Келер жылы жазғы Олимпиада ойындарына киберспорт қосылады деген жаңалық шыққалы виртуалды спорт елімізде белең алды. Әсіресе жастар арасында қызығушылық артып, командалардың саны ұлғайды. Бұл спорт түрінің елімізде дамуы екі мыңыншы жылдарда басталды. Алғашында аталған индустрия «андеграунд» саласында ғана, яғни ойыншылардың, ынтагер-инвесторлардың және шағын компьютерлік клубтардың қаражаты есебінен ғана әрекет етті. Қазақстандық киберспорттың негізін кәсіпкер Мұрат Жұмашұлы қалады. Ол әлі толық қалыптаспаған саланың келешегінен үміттеніп, «K23» деп аталатын ұйым құрды. Міне, біздегі киберспорттың бастауы осылай. Жалпы бұл спортқа елдің көзқарасы қандай? Болашағынан қандай үміт күтуге болады деген сауалдардың жауабын білу мақсатында Қазақстан киберспорт федерациясының бас хатшысы Әлібек Ахановпен тілдескен едік.

– Әлеке, елімізде киберспорт кеңінен танылды. Бұл күнге жету үшін біршама жұмыс атқарылғаны белгілі…

– Киберспорт – Қазақстанда 15-20 жыл көлемінде, бірте-бірте дамып келе жатқан сала. Тоқсаныншы жылдардың аяғында киберспорт компьютерлік клубтағы әуесқой топ арасындағы жарыс түрінде өтіп келсе, осыдан он жылдай бұрын онымен кәсіби түрде айналысатын топтар құрылды. Мысал үшін көпшілік жастарға танымал «Gambit Esports» тобын атап өтсек болады. Қазақстаннан шыққан киберспортшылар дүниежүзілік деңгейде жүлделі орындарды иелене бастады. Осы үрдіспен қатар Қазақстанда киберспортты дамытуға ұмтылған ұйымдар да ашыла бастады. Кем дегенде 6-7 ұйым өздерін киберспорт федерациясы ретінде жариялады. Алайда олардың қызметі тек өз елді-мекендерінің шеңберінде ғана, сол федерацияны құрған компьютерлік клубтардың негізінде ғана жүргізілді. Сондықтан Қазақстанда киберспортты жүйелі түрде дамытумен айналысатын ұйымның құрылуы көптен күткен жаңалық болды. 2017 жылдың желтоқсанында киберспортқа жанашыр жас азаматтармен құрылған «Qazaq Cybersport Federation» республикалық қоғамдық бірлестігі қысқа мерзімнің ішінде еліміздің басым бөлігінде өз өкілдіктерін ашып, дүниежүзілік киберспорт ұйымдарында мүшелікке ие болып, Мәдениет және спорт министрлігінің ресми акредиттеуінен өткені қуантты. Өйткені кез келген спорт түрінің дамуы үшін тиянақты, әрі жүйелі жұмыс істеу керек. Енді киберспорт саласында шынайы федерацияның құрылуы осы салаға үлкен мүмкіндіктер ашты. Мемлекет осы «Qazaq Cybersport Federation» бірлестігін жауапты серіктес ретінде қарастыруының нәтижесінде киберспортты ресми спорт түрлерінің қатарына қосу мүмкін болды.

– Бүгінде киберспортпен қанша қазақстандық айналысады?

– Еліміздегі 14 пен 29 жас аралығындағы жастардың кем дегенде 70% компьютерлік ойындарға қызығатындығы сөзсіз. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, Қазақстандағы 19 миллион халықтың кемінде 30% жастарға жатады, яғни 5 миллионға жуық. Жобалап алғанда, киберспорт мәселелері 2-3 миллион жасқа өте қызықты тақырып. Әрине, қазіргі таңда киберспортпен кәсіби түрде айналысатын адамдардың саны едәуір аз. Әртүрлі салалық сарапшылардың есебінше 600-700 адамға жетіп қалуы мүмкін. Тағы да айта кету керек, аталған сандардың барлығы тек болжам.

– Киберспорт барлық облыста бар екенін білдік. Қай өңір белсенді?

– Киберспорттың дамуы экономикалық-әлеуметтік дамуы жоғары аймақтарға ғана тән. Өйткені онымен шұғылдану үшін өте күшті компьютерлер қажет, интернет желісінің жылдамдығы жоғары болуы керек. Сондықтан бүгінгі таңда киберспорт тек Алматы, Нұр-Сұлтан және өзге ірі қалаларда ғана дамып жатыр. Федерация бұл жағдайды өзгертіп, барлық өңірлерге тең мүмкіндк береді деген үміттеміз. Болашақта ауылдан шыққан жастардың дүниежүзілік ареналарға шығуын күтеміз.

