фото: championat.com
Жас Мессидің карточкасы 1,5 миллион долларға сатылды. Бұл футбол тарихындағы ең қымбат карточка, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі ESPN-ге сілтеме жасап.
Аргентиналық футболшы Лионель Мессидің суреті бейнеленген 2004–2005 жылдардағы Panini топтамасының коллекциялық карточкасы онлайн-аукцион арқылы 1,5 миллион долларға (810 миллион теңгеге) сатылды.
ESPN-нің хабарлауынша, бұл – футбол карточкасына бұрын-соңды төленген ең жоғары баға.

Алдыңғы рекорд 1,33 миллион долларды құраған. Мұндай сомаға 2022 жылы бразилиялық Пеленің бейнесі бар карточка сатылған.
2004 жылы 17 жастағы Месси «Барселонаның» негізгі құрамында ресми матчқа алғаш рет шықты. Дәстүр бойынша болашақ супержұлдыздардың дебюттік маусымындағы карточкалар коллекционерлер арасында ерекше жоғары бағаланады.
38 жастағы Месси соңғы екі жыл бойы АҚШ-тың «Интер Майами» клубында ойнап келеді.
Ол — 2022 жылғы әлем чемпионы, 2008 жылғы Олимпиада чемпионы, Испанияның 10 дүркін чемпионы, Францияның екі дүркін чемпионы және Чемпиондар лигасының төрт дүркін жеңімпазы.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!