World Boxing халықаралық ұйымы аты аңызға айналған қазақстандық боксшы Геннадий Головкиннің ұйымның жаңа президенті болатынын ресми түрде жариялады, деп хабарлайды BAQ.KZ ҚР ҰОК-ке сілтеме жасап.

Оның кандидатурасы жалғыз болған және тәуелсіз комиссияның тексерісінен сәтті өтіп, аккламация тәртібімен жеңілдетілген форматта бекітілді.

Геннадий Головкинді президент лауазымына ресми бекіту 23 қараша күні Рим қаласында өтеді. Ол ұйымның қазіргі басшысы Борис ван дер Ворсттан өкілеттікті қабылдап алады.

ХХІ ғасырдың үздік орта салмақтағы боксшыларының бірі саналатын Головкин бұған дейін президенттікке сайланған жағдайда спорттық мансабын аяқтайтынын мәлімдеген. Оның соңғы жекпе-жегі 2022 жылы Сауль «Канело» Альвареспен өткен еді, ол кездесуде Головкин ұпай санымен жеңіліп қалған.

Головкиннің жаңа қызметке келуі – әлемдік бокс тарихындағы жаңа кезеңнің басталуы. Өйткені алғаш рет ұйым тізгінін қазақстандық спортшы ұстайды.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!