Фото: iihf.com

Бүгін, 12 мамырда шайбалы хоккейден әлем чемпионаты элиталық дивизионында Қазақстан құрамасы екінші кездесуін Словакияға қарсы өткізді. Алғашқы кездесуде Қазақстан құрамасы Францияны 3:1 есебімен жеңсе, Словакия Германияға 3:6 есебімен есе жіберген еді. Бұл туралы KAZINFORM хабарлады.

Сол себепті ойын бастала сала словакиялық хоккейшілер алға қарай ұмтылды. Толассыз шабуылға алғашқы минуттарда қазақстандық қорғаушылар тойтарыс бере білді. 

Ойынның 11-минутында словакиялық Мартин Поспишил есеп ашса, одан кейін Мартин Фашко-Рудаш 12, Матуш Сукель 17-минутта есепті үстемелей түсті. 

Екінші кезеңде қазақстандық құраманың белсенділігі байқалды. Шабуылшы Әлихан Әсетов 23-минутта Словакия қақпасынан саңылау тапса, одан кейін қарсыластар сапынан Либор Гудачек 28-минутта буллиттен мүлт кеткен жоқ. 

Үшінші кезеңнің алғашқы минутында словакиялық хоккейшілер басымдықты арттырды. Олардың қатарынан 41-минутында Мартин Поспишил тағы бір мәрте шеберлік танытса, Лукаш Цингел 45-минутта гол соқты. Ал, 51-минутта қазақстандық Әлихан Өмірбеков есеп айырмасын қысқартты. Осылайша Қазақстан хоккейшілері қарсыласына 2:6 есебімен жеңіліп қалды.

А тобында Финляндия құрамасы Ұлыбританияны 8:0 есебімен тізе бүктірді.

Енді Қазақстан құрамасы алдағы ойынын 14 мамырда Латвияға қарсы өткізсе, словакиялық хоккейшілер 13 мамырда АҚШ-пен ойнайды. 

10-26 мамыр аралығында Чехияның Прага және Острава қалаларында өтіп жатқан дүбірлі додада қазақстандық хоккейшілер В тобында Франция, Словакия, Латвия, Швеция, Германия, АҚШ және Польшамен сынға түсіп жатыр.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!