Ғылымды серік еткен өнертапқыштар әлемді жаңа сипатта өзгертуде. Сөзімізге сәт сайын жаңаратын технологиялар, адам өмірін жеңілдете түсетін құрылғылардың көз ілеспес жылдамдықпен таралуы дәлел. Осындай қарқынмен техника дәуірі дамыған тұста қазақ жастарының да қапы қалмайтыны анық. Жан-жақты ізденуді, білім алуды көздеген олар тың жобаларды дүниеге әкелуде. Олардың қатарында қызылордалық жастар Раушанбек Бейбарыс пен Оралбек Абдуллаев та бар.

Жуырда Астана қаласында қазақстан­дық білім беру және спорттық робототехника «Қазроботикс» федерациясының «KazRoboSport − 2022» республикалық чемпионаты өтті. Білім саласында алдына жан салмайтын жүйріктер жиналған байқау бәсеке алаңына айналғаны сөзсіз. Себебі мұнда еліміздің түпкір-түпкірінен шын таланттар бас қосты. Жас ғалымдар үшін Nazarbayev University және «Astana-IT» университетіне арнайы экскурсия ұйымдастырылып, білім алушыларға қызықты ақпараттар ұсынылды.
Байқауда Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің «Информатика және ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» кафедрасының білім алушылары да бақ сынады. Сыр өңірінің сенімін ақтауды мақсат еткен Раушанбек Бейбарыс пен Оралбек «Робо-сумо 10×10» категориясы бойынша жүлделі 3-орынды қанжығасына байлады.
Қызылорда қалалық оқушылар сарайының «Робототехника» үйірмесінің жетекшісі, қазақстандық “Казроботикс” білім беру және спорттық робототехника федерациясының Қызылорда облысы бойынша өкілі Раушанбектің жетістік жолы қарсыластарына үлгі. Қазір университеттің төртінші курсында білім алып жүрген ол байқаудағы қарсыластарының осал болмағанын айтады.
− Мен 2015 жылдан, яғни 8 сынып оқып жүрген сәтімнен бастап оқушылар сарайында робототехника үйірмесіне қатысып, түрлі жарыстарда бақ сынадым. Жуырда қазақстандық “Казроботикс” білім беру және спорттық робототехника федерациясының ұйымдастыруымен тартысты жарыс өтті. «Робо-сумо 10-10» категориясы бойынша робот әзірлеуге төрт айға жуық уақыт жұмсадық. «Робо-сумо» бағытының өз ережесі мен талабы бар. Негізгі ереже бойынша екі робот диаметрі 75 см шеңбер ішінде бір-бірін итеріп, шеңбер сыртына шығарып тастауы керек. Бұл жарыста роботтың күші мен жылдамдығы ескеріледі, сондықтан дайындықты алдын ала дұрыс ойластыру қажет. «Робо-сумо» категориясы бойынша 17 облыстан 10 команда қатысты. Қарсыластарымыз өте мықты болды, әсіресе Алматы қаласы мен Маңғыстау облысының командалары үздік шығып, І-ІІ орынды иеленді. Жарыс тартысты өтті десем қателескенім емес. Жол жүру билетімізді, жарыс кезіндегі қонақ үй қызметін “Казроботикс” федерациясы қамтамасыз етті. Мұның бәрі біз үшін үлкен қолдау болды. Жарыс барысында түрлі білім алаңдарын аралап, жан-жақты танысып үлгердік. Мысалы, жарыс алдында Астана қаласының облыстық оқушылар үйіне аялдадық, ал чемпионат “Қадыр Мырза Әлі атындағы Binom мектебінде” ұйымдастырылды. Жарыс аяқталғаннан кейін марапаттау рәсімі “Astana-hub-та” өтті. “Назарбаев университеті” мен “Astana-IT” университетіне барған сапарымыз бізге үлкен тәжірибе болды, − дейді жас өнертапқыш.
Айта кетейік, Раушанбек алдағы уақытта робототехника жарыстарына өзі қатыспайды. Есесіне бәсекеге толы байқаулардан Раушанбек дайындаған оқушыларды көретін боламыз. Бұл білімді жас үшін тағы бір үлкен жауапкершілікке толы белес болары сөзсіз.


Гүлдана НҰРТАЙҚЫЗЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!