Kyzylorda-news.kz Талдықорған қаласында индорхоккейден ерлер мен әйелдер арасында өткен Қазақстан Республикасының чемпионатында қызылордалық «Қайсар» командасы табысты өнер көрсетті.

Дүбірлі бəсекеде әйелдер командасы 41 ұпаймен көш бастаса ерлер құрамасы 31 ұпаймен екінші орынды иеленді.

Әйелдер құрамасында ойнаған Ақнұр Нұрлыбекқызы мен Қарақат Төлепбергеновалар бұл жеңісі арқылы индорхоккейден Қазақстан Республикасының спорт шебері атағына қол жеткізді.

«Команда алдындағы мақсат орындалғаны үшін қуаныштымыз. Әйелдер құрамасы чемпион атанса, ерлер командасы күміс жүлдені иеленді. Спортшылар 15-24 сәуір аралығында Талдықорғанда көгалдағы хоккейден өтетін ел чемпионатының бірінші және екінші турларына қатысады. Биылғы жылдың күзінде Бельгияда индорхоккейден өтетін Әлем чемпионатына ерлер арасында Нұрхан Сансызбаев, Бақытбек Сәрсенбайұлы, Шыңғыс Сейітқалиев, ал әйелдер арасында Әйгерім Маханова, Малика Сражадинова, Гузаль Бахавадин, Қарлығаш Болғанбаева мен Алиса Чепкасовалар Қазақстан құрама командасы сапында сайысқа түседі.
Мақсатымыз – бірінші орынды алу », – деді көгалдағы хоккейден және индорхоккейден ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Сұлтанбек Қобландин.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!