Өткен аптада ел футболында жаңашылдық орын алып, тұңғыш рет президент сайлауы өтті. Нәтижесінде Әділет Барменқұлов 14 дауыс жинап, Қазақстан футбол федерациясының президенті атанды. Иә, Әділет Назарбайұлы бұрын соңды қазақ футболында қолтаңбасы қалыптасқан маман емес. Дегенмен жаңа басшы отандық футболда оң нәтиже көрсететініне сенім мол.
«Футболдың дамуына мемлекет тарапынан да, қоғам тарапынан да қызығушылық болуы қажет. Біздің міндет – осы екі байланысты күшейту. Футбол ұлттық жобаға айналу керек. Ол үшін стратегиялық құжат әзірлеу қажет. Ол құжатта футболды дамытудың міндеті мен датасы нақты көрсетіледі. Министрмен кездесіп, нақты жоспар ұсынамыз», – деді президент Барменқұлов.
Хош, сонымен Барменқұловтың бастамасымен қазақ футболы қанат жая ма? Жаңа басшы тиянақты жоспарын құрып та қойған. Енді тек орындалса игі. Ендеше қоғам назарын аударған Назарбайұлының жоспарын тізбектесек. Жаңа басшы маңызды науқан алдында «Стратегия – 2034» атты Қазақстан футболының 2034 жылға дейінгі даму стратегиясын ұсынған болатын. Онда Барменқұлов төрт басымдықты атап өтті. Біріншісі – ойыншыларды, жаттықтырушыларды және кәсіби футбол басқарушыларын оқыту-даярлаудың заманауи ұйымдары мен жүйелерін құру және толық қуатын қалыптастыру. Екіншісі – қазақстандық кәсіби футбол реформасы: мемлекеттік қаржыландыру моделін өзгерту, кәсіби клубтарды жекешелендіру, ерлер мен әйелдер лигасын жаңғырту. Үшіншісі – Қазақстанның қазіргі тарихындағы әлемдік деңгейдегі футбол таланттарының алғашқы буынын дайындау. Төртіншісі – халықаралық аренада спорттық нәтижені түбегейлі арттыру. Соның ең негізгісі – Қазақстан құрамасын 2034 жылы өтетін Әлем чемпионатына шығару болды.
Сонымен қатар ол сайлауалды бағдарламасында ел футболындағы бірқатар кемшілікті ашық көрсетті. Атап айтқанда, Қазақстанда құрамалармен жұмыс кезінде белгілі бір философияға, қағидаттарға және стильге негізделген ұлттық футбол моделі кеңінен қолданылмайтынын, жаттықтырушыларды оқыту және лицензиялау жүйесі жете қамтылмағанын, лицензиялық курстар мен жалпыұлттық философия және ойын моделі арасында байланыс жоқ екенін бұлтартпас айғақтармен дәлелдеп берді. Отандық футболдың 90 пайыз мемлекет есебінен қаржыландырылатынын, клубтардың кәсіби иелерін, спорттық және техникалық директорларын, жаттықтырушыларды, коммерциялық директорларды, жарыс ұйымдастырушыларын дамыту және даярлау жөніндегі бағдарламалар болмағандықтан ел футболында басқарушы, спортшы, талдаушы және ұйымдастырушы таланттар тапшылығы сезіліп жатқанын да жасырмады.
Сондай-ақ футбол инфрақұрылымы шағын аудандардың өміріне кірістірілмегенін, оның орналасқан жері мен сапасы қатысушылардың санын арттыруға ықпал ете алмайтынын, бұқаралық футболды, оның ішінде әйелдер футболын дамыту бағдарламасы да жоқ екенін қаперге салды. Ендігі кезекте Әділет Назарбайұлына осы мәселелерді шешіп, ел футболының көшін ілгерілетуге тамаша мүмкіндік туып тұр.
Наурыз айының басында АҚШ-тың Пенсильвания штатындағы «Хершипарк-аренада» өткен баскетбол ойынын тамашалау үшін аз адам жиналды. Себебі қалада таң ата себелеп жаңбыр жауып, күн күрт суытып кеткен еді. Десек те сол 4124 көрерменге тарихи сәттің куәсі болу бақыты бұйырды. Дамылсыз әрі қарқынды шабуылмен өткен матч 169:147 есебімен алаң иелерінің пайдасына шешілді, яғни екі команданың нәтижелерін қоса алғанда олар 316 ұпайға иелік кетті. Одан бөлек, «Филадельфия Уорриорздың» ең белді ойыншысы Уилт Чемберлен бұл бәсекеде ҰБҚ-ның бес бірдей рекордын жаңартты. Сол көрсеткіштердің төртеуінің күні бүгінге дейін мұрты бұзылмай тұр.
Уилттың табыстарының ішіндегі ең кереметі – «Нью-Йорк Никске» қарсы кездесуде 100 ұпай жинауы. Оған дейін де рекордтық нәтиже дәл сол баскетболшыға тиесілі еді. 1961 жылдың 8 желтоқсанында «Лос-Анджелес Лейкерспен» шеберлік байқасқан кезде Чемберлен 78 ұпай еншіледі. Арада үш ай өтпей жатып, америкалық жұлдыз 100 ұпайлық межеге жетті. Бір ғажабы, бойы көк тіреген баскетболшы осы ойында 63 рет допты шығыршыққа лақтырып, соның 36-сы нысанаға дөп түсті. 32 айып добының 28-ін мүлтіксіз орындады. Осылайша оның есімі баскетболдың даңқ залында алтын әріптермен жазылды.
Уилт Чемберлен 1936 жылдың 21 тамызында АҚШ-тың Филадельфия қаласында дүниеге келген. Бойы – 216 сантиметр, салмағы – 125 келі. 1959-1968 жылдар аралығында Уилт өзінің туған жерінде жасақталған команданың намысын қорғады. 1968-1973 жылдары «Лос-Анджелес Лейкерстің» жейдесін киді. Екі рет ҰБҚ чемпионы атанып, төрт рет ең құнды ойыншы деп танылды. «Жұлдыздар матчында» 13 мәрте өнер көрсетті. Одан да басқа көптеген толағай табыстарға қол жеткізді. Әр кездесу барысында орта есеппен 40-50 ұпайды қоржынға салып отырды. ҰБҚ тарихындағы ең үздік сұрмергендер тізімінде Чемберлен жетінші орында тұр. Уилттың алдын тек Леброн Джеймс, Карим-Абдул Джаббар, Карл Мэлоун, Коби Брайант, Майкл Джордан және Дирк Новицкий сынды атты аңызға айналған ойыншылар ғана орай алды. ҰБҚ жарыстарында кейіпкеріміз барлығы 31 419 ұпайды еншіледі.
Чемберленнің көрсеткіші таяу арада жаңаруы екіталай. Өйткені одан кейінгі уақытта ойын алаңында жасындай жарқылдаған талай танымал тұлғалардың бірде-біреуі оның рекордына маңайлай да алған жоқ. Уилттан кейінгі ең жақсы нәтиже Коби Брайантқа тиесілі. 2006 жылдың 22 қаңтарында «Торонто Рэпторсқа» қарсы матчта «Лос-Анджелес Лейкерстің» серкесі өте тамаша ойын өрнегін көрсетіп, мол олжаға кенелді. Бірақ атағы жер жарған Брайанттың өзі 81 ұпайлық межеден аса алмады.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!