Көршілес Өзбекстан мемлекетінде футзалдан биылғы әлем чемпионатының шымылдығы түрілді. Оныншы мәрте ұйымдастырылып жатқан доп додасында 6 құрлықтың 24 құрамасы күш сынасады. Әлемнің кіл мықтылары бас қосатын жаһандық сайысқа Қазақстан футзал құрамасы да қатыспақ. Байрақты бәсекеде аяқдопшылар қазақ жұртын қуанта ала ма? Қауқары қандай?
Ашығын айту қажет, Қазақстан құрамасының футзалдағы бәсі биік. Оны олар бұған дейін дәлелдеп үлгерді. Осыдан үш жыл бұрын өткен біріншілікте жерлестеріміз тарихта болмаған нәтиже тіркеп, жартылай финалға дейін жетті. Қола жүлдеге таласта бес дүркін әлем чемпионы – Бразилия құрамасына қарсы ойында есе жіберіп, төртінші орынға табан тіреді.
Өзбекстандағы ойындар біз үшін үлкен мүмкіндік. Оның үстіне Кака бапкер үш жылғы бұрынғы жетістігін жақсартуға тырысып бағады. Ол үшін мүмкіндігі толық жетеді. Оған біз іріктеу кезеңінде де, дайындық барысында да куә болдық.
Нақтыласақ, осы жылғы әлем чемпионатының элиталы іріктеу кезеңінде Қазақстан құрамасы «А» тобында Нидерланд, Румыния және Әзербайжанмен бір топқа түсті. Үшінші элиталы раундын қыркүйекте сырт алаңда Нидерланд құрамасы мен бастап, 0:2 есебімен жеңіске жетті. Эдсон мен Тұрсағұловтың голдары құрамаға алғашқы үш ұпайды сыйлады.
Кейінгі турда өз алаңымызда Румынияны қабылдап, тартысты өткен ойында 4:3 есебімен тізе бүктірдік. Үшінші турда Әзербайжанды 2:4 есебімен жеңіп, төртінші турда Астанада өткен қарымта ойында 3:2 есебімен тағы да жеңіске жеттік. Осылайша ұлттық құрама әлем чемпионатына біртабан жақындай түсті.
Ал желтоқсанда Нидерланд құрамасымен өткен ойында біздің жігіттердің мерейі тағы да үстем болып, мерзімінен бұрын әлем біріншілігіне жолдама алды. Соңғы турдағы Румынияға қарсы ойында Кака шәкірттері 2:0 есебімен жеңіске жетті. Осылайша алты матчта 100 пайыздық нәтиже көрсетіп, 18 ұпаймен «А» тобында бірінші орынға жайғасты. Қарсыластар қақпасына 17 гол соғып, өз қақпасына небәрі жеті гол өткізіп алды.
Дайындық барысында ше? Қазақстан ұлттық құрамасы Астана мен Алматы қалаларында оқу-жаттығу жиындарын өткізіп, бірнеше елдің футзалшыларымен жолдастық кездесу өткізді. Алдымен Астанада биылғы әлем біріншілігіне алғаш рет қатысқалы жатқан Тәжікстан ұлттық құрамасымен екі мәрте шеберлік байқасты. Бірінші ойын 3:0 есебімен жерлестеріміздің сенімді жеңісімен аяқталды. Арада екі күн өткенде қос құрама футзалшылары қайта жолығып, бұл жолы да біздің жігіттер үстемдік танытты. Есеп – 4:3.
Тәжікстаннан кейін ұлттық құрама өкілдері 2016 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері, Азия құрлығының 12 дүркін жеңімпазы Иран командасымен де екі мәрте жолдастық матч өткізді. Алғашқысында біздің жігіттер 4:1 есебімен басым түсті. Ал екінші кездесу 1:1 есебімен тең аяқталды. Ұлттық құрама сапынан Біржан Оразов мергендік танытты.
Ал Алматы қаласындағы оқу-жаттығу жиынында 2016 жылғы әлем чемпионы, 2021 жылғы біріншіліктің күміс жүлдегері Аргентинамен ойнады. Балуан Шолақ атындағы спорт сарайындағы кездесуде Қазақстан құрамасы Оңтүстік Америка өкілін 3:2 есебімен тізе бүктірді. Осындай нәтижемен ұлттық құрама 11 қыркүйекте әлем чемпионатына қатысу үшін Өзбекстанға аттанды.
Жерлестер біріншілікте «D» тобында өнер көрсетіп жатыр. 15 қыркүйек күні алғашқы ойынды екі дүркін әлем чемпиондары Испания құрамасына қарсы өткізіп, тең тарқастық. Айта кетейік, Қазақстан құрамасы испандықтармен 5 мәрте кездесіп, бесеуінде де жеңілген болатын.
Одан соң күні кеше топта көш бастап келе жатқан Ливия құрамасына қарсы ойнап, қажетті үш ұпайды иелендік. Бұл олардың алғашқы кездесуі. Енді 21 қыркүйек күні Жаңа Зеландиямен қарсы кездесу өтеді. Олар әлем чемпионатының дебютанты. Яғни, тәжірибе аз. Сондықтан Қазақстан құрама жігіттеріне жеңіске жетуге болатындай-ақ. Сол ойында аяқдопшылардың қай орынға тұрақтап, плей-офф ойындарындағы қарсыласы кім екені анықталады.
Қалай десек те, Өзбекстандағы дүбірлі додада жерлестерге болысып, тақым қысамыз. Олар үмітті ақтап, айды аспаннан шығаратын болса, тарих беттерін қайта жазып, алты құрлықтың алпауыты, елдің аңызына айналары анық.
А.БАҚЫТҰЛЫ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!