті стадионда қойылатын әндерге де араласуыма тура келді. Патриоттық, рух сыйлайтын 21 әнді таңдап, футболшылар мен жанкүйерлерге жігер сыйладық деп ойлаймын.

Еуропалықтар қазақ тіліне қанық болады

– Украинаның Олимпийский стадионында диктордың қазақ тілінде хабарлағанын естіп, ет жүрегіміз елжірегені жасырын емес. Тіпті отандық футболшыларға диктордың сөздері жігер сыйлағаны анық. Мұндай сәтті Әлем чемпионаты аясындағы іріктеу матчтарында Еуропа ареналарынан ести аламыз ба?

– Украинадағы жағдай қызық болды. Украинаға келе салысымен УЕФА-ның делегаттарымен жолығып, стадионда диктордың қазақ тілінде сөйлеуге мүмкіндігі бола ма деп сұрадым. Қонақ болғандықтан талап етуімізге болатынын делегаттардан білдік. Талапты қойдық. Бірақ Украина тарапы «бізде орыс тілін жақтыртпайды, мүмкін қоспай-ақ қойсақ қайтеді» деп жауап қатты. Сонда қарсы бағытқа сұрақ қойып, біз Қазақстаннан келдік, өзіңіздің не айтқаныңызды ұқтыңыз ба деп едім. Түсінгендей болып: «Кешіріңіз Украина мен Қазақстан 30 жылдан аса футбол одақтасы  болып келеді. Қазақстандағы матчтардың барлығы орыс тілінде өткендіктен айтып едім» деді. Киевтегі елшілігімізбен байланысып, Политехникалық университеттің 4 курс студентін диктор қылдық. Ендігі жоспарым: 4 қыркүйекте Финляндия, 7 қыркүйекте Босния құрамаларына қонаққа барамыз. Сол кезде осы бір көріністі қайталауға жұмыс істеймін. Еуропалық футбол жанкүйерлері қазақ тілінің біраз сөзіне қанық болады.

Еуропалықтар қазақ тіліне қанық болады

– Осыдан сегіз жыл бұрын берген  сұхбатыңызда кенже қалған спорттың бірі – футбол деген екенсіз. Әлемдегі №1 спорт түрі елімізде әлі де сіз ойлағандай ма?

– Иә, 2013 жылы берген сұхбатымда осылай дегенмін. Сол уақыттан бері өзгергені шамалы. Өзге спорт түрлеріне қарағанда дамып кетті дей алмаймыз. Бізде негізгі спорт түрі – бокс. Кез келген өңірге барсаңыз, бокс секциялары жақсы дамыған. AIBA Талғардан бокс академиясын салды. Инфраструктурасы футболға қарағанда едәуір дамыған. Күрес, жекпе-жек сарайлары қаншама?! Елімізде екі-үш спорт түрі қатты дамып жатыр. Ал футболда мұндай қарқынды байқай алмай отырмыз. Футбол картасына қарасақ, тек оңтүстік өңірлерде даму бар. Қазір алғашқы орында – Тараз футбол мектебі тұр. Қаншама таланттарды шығаруда. Жалпы Тараздың тарихы терең. Сейілда Байшақов, Вайт Талғаев, Вахид Масудов, Нүркен Мазбаев секілді аңыз футболшыларды шығарды. Мұның жалғасы ретінде Ұлан Қонысбаев, Бауыржан Исламхан, Елдос Ахметов, Бауыржан Байтана, Еркебұлан Сейдахмет, Артур Шушеначев, Бақтияр Зайнутдиновты көріп жүрміз. Шымкент, Алматы, Қызылорда өңірлерінде де алға жылжу байқалады. Солтүстікке барсаңыз, инфраструктураның ұшқыны да байқалмайды. Жазда доп тебетін жер табылғанымен қыс мезгілінде бірде-бір алаң жоқ. Міне қазақ футболының халі осындай.

Еуропалықтар қазақ тіліне қанық болады

– Федерацияға келгелі сыни тақырыптағы жазбаларыңыз байқалмайды. Мұны қызметпен байланыстыра аламыз ба?

– Әлбетте, жасыратын несі бар, қазір Қазақстан футбол федерациясында жұмыс істеймін. Youtube арнамнан бірнеше клбутарды сынап, оқырманға бейнематериалдар ұсындық. Сонда клуб басшылары федерацияға хабарласып, ренішін жеткізген. Біздегі менталитет сынды қабылдай алмайды. Әлсіз тұстарын жеткізсек, жаманатты болатынымыз бар. Дегенмен қандай қызметті атқарсам да алаңның сапасы, стадионның нашар болуы, инфраструктураның жоқ екенін жеткізуден жалықпаймын.

