Фото: Ұлттық және ат спорты түрлері орталығы

KAZINFORM – Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Туризм және спорт министрлігімен бірлесіп спортты қаржыландыру саласындағы жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізді.

Ведомство мәліметінше, халықаралық жарыстарға қатысу үшін спортшыларды ашық іріктеу жұмысы жүргізілмеген.

«Жоғары жетістіктер спорт саласында процестерді цифрландыру мүлдем жоқ. 2020 жылы Е-sport ұлттық цифрлық платформасын енгізуге жоспарланған әзірлеу жүргізілген жоқ. Нәтижесінде бейінді министрлік қазақстандық спорттың жай-күйі туралы толық деректерді білмейді, жүлдегерлердің, спорт ғимараттарының, спорт секциялары мен жаттықтырушылардың бірыңғай есебін жүргізбейді. Цифрландырудың болмауы жалған спортшыларға спорттық атақтар беруге, жарыстарға қатысу үшін спортшыларды ашық емес және субъективті іріктеуге ықпал етеді», – делінген хабарламада.

Аталған факторлардың салдарынан мұндай жағдай үлестес жеткізушілерді іріктеумен, оқу-жаттығу жиындары мен спорт объектілерін жалға алудың жалғандығымен, легионерлерге еңбекақыны асыра бағалаумен, қосарланған қаржыландырумен ұштасқан бюджет қаражатының бақылаусыз игерілуіне алып келді.

Талдау қорытындысы бойынша спортты дамыту басымдықтарын қайта қарау, бұқаралық және балалар спортына бюджетті ұлғайту, қаржыландыруды орталықтандыру, өз инфрақұрылымын және балалар академияларын дамыту, сондай-ақ цифрландыруды енгізу бойынша ұсынымдар енгізілді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!