Еуропа чемпионатының алғашқы финалисі белгілі болды. Жартылай финалда Испания құрамасын пенальти арқылы қапы қалдырған Италия біріншіліктің алтын жүлдесіне бір қадам жақын қалды. Бүгін күллі әлемді таңқалдырған Италия құрамасының құпиясын ақтарып көреміз.
Италия соңғы рет 2018 жылдың қыркүйегінде Ұлттар кубогында Португалиядан жеңіліпті. Содан бері 33 матч өткізіп (ресми – 28, жолдастық – 5), 29 мачты жеңіспен аяқтап, 4 матчта тең ойнаған.
Катеначчо қайда?! Вертикаль футбол – атымен жоқ. Не өзгерді? Неге сүреңсіз ойнайтын Италия айналасы 1-2 жылдың ішінде түлеп сала берді? Бүгін осы сұрақтарға жауап іздеп көрейік.
60 жыл бойы Мундиальдан тыс қалып көрмеген Италия құрамасы 2018 жылғы Әлем чемпионатының финалдық кезеңіне қатыса алмады. Фиаско. Не істемек керек? Федерация бірден футболға революция жасау керектігін ескеріп, команда бапкері етіп Роберто Манчиниді қойды. Роберто Манчини АПЛ көрген, «Манчестер Ситиді» доминант клуб еткен, 60 жылға жуық трофей алмаған клубқа чемпиондық менталитет сыйлаған бапкер болатын.
Әрине, Манчиниді революционер, новатор деп айтуға болмайды, бірақ ол қолда бар футболшылардан жақсы команда жасай алатын конструктор, команданы қайрай алатын мотиватор, өзі дербес шешім қабылдайтын диктатор. The New York Times басылымында футбол сарапшысы Рори Смит қазіргі Италияның ойынына бір сөзбен «fun» деп баға беріпті. Яғни, қорғанысқа негізделген катеначчо емес, шабуылға негізделген көңілді футбол. Меніңше, Италия катеначчоны да ұмытпаған, бірақ бұл басты философия емес. Қазір қорғаныс пен позициялық футбол арасында ғажап үйлесім (баланс) бар.
Италия финалға дейін 6 матч өткізді. Командада бұрынғы стиль жоқтың қасы. Алыстан пас, 8 футболшымен өз айып алаңында жатып алу. Команда доминант футболға көшкен. Бұрынғыдай қарсылас қақпа алдына келгенде ғана үн қатпай, прессингті ортадан бастайды. Оған да бірнеше себеп бар. Соңғы жылдары Италияның А Сериясында жылдам (интенсивный), доминант футболға көшкен командалар көбейді: Наполи, Аталанта, Лацио, тіпті Сассуоло. Арагідік Интер де, Милан да солай ойнап жүр. Қысқасы, Ювентустен басқасы осы футболды ту етіп, жарқырап жүр. «Сын түзелді, тыңдаушым, сен де түзел» дегендей, чемпионат өзгерді, енді ұлттық құрама да өзгеруге тиіс.
Екіншіден, Манчини команда тізгінін ұстағалы жаңадан 35 ойыншы дебютант атаныпты. Оған қоса, Манчини ойыншыларды клубына қарап емес (Ювентус, Милан, Интер, Рома ойыншыларын ғана шақырмай), кім жақсы ойнап жүр, соның бәрін шақырды. Командада бірінші, екінші құрам деген түсінік жоқ. Кім бабында, сол ойнайды. Бұл құрамадағы кез келген футболшының өзін команданың белді мүшесі, абыройлы ойыншысы сезінуге керемет жағдай жасап берді.
Түркия – Италия: Спинаццола матчтың үздік ойыншысы;
Италия – Швейцария: Локателли матчтың үздік ойыншысы;
Уэльс – Италия: Федерико Кьеза матчтың үздік ойыншысы.
Әр ойында әртүрлі позициядағы әртүрлі ойыншы үздік болып келе жатыр.
Үшіншіден, Манчини дұрыс капитан таңдады. Бонуччи «Ювентустен» «Миланға» ауысып, Туринге қайта оралған соң, оның жанкүйер алдындағы, тіпті құрама алдындағы бұрынғы абыройы жоқ. «Басын тауға да, тасқа да соғуға» дайын Джорджо Кьеллини дұрыс таңдау. Лидер емес, бірақ өжет ойыншы. Оған қоса, Бонуччи екеуі 10 жылдан астам уақыт қорғаныста тамаша тандем құрып келеді. Бұл да 6
Италия қорғанысының әлі күнге дейін сыр бермеуінің басты факторы. Команда соңғы 10 матчты 32:0 есебімен ұтты.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!