Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасын Әли Әлиев жаттықтыруы мүмкін, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.
44 жастағы маман жақында ғана Петропавлдың «Қызылжар» командасынан кеткен болатын. Бұған дейін ол «Жеңіс», «Шахтер» және «Астана» жастар командасын жаттықтырды.
Әлиевтің дайындауымен 2023 жылы «Қызылжар» премьер-лигада бесінші орынға ие болып, Конференция лигасының іріктеу кезеңінде ойнады. Команда алғашқы іріктеу кезеңінде Хорватияның «Осиек» командасын жарыс жолынан шығарған еді.
Айта кетейік, 27-ші қаңтар күні еліміздің футбол федерациясы бас бапкер Станислав Черчесовтың жұмыстан кеткені туралы мәлімдеді. Онымен бірге ұлттық футбол құрамасының жаттықтырушылар штабы да жұмысын тоқтатқан еді.
«Еңбек шарты екі жақтың өзара келісімі бойынша тоқтатылды. Станислав Черчесов Қазақстан құрамасының тізгінін 2024 жылғы маусымда ұстады. Оның жетекшілігімен ұлттық құрама УЕФА Ұлттар лигасында 6 матч өткізіп, Норвегия құрамасымен тең ойнап, 1 ұпай жинады. Сондай-ақ Қазақстан құрамасынан жаттықтырушылар штабы толық құраммен кетті. Қазақстан футбол федерациясы Станислав Черчесов пен оның штабына атқарған жұмысы үшін алғыс айтып, мансабына табыс тілейді!», — делінген хабарламада.
Алғашында футболдан ұлттық құраманың бас бапкері қызметіне үміткерлер тізімі қарастырылып жатқаны айтылған болатын.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!