Алматылық «Қайрат» футбол клубының бас бапкері Рафаэль Уразбахтин қақпашыларға беріліп жатқан көліктерге қатысты пікір білдірді. Бүгін «Қайрат» пен «Жетісу» арасындағы матчтан кейін ол журналистерге мәлімдеме жасады, деп хабарлайды “Адырна”.
«Сыйлық беретін бизнесмендерге біз тыйым сала алмаймыз. Бірақ бір ойыншыны бөліп көрсету дұрыс емес. Футбол – командалық ойын. Егер шынымен көмектескісі келсе, клубқа көмектессін. Ал сыйлық беретін болса, бәріне бірдей берсін. Бір адамды ерекшелеп көрсету командалық рухқа зиян. Біздің клубтың саясаты да осындай. Дегенмен, сыйлық беріп жатқан кәсіпкерлерге ештеңе үйрете алмаймыз. Тек айтарым – егер қолдау көрсеткілеріңіз келсе, барлығын қолдаңыздар», – деді Уразбахтин.
Еске сала кетейік, Чемпиондар лигасының топтық кезеңінде екі матчта алаңға шыққан 18 жастағы қақпашы Шерхан Қалмұрза мадридтік «Реалға» қарсы кездесуден кейін автокөлік иеленген еді. Ал жақында «Селтикпен» өткен ойында ерлік көрсеткен қақпашы Темірлан Анарбеков те автокөлікке ие болды.
Енді алматылықтарды алда екі маңызды кездесу күтіп тұр: Чемпиондар лигасында «Қайрат» пен «Пафос» арасындағы ойын 21 қазан күні өтеді, ал ҚПЛ аясында 26 қазанда «Қайрат» пен «Астана» кездеседі.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!