Өзбекстанның ұлттық құрама ойыншыларымен Испаниядан келген аспаз және кәсіби нутрициолог жұмыс істемек. Ол бұдан былай өзбек футболшыларына ұлттық тағамын жеуге тыйым салмақ. Бұл туралы Өзбекстан футбол қауымдастығы ресми хабарлады, – деп жазады Аikyn.kz сайты.
– Футболда дұрыс тамақтану – табыстың маңызды бөлігі. Себебі ойыншылар энергиясын сақтап, дене салмағын тұрақты деңгейде ұстауы керек. Сондықтан құрамаға арнайы тамақтану бойынша мамандар шақыртылды, – деп жазылған ақпаратта.
2026 жылғы әлем чемпионатына дайындау су жаңа мамандардың негізгі міндетіне жүктелді. Олар футболшылардың дұрыс тамақтануын қамтамасыз етуі тиіс.
Upl.uz басылымы жергілікті футбол қауымдастығының мұндай қадамға барғанын былайша топшылайды. Осыған дейін жанкүйерлер әлеуметтік желілерде Өзбекстан құрамасының футболшыларын палауды тым көп жейтінін, сол себепті қимыл-қозғалыстары жай екенін сынаған болатын.
– Енді футболшылардың мәзірінде палау емес, дұрыс әрі теңгерімді тамақ басым болатын секілді, – деп жазады жергілікті басылым.
Еске салайық, Өзбекстан құрамасын атақты Фабио Каннаваро жаттықтырады. Ол ұлттық құрама тізгінін 6 қазан күні алса, шәкірттері небәрі 3 күннен соң Кувейтті 2:0 есебімен жеңді.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
