Фото: IBA
Бүгін, яғни 27 сәуір күні Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында кезекті «IBA Чемпиондар түні» бокс кеші өтеді. Бұл туралы KAZINFORM ақпарат агенттігі хабарлайды.
Жарысты ұйымдастырушылардың айтуынша, аталмыш жоба жанкүйерлер мен боксшылар үшін ерекше болмақ. Себебі, турнир қайырымдылық сипатқа ие.
«Үлкен бокс елінде, Қазақстандағы табиғи апатты естіп, бейжай қала алмадық. Сондықтан билеттен түскен қаржыны су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға көмектесуге шешім қабылдадық. Бокс арқылы біз тек спортшыларға ғана емес, әлемдегі тұрғындарға да көмектесе алатындығымызды көрсетеміз. Қазақстан боксшылары рингте жұдырықтасуы арқылы өз отандастарына пайдалы болатынына қуанады деп сенемін», — деді IBA президенті Умар Кремлев.
Алматыдағы «IBA Чемпиондар түні» кешінде 9 жекпе-жек жоспарланған. Кештің басты айқасында Талғат Шайкен Өзбекстаннан келген Саиджамшид Джафаровпен жұдырықтасады.
«Жекпе-жек Қазақстанда өтеді және белбеу де осы жерде сарапқа салынады. Сондықтан мен бұл белбеуді осында қалдырғым келеді. Сіздердің қолдауларыңызға үміттенемін, достар!», – деп атап өтті салмақ өлшеу рәсімінен кейін Талғат Шайкен.
Аталған бокс кешіне Қазақстанның және әлемнің үздік боксшылары қатысады.
Атап айтсақ, Қазақстан құрамасының сапында Талғат Шәйкеннен бөлек Бекзат Нұрдәулетов, Әли Ахмедов, Фарух Тоқтасунов, Бекман Сойлыбаев, Теміртас Жүсіпов, және Адлан Селмурзаев бастаған боксшылар шаршы алаңға шығады.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!