Астана күніне орайластырылған қазақ күресінен «Қазақстан барысы – 2023» республикалық турнирінің жеңімпазы анықталды.

Финалдық белдесуде Маңғыстау облысының балуаны Нұрдәулет Жарылғапов пен күштік құрылымдар арасында өткен «Әскер Барысы» турнирінің жеңімпазы Ғалымжан Қырықбай күш сынасты. «Алтын белбеу» мен 25 миллион теңге Ғалымжан Қырықбайға бұйырды. «Қара Бура» лақап атымен танымал балуан Нұрдәулет Жарылғапов «күміс белбеуді» місе тұтты.
Үшінші орын үшін белдесу Павлодар облысының балуаны Мұхтар Дәлелханұлы мен «Әскер Барысы» турнирінің жеңімпазы Марат Байкамуров арасында өтті. Белдесу нәтижесі бойынша Мұхтар Дәлелханұлы қола белбеу иегері атанды.
1-орын – Ғалымжан Қырықбай (“Әскер барысы”, 145 кг) 25 млн теңге 2-орын – Нұрдәулет Жарылғапов (Маңғыстау облысы, 155 кг) 5,5 млн теңге. 3-орын – Мұхтар Дәлелханұлы – (Павлодар облысы, 115 кг), 1,8 млн теңге.
Еске сала кетейік, елордада Астана күніне орай қазақ күресінен «Қазақстан барысы – 2023» республикалық турнирі өтті. Жарысқа өңірлерде іріктеу кезеңдерінен өтіп, «Қазақстан барысы – 2023» финалына жолдама алған мықты балуандар қатысты. Қазақ күресінен республикалық турнир 2011 жылдан бері тұрақты негізде ұйымдас­тырылып келеді.
Әр өңірден екі спортшыдан қатысты, олар абсолютті салмақ дәрежесінде өнер көрсетті.
Биыл қатысушы­лардың жалпы саны 41 балуанды құрады. Әр өңірден екі спортшыдан, сондай-ақ, «Әскер Барысы» күш құрылымдары арасындағы турнирдің және өткен жылғы іріктеудің жеңімпаздары қатысты.
Турнирдің бас серіктесі – «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ, сондай-ақ серіктестер қатарында «Sport Qory» спортты қолдау қоры және «Сәтті Жұлдыз» АҚ да кіреді.
Республикалық турнир ұлттық спорт түрі – қазақ күресін дамыту мақсатында өткізіліп келеді. Бұдан басқа турнирді ұйымдастырушылар жастарды спортқа тарту және ұлттық дәстүрлерді сақтауды басты міндет деп белгілеген.
«Биыл турнир жылдағыдан қарағанда өзгеше өтті. Жаңа облыстардың ашылуына байланысты жарысқа қатысушылардың саны артты. Биыл 41 палуан бақ сынады. Оның ішінде 33 палуан облыстардан, 2 спортшы «Әскер барысынан» және 3 қаладан тағы 6 спортшы қатысты», – деді «Қазақ күресі» қауымдастығы төрешілер алқасының төрағасы Қайрат Пазылбек.
Еліміздегі ең беделді жарыстарға қатысушылар тізімінде Руслан Әбдіразақов, Нұрдәулет Жарылғапов, Ерасыл Қажыбаев, Ғалымжан Қырықбай және Мақсат Исағабылов сынды танымал палуандар болды.
Қазақ күресінен республикалық турнир 2011 жылдан бері тұрақты негізде ұйымдастырылып келе жатқаны баршаға белгілі. Бұған дейін турнирдің қола жүлдесі Павлодар облысының барысы Мұхтар Дәлелханұлының қанжығасында кеткен болатын. Еске салайық, биыл «Қазақстан барысы» жылдағыға қарағанда өзгеше өтті.
Ғалымжан Қырықбай бұған дейін «Қазақстан Барысында» күміс те, қола да жүлдегер болған. Биылғы бәсекеде алтын тайтұяқ пен 25 миллион теңгені иеленді. Ал «Қара бура» Нұрдәулет Жарылғапов екінші рет жарыстың күміс жүлдегері атанды.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!