Футболдан 2024 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңі жалғасуда. Кеше ғана біздің жігіттер Дания құрамасымен бақ сынасты. Қазақстан ұтылып жатып, небәрі 15 минутта кэмбек жасады.

Расында, футболсүйер қауым үшін ең қызықты өткен матчтың бірі болды бұл. Алғашқы кезеңде жеңіліспен бастаған командамыз бұл турда Симон Кьер бастаған, Каспер Шмейхель қостаған Данияны ойынның соңғы минуттарында тізе бүктірді. Жеңіс оңай келген жоқ. Әлемдік сарапшылар ойын алдында еуропалық ұжымның қалайда басым түсетінін айтып, шулаған болатын. Оған себеп те жоқ емес. Өйткені ФИФА рейтингінде Дания 18, Қазақстан 115-нші орында тұр. Енді ойын жайында бірер сөз.
Бірінші таймда еуропалықтар допқа иелік етіп бастады. Ал біздікілер мардымды ойын көрсете алмады. Даниялықтар ә дегеннен қақпамызға лап қойып, жойқын шабуылдар ұйымдастырды. Соның арқасында кездесудің 21 минутына жасыл алаңда жасындай жарқылдаған Расмус Хёйлунн алғашқы голын салды. Алайда италиялық «Аталанта» клубының намысын қорғап жүрген 23 жасар шабуылшы мұнымен шектелмеді. Араға 15 минут салып, 36 минутта таблодағы есепті еселеп кетті. Осылайша бірінші тайм 0:2 есебімен қарсыластың пайдасына шешілді. Бірақ үміт жоғалған жоқ. Алда тағы бір тайм бар еді.
Ойынның екінші бөлігінде Қазақстан шабуылды үдете түсті. Әсіресе, Асхат пен Абат жұбы Дания қорғаушыларын біраз әбігерге салды. Қос қапталдан жиі-жиі пас асырылды. Сондай бір сәтте қонақтар өз алаңында тәртіп бұзды. Пенальти. 11 метрлік айып добын сәтті орындаған Бактиёр Зайнутдинов 73 минутта есеп айырмасын бір голға қысқартты. Ал 86 минутта Асхат Тағыбергеннің айып алаңының сыртынан тепкен добын қарсылас қақпасында тулатты. Осылайша, қиын ойында таразы басын теңесті. Осыдан соң жанкүйерлерді де, футболшыларды да жігерлене түскендей. Солай болды да. Араға 3 минут салып, Абат Айымбетов әуелеп келген допты баспен қақпаға енгізді. Алға шықтық. Есеп 3:2. Осыдан соң Дания да есе қайтаруға тырысып, тайлы тұяғымен шабуылдаса да нәтиже шығара алмады. Төрешілер негізгі уақыт аяқталғаннан кейін қосымша төрт минут қосып берді. Бірақ ойын соңына дейін еуропалық ұжым гол соға алмай, бұл кездесуде жеңіліс тапты. Осылайша, екі ойында 3 ұпай жинаған ұлттық құрама турнирлік кестеде 2 орынға табан тіреді.
Орайы келгенде айта кетейік, екі команда бұған дейін төрт мәрте кездессе, соның барлығында даниялық футболшылар жеңіске жеткен еді. Қазақстан мен Дания құрамаларының таныстығы сонау 2005 жылы басталған. Бір қызығы, екі елдің футболшылары алғаш рет 2005 жылдың 26 наурызында ойнаған екен. Енді, міне арада тұп-тура 13 жыл өткенде бесінші мәрте кездесті. Енді Қазақстан алдағы ойынын 16 маусымда сырт алаңда Сан-Мариноға қарсы өткізеді. Ал Даниямен қарымта кездесу күзге жоспарланған.
«Өткен ойында өз алаңымыздағы жеңіліс құрамаға біршама әсер етті. Шегінерге жол жоқ. Бұл жайында ойыншы­лармен әңгімелестік. Даниямен кездесуде бірінші кезең біз ойлағандай болған жоқ. Екі гол қателіктер сал­да­рынан соғылды. Екінші кезеңде ойыншылардың бір-бірін түсінуі оңайға соқты. Оны оңтайлы пайдалана алдық» деді Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Магомед Адиев ойыннан соң.
Мынадай сенсация еуропалықтар үшін күтпеген жағдай еді. Оны Дания ұлттық құрамасының бас бапкері Каспер Юльманн өз сөзінде мойындады.
«Қазақстан құрамасын жеңісімен құттықтаймын! Нәтижеге көңіліміз толмайды. Ойынның бірінші жартысынан соң, мұндай кэмбек жасалады десе сенбес едім. Негізі, ойынның басым бөлігінде жақсы ойын көрсеттік. Ал соңғы 15 минут біз үшін өте қолайсыз болды. Бұл тактикаға қатысты емес. Көңіл-күйге байланысты. Бұл көрсеткіш соңғы рет қайталанып отыр деп ойлаймын», – деді бапкер.
Мұнан кейін қорғаушы Йоаким Меле де Қазақстаннан жеңіліске ұшырағанына қатысты пікір білдірді.
«Менің ойымша, бірінші тайм жақсы өтті. Біз бар күш-жігерімізбен ойнадық. Біз екі гол соқтық. Үзіліс кезінде бәріне байыппен қарап, жеңіс туралы сөйлестік, себебі бұл салмақты ойын еді. Сосын біртүрлі пенальти болды, мен бұл сәтті әлі көрмедім. Иә, мұндай жағдайлар болуы мүмкін, бірақ біз бірге болуымыз керек. Көрермендер тамаша атмосфера сыйлады. Бірақ біздің көңіліміз қалды. Иә, соңғы 15 минутта үш рет жіберіп алу деген сұмдық. Біз бұдан сабақ алып, ешқашан қайталанбайтынына уәде беруіміз керек», – деді Й.Меле.
Еске салайық, «Футбол на Куличках» сайты 2024 жылғы Еуропа чемпионатына іріктеудің екінші турындағы Қазақстан-Дания матчіндегі ең мықты ойыншыны анықтады. Ол – Қазақстан командасының капитаны Асхат Тағыберген.
«Қазақстан құрамасының капитаны алысқа тепкен әдемі соққысымен алаң қожайындарын рухтандырды. Асхат есепті теңестіргеннен кейін «қаршығалар» еркіті жеңіске жетті. Голға дейін де Тағыберген қақпаға үш соққы жасап, жақсы пастар берді. Қонақтардан дубль авторы Хейлуннды атап өтпеуге болмас, алайда оның жетістіктерін серіктестерінің қателігі шайып тастады», – делінген мәтінде.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!