Фото: ашық дереккөзден
«Менің әкем – орыс, ал анам – кәріс ұлтының азаматы. Ал мен – қазақпын!» Бұл – әлемді мойындата білген, қазақ тарихындағы үздік былғары қолғап шебері Геннадий Головкиннің сөзі. Өмірде де, спортта да джентльмен атанып, қазақ спортына серпін әкелген кәсіпқой боксшы GGG туралы не білеміз?
Triple G, GGG лақап атымен танылған Геннадий Қарағандының тумасы, әкесі шахтер болған. Бірі білсе, бірі білмес, боксшының екі ағасы және егізі бар. Әскерге аттанған ағалары белгісіз жағдайда қаза тапқан… Генаның сыңары Максим 15 минут ерте туған. Тете өскен екі жігіт бұл спортқа бірге аяқ басады. Олар небәрі 8 жасқа толғанда үлкен ағалары боксқа баулыған. Болашақ чемпион осылайша спорттағы алғашқы қадамын жасады. Геннадий жастайынан жігерлі болған. Қарсыласынан ұтылса, бұл жеңіліс оны қайрап, көбірек жаттығуға, шыңдалуға жетелеген.
Максим Геннадийдің екінші бапкері болған деседі. Ағайындылар ешқашан бір рингте жұдырықтаспаған. Егер бір-бірімен белдесуге тура келсе, жарыстан егіздердің бірін шығарып тастайтын. Осы себеппен 2004 жылы өткен Олимпиаданың іріктеу кезеңінен кейін Максим бокстағы мансабына нүкте қойды. Кейінгі мәліметтер бойынша Максим Геннадийдің тренерлік құрамында ұйымдастырушылық қызметпен айналысады.
Бүгінде Геннадий жұбайы Алина Головкинамен бірге 2 ұл, 1 қыз тәрбиелеп отыр. Алина көпшілік алдына шығуды ұната бермейтін көрінеді, сондай-ақ ешқашан жарының белдесулерін көрмейді екен. Әуесқой боксшы сапында 350 рет жекпе-жекке түскен Гена 345-інде жеңіске жеткен. Оған қоса, Геннадий ешқашан бұл белдесулердің ешбірінде нокаутпен құламаған.
Әуесқой бокстағы мансабы ұзақ әрі қызыққа толы болған боксшы 2006 жылы кәсіпқой бокстағы мансабын бастады. 45 рет рингке шыққан ол, бар болғаны екі рет жеңіліс тапқан. 43 рет жеңіп, оның 37-сін нокаутпен тәмамдап, тек 1 кездесуде қарсыласымен тең түскен.
Шаршы алаңда оппонент пен көрерменнің есінде Геннадий өзінің асқан сабырлығы, байсалдылығымен ерекшеленеді. Тіпті оған жұдырықтасуға қолқа салып, артынан мысқылдап, жер-жебіріне жеткен бір қарсыласына «көреміз» деп қана салқынқанды жауап қатқан. Сөзбен емес, іспен дәлелдеуді ұйғарған Геннадий бұл сынды өз пайдасына шешті. Чемпион Генаның мықтылығына бас иген жан көп. Спортшысын Генаның жойқын соққыларынан құтқармақ болып, ақ жалауын ала шыққандар да болған. Осындай «азулы» әрекеттерінің арқасында ол қазақ елінің мақтанышына айналды. Көптеген боксшының үлгі тұтар тұлғасы екендігіне күмән жоқ.
Геннадий – кез келген мықтының мысын басатын мінезді спортшы. Әрине, бүгінде жасы 40-тан асса да, өз бабын жоғалтпады. «Геннадийді ешбір қарсылас жеңе алмады, оны жеңген тек жасы» деген пікірлер легі жанкүйерлер арасында толассыз. Ең соңғы жұдырықтасуы сәтсіз болған Геннадиді енді шаршы алаңнан қайта көрмейміз деп топшылап едік. Десек те Геннадий Головкин бокстан біржола кетпегендігін «Mayan Tiger Sports Journalist» YouTube арнасында мәлімдеді.
– Мансабымды аяқтаған жоқпын. Мен бұл туралы ешқашан айтқан емеспін. Мұндай мәлімдеме жасау менің болмысыма жат әрекет. Мен үшін өмір бір-ақ сәт. Сондықтан егер мүмкіндік туса немесе қандай да бір оқиға орын алса, Геннадий Головкинді рингте қайта көре аласыз, – деді былғары қолғап шебері.
Спорт мансабында жеткен жетістіктеріне тоқталып өтсек. Ол 7 дүркін Қазақстан Республикасының чемпионы, 2003 жылы әлем чемпионы және 2004 жылғы Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері, 2002 жылғы Азия ойындарының чемпионы, орта салмақтағы IBO және IBF нұсқасы бойынша екі дүркін әлем чемпионы. Қазақстанның «Құрмет», «Парасат» орденімен марапатталған.
Бүгінде Геннадий Головкин Қазақстан Республикасы Ұлттық Олимпиадалық комитетінінің басшысы. Парижде өтіп жатқан Олимпиадаға қазақ спортшыларын қолдау үшін арнайы барған болатын. Елдің намысын қорғауға аттанған саңлақтарға ағалығын танытып, оларды жігерлендіруде. Халық арасында «бүгінгі қазақ спорты жемқорлықтың қүрбанына айналды» деген пікір бар. Елдегі спорт саласын нығайтуды қолға алған ол жемқорлықпен күресетінін, оны жою жолында кез келген шараны қолданатынын жеткізді.
Геннадий секілді спортшы мыңнан бір кездеседі. Ол спорт мансабында елдің көк туын көкте желбіретіп, абыройын асқақтата білді. «Барлық жеңісімді еліме арнаймын, халқыма және президентіме» деген Геннадийдің шынайы ниеті елін әрқашан мақтан тұтатынына дәлел болатындай. Толағай табысқа жеткен Гена қазақ боксының тарихында мәңгі қалатыны сөзсіз. Десек те шаршы алаңдағы GGG-дің хикаясы әлі бітпеді…
Қорлан САРЫ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!