Футболдан Чемпиондар лигасы финалы Портудағы Драгау (Португалия) стадионында өтеді. Стамбұл қаласы биыл да турнирден тыс қалды. Былтыр Түркияда жоспарланған финал пан¬демияға байланысты өтпегенеді.
2020/21 жылғы Чемпиондар Лигасы финалы әуелден Стамбұлда өтеді деп жоспарланған. Алайда пандемияға байланысты ширек финалдан бастап ойындардың бәрі Лиссабонға ауыстырылды. Финал күні белгіленгесін UEFA өтетін орын жайын қайта қарай бастады. Түркияда локдаун жарияланғаны бар, одан бөлек карантин ережесіне сәйкес бұл ел Ұлыбританиядағы «қызыл тізімдегі» елдер қатарында тұр. Сондықтан федерация финалды басқа елде өткізуге шешім қабылдады.Дегенмен әу баста финалдың Стамбұлдан басқа қалаға ауыстырылатыны туралы ақпарат тарай бастағанда түрік тарапы пандемия тек сылтау екенін алға тартқан. Түркия футбол федерациясының басшысы Нихат Өздемір «Финалға дайынбыз. Өздері-ақ жүгіріп келеді әлі. Біз UEFA – мен келіссөздер жүргізіп жатырмыз», – деген еді. Оның үстіне Стамбұлда өтеді деп жоспарланған финал екінші рет басқа қалаға ауыс¬тырылды. Сондықтан UEFA турнирдің 2023 жылғы финалын Стамбұлға ұсынуы мүмкін деген мәлімет бар. Сол жылы Түркия Республикасы 100 жылдығын атап өтеді. Сөйтіп түріктерді өкпелетіп алмаудың да амалдары қарастырылып жатқанға ұқсайды.
Мұнан бөлек, бастапқыда екі команда бір елде орналасқандықтан финал Уэмблиде өтетіні туралы қауесет шыққан. Тіпті ағылшындар шама-шарқынша финалды өз елдерінде өткізуге тырысқаны туралы деректер бар. Бірақ UEFA финалдың Португалияда өтетінін мәлімдеді. UEFA басшысы Александер Чеферин футбол жанкүйерлерінің бір жылға жуық стадионға кіргізілмегенін, турнир финалының ең маңызды матч екенін ескере отырып, жанкүйерлердің футболды стадионда тамашалауы үшін осындай шешім қабылданғанын айтты.
Осылайша жылдың басты жүлдесін сарапқа салатын «Манчестер Сити» мен «Челси» арасындағы матчты жанкүйерлер стадионнан тамашалай алады. Талап бойынша әр клубтың 6 мың жанкүйеріне рұқсат беріледі. Әрине, карантин талаптары қатаң сақталады. Сондай-ақ жанкүйерлердің ойынға кіру-кірмеуін UEFA мен Португалия билігі әлі де талқылайды. Билеттердің сатылымы 24 мамырда шығады деп күтілуде. Ал финал 29 мамыр күні өтеді. Ойынға испан төрешісі Антонио Матеу Лаос төрелік етеді.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!