Фото: olympic.kz
Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің президенті Геннадий Головкин Пуэблодағы (АҚШ) бокстан алғаш рет өтіп жатқан U19 әлем чемпионатының ашылу салтанатына қатысты, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы.
Ұлттық Олимпиадалық комитеттің мәліметінше, іс-шарада сөз алған Геннадий Головкин әлем біріншілігінің маңызына тоқталып, аталған дода спорттағы жаңа дарындардың жұлдызын жағуға көмектесетін алаң ғана емес, сонымен бірге түрлі елден келген жас боксшылардың бірлігі мен достығының белгісіне айналатынына сенімді екенін жеткізді.
Әлем чемпионатына 30 елден 180 спортшы қатысып жатыр. Қазақстан намысын Ерасыл Аманғалиев (55 келіге дейінгі салмақта), Асылхан Көшербай (65 келіге дейінгі салмақта), Диас Серікұлы (70 келіге дейінгі салмақта), Даниял Райымбеков (85 келіге дейінгі салмақта) қорғайды. Алғашқы болып рингке Диас Серікұлы шықты. Ол Алжир командасының өкілі Ислам Дахлалды жеңді.
Айта кетейік, World Boxing – 2023 жылдың сәуір айында құрылған Халықаралық бокс федерациясы. Биылғы жылдың қыркүйек айында Қазақстан аталған ұйымға кіру үшін өтініш берді.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!