– Көпшілік үшін бұл аздап түсініксіз спорт саналады, яғни киберспортқа қызығатындар ғана түсінуі мүмкін. Мұндағы басты принцип қандай?

– Кейбір спорт түрлері онымен қызықпайтындарға түсініксіздеу болып көрінуі рас. Мысалы, американдық футбол, керлинг секілді спорт түрлері де біздің көрермендердің басым көпшілігіне бейтаныс, алайда дүниежүзінде олардың миллиондаған жанкүйері бар. Сол секілді киберспорт та, жасы қырықтан асқан кісілерге тек баланың ойыны ретінде көрінуі мүмкін. Алайда дүниежүзінде киберспорт жарыстарын 300 миллионнан астам адам тамашалайды. Киберспорттың негізгі қағидалары мынандай – спортшылардың бастапқы мүмкіндіктері тең, ешқандай кездейсоқтықтар әсер етпейді, жеңіске тек киберспортшының ойлау қабілеті және реакция жылдамдығы әсер етеді. Киберспорттың ең негізгі тірегі – бұл стратегиялық ой, топ ішіндегі жұмысты дұрыс ұйымдастыра білу. Өйткені көп жағдайда клавиатура мен компьютерлік тышқанды тез баса алатын қатысушылар емес, өздерінің стратегиясын дұрыс нықтай білген қатысушылар жеңіп шығады. Сондықтан жастайынан киберспортпен қызыққан бала болашақта стратегиялық ойлауға қабілеті өте жоғары болады. Бұл қабілет кейін олардың жұмысында, бизнеспен айналысқан кезде қажет болатыны сөзсіз.

– Киберспортты Қазақстанда дамыту үшін қандай шаралар қолға алынып жатыр?

– Киберспорт айтарлықтай күрделі спорт түрі. Оны кейде тіпті классикалық спорт түрлерінен де күрделірек деуге болады. Сондықтан федерацияны қалыптастырмас бұрын біз әлемдік киберспорт нарығына, сондай-ақ жекелеген елдердің – АҚШ-тан бастап, Еуропаның дамыған елдерінің, Қытай мен Кореяның киберспорт нарығына талдау жүргіздік. Инфрақұрылымды нөлден бастап құру тәжірибесін, жарыс нормалары мен талаптарын қалыптастыру үдерісін зерделедік, кәсіптік киберспортшыларды тарттық. Небәрі үш жыл ішінде біз 15-тен артық кибердисциплина бойынша ішкі жарыстар желісін құрастырдық. Егер турнирлік инфрақұрылымды құрастыруға кіріскен 2020 жылдың тоғыз айы ішінде елімізде небәрі 38 жарыс өткізілсе, өткен жылы қазақстандықтар 268 турнирге онлайн қатысуға мүмкіндік алды. Платформамыздағы жаңа пайдаланушылардың саны жыл сайын ондаған мың адамға ұлғаюда. Мысалы, 2021 жылғы өсім 96,9 мың адамды құрады, ал жүлде қорының жалпы көлемі шамамен 126 млн теңгеге жетті.

  • Бұл жай ғана ойын емес қой…

– Әрине, жай ойын емес. Негізінде халлықтың консервативтік бөлігінің пікірінше, киберспорт бұрынғысынша гейминг болып қалуда, ал киберспортшы спортшы емес, ойынқұмар деп есептеледі. Алайда шын мәнісінде жағдай мүлдем басқаша. Киберспорт федерациясы да осы бағытта жұмыстар жүргізуде және аталған спорт түрінің құндылықтарын дәріптеу қажет деп есептейді. Мысалы, өткен жылдың көктемінде Қазақстанда республикалық деңгейдегі 1xbet Qazaqstan Respublikasynyŋ Kubogi киберспорттық турнирі өтті, жүлде қоры 1,5 млн теңгені құрады. Бұл тұрғыда жүлде қоры маңызды емес, себебі ол үнемі ұлғая түседі (мысалы, жазғы кубоктың жүлде қоры 3,5 млн теңгені құрады). Маңыздысы – турнирдегі жеңісі үшін қазақстандық киберспортшылар ресми спорттық разрядтармен – спорт шеберлігінен үміткер және спорт шебері разрядтарымен алғаш рет марапатталды. «Мұндай спорт разряды – сіздің ұлыңыздың немесе қызыңыздың жай ғана ойын ойнап жүрмегенінің, шынымен де ұлтымыздың мақтанышына айналатынының ресми дәлелі. Бүгінгі таңда киберспорт – өскелең ұрпақ үшін нағыз әлеуметтік жеделсаты.

Әңгімелескен

Ерасыл ШӘРІБЕК

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!