Еуропалықтар қазақ тіліне қанық болады

– Талғат Маруаұлы ұлттық құрамаға келгелі үш ойын өткізді. Біреуінде тең түстік, екеуінде, өкіншке қарай, жеңілістің кермек дәмін таттық. Тағайындалған бапкердің қызметін қалай бағалайсыз?

– Талғат Маруаұлы 2016 жылдан бері Ұлттық құраманың жай-жапсарын жақсы біледі. Сол жылы тізгінді қолға алып, әлемдік рейтингте жағдайымыз біршама жақсарған. Польша, Румыния секілді мықты құрамалармен терезесі тең ойын көрсеттік. Қытай құрамасына қонаққа барып, сан соқтырып кеттік. Жалпы нәтижесі Юрий Кроснажаннан кейін екінші тұр. Кроснажан Байсуфиновқа қарағанда Қазақстан құрамасымен  көп матч өткізді. Соның әсерінен рейтингте алғашқы тұр. Әлем чемпионаты аясында екі ойын өткіздік. Франция және Украина құрамаларымен кездесіп, екіншісімен тең түстік. Қыста клубтардың оқу жаттығу жиынына қатысып, кандидат футболшылардың қарым-қабілетін байқады. Жалпы ол өз ісінің нағыз маманы. Сүйіп істеген істен қашанда жоғары нәтиже шығары анық. Біз әзірге топтағы ең мықты қарсыластармен кездестік. Алдағы күнтізбеде Босния, Финляндия секілді ұжымдармен жолығамыз. Сол кезде Маруаұлы қазақ еліне жеңіс сыйлайды деген үміттемін.

Еуропалықтар қазақ тіліне қанық болады

– Ел чемпионатындағы мықты ойыншының бірі бразилиялық Жоау Паулоның Қазақстан азаматтығын алғандығы елді елең еткізді. Жоау Ұлттық құраманы қаншалықты күшейте алады?

– Жоау Ұлттық құрамаға келсе, күшейтетіні айдан анық. Талғат Маруаұлы бір кездесуінде Жоауға Қазақстан азаматтығын алса, құрамаға шақыратынын айтқан. Сонда бразилиялық футболшы қатты қуанып, Ұлттық құрамада ойнау арманы екенін айтқан. Біз секілді мемлекеттерді жағалап, арманына жететіні болмаса, Бразилия құрамасына іліге алмайтыны белгілі ғой. Ол жақта Жоау секілді 72 шабуылшы бар (күліп). Сөз жоқ, чемпионаттағы мықты футболшының бірі. Әлемде мұндай практика бар ғой. Украинада Марлос, Англияда Стерлинг, Францияда Погба, Бензема, Канте, Дембеле секілді футболшылар өзге елдің намысын қорғап жүр емес пе?! Сондықтан Жоау Пауло үшін зор мүмкіндік. Футболшы Қазақстанда үшінші жыл қатарынан тұрып жатыр. Отбасын түгелімен осында көшіріп әкелді. Қазақстанды жақсы көріп тұрса, неге мүмкіндік бермеске?!

– Еуропа чемпионаты басталғалы біршама уақытыңыз комментаторлық қызметке арналады. Жалпы ел бірінішілігін назарыңыздан шығарып алған жоқсыз ба?

– Шынын айтайын, Еуропа чемпионаты басталғалы үш-төрт кездесуді ғана көрдім. Оның бірі «Тараз» бен «Каспий», «Астана» мен «Ордабасы», «Тобыл» мен «Қайрат» және оңтүстік дерби «Қайсар» мен» Ордабасы» кездесулерін шолып шықтым. 

– Төрешілерге байланысты дау-дамай көбейді. Чемпионаттағы төрешілердің қызметіне алып-қосарыңыз бар ма?

– Керісінше бұрынғы біріншіліктерге қарағанда биыл дау-дамайдың  азайғанын байқап жүрмін. Қазір төрешілік ету және инспекциялау деген комитет жұмыс істейді. Жақында комитеттің төрағасы болып испандық Хуан Эрнандес деген маман келді. Сол маман келгелі төрешілердің деңгейі жақсарып қалды. Әрбір матчтан кейін талдау жұмыстарын жүргізеді. Жалпы төрешілердің қызметі ауыр. 2-3 секундта шешім қабылдау оңай нәрсе емес. Кешегі Еуропа чемпионатында Джюнейт Чакыр секілді халықаралық деңгейдегі мықты төрешілердің өзі жоқ жерден қателік жіберді. Футбол көз ілеспес жылдамдыққа ие болғандықтан, төрешілердің де кейбір қателіктеріне кешіріммен қараған жөн. Жаңа маусым басталған сәтте бір-екі төрешінің эмоцияға беріліп, қателік жібергенін көріп, жаға ұстадық. Кейіннен испан маманы бақылауға алғаннан кейін отандық футбол төрешілерінің қызметі біршама жақсарып қалды.

