«Евразия» спорт кешенінде Киокушинкай-кан каратэден Қазақстан Республикасының кубогы өтті. Аталған жарыс Азия чемпионатына іріктеу мақсатында ұйымдастырылды. Жарысқа еліміздің 16 облысынан 600-ден астам спортшы қатысты.

Жекпе-жек облыс әкімінің бірінші орынбасары, Қазақстан Республикасы Ұлттық киокушинкай-кан каратэ федерациясының Қызылорда облыстық филиалының президенті Данияр Жаналинов ашып, халқымыздың ежелгі жауынгерлік рухын көтеруде үлкен маңызы бар аталған спорт түрін дәріптеу – бүгінгі барша спорт сүйер азаматтардың мерейлі міндеті екенін атап өтті. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Ұлттық киокушинкай-кан каратэ федерациясының президенті Омархан Өксікбаев өз құттықтауын жеткізіп, барша қатысушыларға сәттілік тіледі.

Жарыс айтарлықтай жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Балалар, жасөспірімдер, жігіттер арасындағы жекпе-жек те, қыздар арасындағы текетірес те тартысты өтті. Турнир жас спортшылар үшін ғана емес, олардың ата-аналары үшін де эмоцияға толы болды. Олардың бірі перзентіне мотивация берсе, бірі сөзбен қолдады.

Спортшылар ката және кумитэ жүйелерінен сынға түсті. Қазақстан кубогында астаналық спортшылар жоғары нәтиже көрсетті. Олардың еншісінде барлығы 54 (22 алтын, 15 күміс, 17 қола) медаль бар.

Ал Ақмола облысының командасы 18 (8-7-3), Ұлытау облысы 21 (7-4-10) медаль еншіледі. Сондай-ақ татами төріндегі тартыста дан-тест емтиxанынан өткен спортшыларға қара белбеу табысталды.

Облыс атынан қатысып, жеңіс тұғырынан көрінген спортшыларға келсек, ката бағдарламасы бойынша +18 жас аралығында Мәди Мейрамбек I орынды иеленсе, Әли Мейрамбек II орынды еншіледі. Осы спортшыларымыз кумитэ бағдарламасы бойынша да жүлделі III орынға тұрақтады. Қыздар арасынан Балнұр Серік пен Еңлік Жанатова да III орынды жеңіп алды. Жаттықтырушылары – Б.Мұханов. Қызылорда құрамасы осы жарыс бойынша 8 жолдамаға ие болды.

Мақсат ҚОСЫМБАЕВ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!