Нәзіктіктің символы саналатын спорттың Сыр өңіріндегі бет алысын білу үшін «Мұз айдынындағы» дайындық залына барып, жаттықтырушы Диана Қанатбекпен тілдестік.

– Диана, бүгінде көркем гимнастикамен шұғылданғысы келетіндер үшін қиындық жоқ. Жалпы біздің өңірде бұл спорт түріне сұраныс қандай?
– Иә, дұрыс айтасыз. Көркем гимнастикамен айналысушыларға барлық жағдай бар. Спортқа қызығушығы мен икемділігі болса жеткілікті. Қызылордада бұл спорт түріне қызығушылық жоғары деп айтуға болады. Күн санап келушілердің қатары қалың. Бүгінде 100-ден аса шәкірт тәрбилеп жатырмыз. Барлығын бір аумақта қамту мүмкін емес. Сондықтан жаттығуды үш топқа бөліп жүргіземіз. Кіші топ – 4-8 жасты құраса, орта топта – 9-13 жас аралығындағы тәрбиеленушілер жаттығу жасайды. Ал үлкен топта – 13 жастан жоғары қатысушыларымыз дайындық жұмыстарын жүргізеді.
– Қатысушыларға қандай талап қоясыздар?
– Біз ең алдымен жас балғындардың дене бітіміне, «мостик» пен «шпагат» жасай алатынына және иілгіштігіне назар аударамыз. Егер баланың бойында көркем гимнастиканың алғышарттары жоқ болса, оны шаршатып қайтеміз? Әсіресе, толық қыздарды көп әкеледі. Олар гимнастиканың бір-екі жаттығуын жасай алғанымен, ертең кәсіби шеберлігі өспейді. Уақытын жоғалтпас үшін оларға спорттың өзге түрімен шұғылдануына кеңес береміз. Ал кейбірі жаттығудың қиындығына шыдай алмай кетіп қалады. Әрине, күн сайын үш сағаттан жаттығудың оңай соқпасы анық. Кейде ата-аналар қызын бүгін әкеліп, ертең чемпион болып шығуын қалайды. Ол мүмкін емес жайт. Биікті бағындыру үшін көп дайындық қажет.
– Шәкірттің шыңға шығуына бапкердің қызметі маңызды. Өзіңізден бөлек бұл спорттың көкжиегін кеңейтуде қандай мамандар қызмет істейді?
– Қазір дарынды қыздарды облысымыздың бас жаттықтырушысы Гүлмира Апсұлтанқызы жаттықтыруда. Гүлмира апайдың еңбегі ұшан теңіз. Қызылордаға көркем гимнастиканы алып келді деуге болады. Бас жаттықтырушының арқасында көптеген жетістікке қол жеткіздік. Гүлмира Апсұлтанқызынан бөлек, Толқын Абдиева, Айсұлу Мадиева, Бану Абенова секілді мықты ұстаздар балаларды гимнастикаға баулиды.
– Шәкірттеріңіздің жетістіктеріне тоқталайықшы. Сыр өңірі қандай көркем гимнастшылармен мақтанады?
– Қызылордалық спортшылардың республикадағы көрсеткіші жыл санап жақсарып келеді. Шәкірттер арасынан бірнеше жеңімпаз бен жүлдегерлер шықты. Әлемдік бәсекеде бақ сынап, ел намысын қорғап жүр. Соның бірі – Сингапурдағы топтық эстетикалық гимнастикадан «Aesthetic Group Gymnastics World Cup II & Challenge Cup II 2 Singapore» халықаралық жарысы. Байрақты бәсекеге Австралия, Малайзия, Сингапур, АҚШ, Канада, Таиланд, Жаңа Зеландия, Тайвань және Жапония секілді мықты елдердің спортшылары қатысты. Сол бәсекеде 8-10 және 10-12 жас санатында «Сейхун 2» командасы қолаға қол созды. Дана Садықова, Ақбота Өтеген, Әсел Марат, Ақерке Шілдебаева, Раушан Асфендиярова, Надира Сражадин сынды шәкірттер мықтылар қатарына ілігуде.
– Байқасақ, өзге спорт түрлерінде саңлақтар 37 тіпті 40 жасқа дейін өнер көрсетеді. Өкінішке қарай көркем гимнастикада спортшылар мансабын ерте аяқтайды. Мұның сыры неде?
– Көркем гимнастикаға спортшылар ерте бейімделеді. 3 жастан бастап қатысатындары да бар. Көбіне спортшылар 22-23-ке дейін ғана қатысып, мансабын аяқтайды. Өйткені жас ұлғайған сайын салмақ өседі. Артық салмақ гимнастшыларға кедергі болады. Оның үстіне бұлшық еттері қатайып, жарақат жиі алады. Соның салдарынан көркем гимнастикадағы спортшылар мансабын ерте аяқтайды.
– Әлемдік додаларда ел құрамасының ауыз толтырып айтатындай жетістігі жоқ. Ең үлкен дәрежеміз Әлия Юсупованың ғана олимпиададағы үздік төрттікке енуі. Неліктен?
– Ең алдымен білікті кадрлардың тапшылығынан десек болады. Мысалы, біздің өңірдің өзінде тәжірибелі жалғыз маман бар. Ол барлығына бірдей жетпейді. Сондықтан кадр біліктілігін арттыру қажет. Әлем чемпионатының жүлдесі тек бізге ғана емес дамушы мемлекеттерге де тәуелді. Сараптап қарасақ осы уақытқа дейін тек 17 мемлекеттің спортшылары ғана әлем біріншілігінің жүлдесін еншілеген.
– Болгарияның астанасы Софияда әлем чемпионаты басталады. Ел құрамасын үздіктер қатарынан көріп қалуымыз мүмкін бе?
– Иә, 18 қыркүйекке дейін Софияда кезекті әлем бірінішілігі өтеді. Жарыста тоғыз жүлде жиынтығы сарапқа салынады. Қазақ елі намысын сегіз спортшы қорғайды. Олар – Елжана Тәниева, Айболат Ертайқызы, Рената Жолдинова, Сағина Мұратқызы, Әсел Шүкірбай, Айдана Шаяхметова, Аружан Қасенова және Роза Әбитова. Барлығы да республикалық жарыстардың жеңімпазы. Сондықтан үміт бар.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан М.Снадин

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!