Еуропалықтар қазақ тіліне қанық болады

– Баспасөз хатшысы футболшылар мен жанкүйерлерді байланыстыратын алтын көпір. Қас-қағым сәтті жанкүйерлерге жеткізем деп келеңсіз жайтқа тап болған кезіңіз болды ма?

– Әрине болды. Бірақ ол қателік менің тарапымнан болмады. Федерацияға қызметке келгелі әріптестердің дені қазақ тіліне шорқақтау екенін байқадым. Ұлттық құрама қайда жүрсе, біз де сондамыз. Македонияға жолдастық кездесуге аттандық. СММ маманы футболшылардың стадионға келгенін instagram сторисіне шығарыпты. Сонда сториске Асхат Тағыбергенның ауа-райына қатысты әңгімесі жазылып қалған екен. Матч бітті. Македонияға жол бердік. Асхаттың әлгі әңгімесі хайпқа айналып кетпесі бар ма?! Бүкіл пабликте Асхаттың әңгімесі. Сонда Асхат хабарласып, ренішін білдірген. 

– Ел клубтарының дені медиа қызметкерлерге көңіл бөле бермейді. Мысалы, штатқа қызметкер алғанымен байлаулы баспақтың күйін кешіп тұр…

– Оныңыз рас. Қазір клуб басшыларының барлығы спорт саласының өкілі болғандықтан, журналистика, оның ішінде медиа офицерлердің қызметін түсіне бермейді. Медиа офицер алу керек деген талап болғандықтан, амал жоқтан қызметкер алатын клубтарды да кездестіруге болады. Медиа қызметкер клубтың айнасы болғандықтан, команда қайда жүрсе сонда болуға тиіс. Бұл  ел клубтарының арасында өзекті мәселеге айналып отыр.

– “Рух” футбол мектебінің негізін қалап, футбол сүйер қауымға сүйінші хабар тараттыңыз. “Рухтың” болашағынан үміт күтуге бола ма?

– 4-5 айдың жүзі болды “Рух” футбол мектебі Түркістан және Нұр-Сұлтан қалаларында жұмыс істеп жатыр. Болашағы зор деп айта алмаймын. Өйткені жаттығулар жүргізуге байланысты мәселелер көп. Мысалы, қазір Нұр-Сұлтанда 71 мектептің алаңын жалға алып, үйірменің жұмысын жүргізсек, қыста қайда баратынымыз белгісіз. Астана Аренаны сағатына 180 мың теңгеге жалдап алуға мүмкіндігіміз жоқ. Мектептің спорт залында өткізейін десек, біздің бағытымыз футзал емес, үлкен футбол. Сондықтан қиындықтар көп. Негізгі мақсатым – қазақ футболына бір талантты шығару. Сол мақсатта жұмысты тоқтатпаймын.

– Әлемдік футболға VAR жүйесі енгелі теңбіл доптың қызығы кеткен жоқ па?

– VAR футболдың қызығын кетіргені рас. Ағылшындық атақты шабуылшы Гари Линекер бұл жүйенің футболға келгеніне қарсы. Рас, Марадоннаның қолмен соққан голы тарихта алтын әріптермен қалды. Енді мұндай қызықтар футболда қайталанбайтыны айдан анық. VAR алғаш рет енген кезде футбол көргендей болмайтынбыз. Бір ойында он рет тоқтап, VAR-дың көмегіне жүгінетін болды. Тіпті кейбір сәтте футбол картиналары керісінше жағдайда орын алуы мүмкін. Мысалы, қайбір жылы «Реал» мен «Севилья» кездесіп, Карим Бензема айып алаңында құлап, пенальти алды. Алайда оған дейін «Реалдың» айып алаңында қорғаушының қолмен ойнаған сәті VAR-ға ілініп, керісінше Севилья пенальти тебуге мүмкіндік алды. Футболшылар гол соқса, эмоциямен қуануды қойды. Менікі шынымен де гол ма екен деген сыңаймен төрешіге қарап тұрады. Комментаторлардың өзі трансляцияда эмоцияға беріліп, гол деп айтып, кейіннен әттең VAR деп жатады.

Сұхбаттасқан:

Ерасыл ШӘРІБЕК

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!