Фото: qfl.kz

АСТАНА. KAZINFORM – Футболдан Қазақстан чемпионатының алтыншы турында бүгін екі матч өткізілді.

Семейдің «Елімай» командасы өз алаңында өткен жылғы ел чемпионы шымкенттік «Ордабасыны» қабылдады.

Премьер-лигаға биыл ғана қосылғанына қарамастан, семейліктер чемпионатты жаман өткізіп жатқан жоқ. Осыған дейін екі кездесуінде жеңсе, бір ойында тең ойнады. Тағы бір матчта жеңіліс тапты.

Бұл жолы ойын басталысымен 3-минутта алаң иелерінен Сада Тиуб есеп ашты. 10 минуттан кейін Бауыржан Исламханның айып алаңына берген добын «Елімай» қақпашысы Денис Кавлинов қайтара алмады. Осы мүмкіндікті Дембо Дарбо сәтті пайдаланып кетті – 1:1. 

Тағы бір кездесу Талдықорғанда «Жетісу» мен турнир кестесінде көш бастап келе жатқан «Ақтөбе» арасында өтті. Бұл ойында 20-минутта оң қапталдан Антон Шрамченко бағыттаған доп Игорь Шацкий қорғаған «Ақтөбе» қақпасына кіріп кетті. 

Екінші кезеңде 50-минутта Максим Самородов орындаған айып добынан кейін Барач Матео таразы басын теңестірді – 1:1. Дегенмен 70-минутта Асхат Балтабеков соққан доп Қайрат Нұрдәулетовтің шәкірттеріне жеңіс әперді – 2:1.

Осы турдан кейін 10 ұпай жинаған «Жетісу» көш басындағы «Ақтөбе» мен «Астананы» қуып жетіп, үздік үштікке енді.

Жетінші турда 4 мамыр күні орталық матч Ақтөбеде жергілікті клуб пен «Астана» арасында өтеді. Сондай-ақ Қостанайдың «Тобылы» «Жетісу» командасын қабылдайды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын футболдан Қазақстан чемпионатында «Астананың» екінші орынға көтерілгенін жазған болатынбыз.

Сондай-ақ «Қайрат» көш соңындағы «Қайсардан» ұтылды

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!