фото: baq.kz
Париж Олимпиадасының нәтижесінен кейін отандық спорттағы легионер мәселесі біраз дау тудырып, сырттан келетін «жалдамалыларға» тыйым салу керегі айтылды. Енді легионерлер мәселесі қалай шешіледі зерттеу жасап көрген едік, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жалпы легионерлер ұлттық құрама мүшесі болып жарысқа қатыса ала ма? Әуелі осы сұраққа тоқталып, легионер сөзіне түсініктеме бергенді жөн көрдік.
Легионер ме, әлде Қазақстандық азаматтар ма?
Легионер- басқа елдің клубында ойнайтын шетелдік ойыншыны айтады. Легионерлер өз елінен тыс жерде, көбіне кәсіби лигаларда немесе клубтарда келісімшарт негізінде ойнайды.
Олардың мақсаты – командаға тәжірибесімен және шеберлігімен үлес қосып, жалпы ойын деңгейін арттыру. Легионерлер тек қана спортта емес, өзге елдерде жұмыс істейтін әскери немесе басқа да мамандарға қатысты да қолданылуы мүмкін, бірақ спорт саласында кең таралған.
Ұлттық құрамада өзге елден қосылған спортшыларды – Қазақстандық азаматтар деп атаймыз. Яғни ол Қазақстан азаматтығын алып, жарысқа шығады. Егер азаматтығы болмаса ұлттық құрамаға қосылмайды, Олимпиадаға қатыспайды.
Бізде легионер деп шетел азаматын айтамыз, ал Қазақстан азаматтығы барлар легионер деп аталмайды. Қазақстандық азаматтар, – деп нақтылады Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметі.
Демек бұл ақпаратқа сүйенсек, Олимпиада баратын спортшылардың барлығы Қазақстан азаматы болып есептеледі.
Алайда азаматтық алып, ел атынан сынға түскен соң қайта өзге елге кетіп қалған спортшылар да бар. Ресми жауапқа сүйенсек, Тәуелсіздік алғаннан кейін Олимпиада ойындарына 11 елден Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Армения, Грузия, Қытай, Әзербайжан, Украина, Моңғолия, Сербия, Кения 64 қазақстандық азамат (легионер) қатысқан. Олимпиада ойындарында барлығы 15-і жүлделі орынға ие болды. Оның ішінде 3 алтын, 3 күміс, 9 қола бар. Арасында допинг дауына ілігіп жүлдесінен айрылған спортшылар да бар.
Алла Важенина (Ресей) – ауыр атлетикадан Бейжің Олимпиадасының алдымен күміс жүлдегері атанады. Кейін қарсыласы допингпен ұсталып, Олимпиаданың алтынын иеленді. Бұл спортшы туралы ақпарат іздеп көрдік. Біз тапқан ақпаратта Ресейдегі Шадринск қаласының спорт, дене шынықтыру және туризм комитетінің басшысы қызметін атқарғаны жайлы мәлімет алдық. Осы қызметке ол 2023 жылы мамырда тағайындалған екен. Ал қазір Ямалдағы Губкинский қаласына көшіп, сол жерде спорт басқармасының басшысы қызметіне кірісіпті.
Александр Гайдуков (Ресей) – 1974 жылы 10 қаңтарда Волгоградта туған. Қазақстан құрамасының мүшесі ретінде 2004 жылғы Афинадағы Олимпиада ойындарына қатысқан. Азия ойындарында бірқатар медальдар жеңіп алады. Соның ішінде 2002 және 2010 жылдары алтын және 2006 жылы қола жүлдеге ие болады. Гайдуков ойыншы ретіндегі мансабын аяқтағаннан кейін, Ресей әйелдер су добы құрамасын жаттықтыру үшін Ресейге кетеді. 2016 жылғы Рио Олимпиадасында қола жүлдеге қол жеткізеді.
Алексей Панфили (Ресей)- еліміздің атынан азаматтық алып Олимпиада қатысқан тағы бір ойыншы. Су добы спорты бойынша сынға түседі. Панфили 1996 жылы Ресей құрамасында және 2012 жылы Қазақстан құрамасында Олимпиада ойындарына қатысады. Алексей туралы іздеген кезде қазіргі уақытта Спартак-Волгоград клубының жаттықтырушы екенінен басқа ақпарат таппадық.
Келесі спортшы Қазақстан азаматтығын алып, Олимпиадаға қатысып кейін мұхит асып кеткен. Ол – Мхитар Манукян. Арменияның тумасы. 1997 жылы Қазақстанға келіп, азаматтық алады. 2004 жылғы Афина Олимпиадасында грек-рим күресінен қола медальға ие болған. Манукян 2005 жылы мансабын аяқтап, Қазақстан құрамасында жаттықтырушы болып жүреді. Содан кейін 2015 жылы маусым айында мұхит асып Америкаға кетіп қалады. Қазір қандай іспен айналысып жүргенін анықтау мүмкін болмады.
Иә, бұл аталған спортшылар Қазақстан азаматтығын алып, ұлттық құрама мүшесі болып, жарыстарға қатысқандардың біршамасы ғана. Қалған спортшыларды да алдағы уақытта анықтай жатармыз. Енді алдағы уақытта азаматтық берілу керек пе, жоқ па спорт журналисі Аслан Қаженовтің пікірін білдік.
Легионерлер мемлекеттік бюджетке қалай әсере етеді?
Шеттен спортшыны алып келіп, Қазақстанның атынан жарысқа шығарып, соның жылдам, жылтыр жеңістеріне қуанудан қазақ халқы шаршады. Қазақстан тәуелсіздік алған жылдардан бері сондай тәжірибе кеңінен қолданылған. Алғашқы жылдары актуалды болды, қажет болды. Біз өзіміздің тәуелсізік алған жылдары өзіміздің еліміз бар екенін, туымыз, әнұранымыз бар екенін көрсету керек болды. Бертін келе ол өзектілігін жойды. Қазір қазақ халқына қазақ қыздарының, балаларының жеңіске жеткені керек. Жеңіске жетпесе де солардың әлемдік аламандарға қатысып, тәжірибе жинағаны маңызды болып тұр. Сондықтан «легионер» яғни шеттен спортшы алып келудің ешқандай қажеті жоқ. Олар бір жағынан мемлекет бюджетіне масыл болады. Мойнына отырып алады десек болады. Қазақ спортшылары секілді барлық сыйақыларды алады. Бонустар төленеді. Трансферлік ақылар бар деген сияқты. Көп шығын шығып жатыр. Өкініштісі олар алдағы уақытта өз елдеріне қайтып кетуі мүмкін. Сондай мысалдар көп. Тәуелсіздік алған жылдары 120-дан астам легионер боолса, солардың 90-95%-ы өз отанына оралған. Екінші жағынан, шетелден спортшы алып келгенде ол біздің ұлттық құрамадығы штаттық орынға жайғасады. Оның өз орны, жалақысы бар. Оның барлық шығындары мемлекет тарапынан көтеріледі. Жарысы болсын, жаттығуы болсын деген сияқты. Сол ұлттық құрамаға келгенде ол бір қазақ қызының немесе ұлының жолын жабады, – дейді Аслан Қаженов.
Көк паспортымыз берілген 120-дан астам спортшының 79-ы өз туған жеріне қайтып кеткен. Мұны Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік анықтады. Журналист Аслан Каженотің айтуынша, шеттен келген спортшыларға көк паспорт жылдам беріледі.
Қазақстанда шалғай елді-мекендерде ұлттық құрамаға кірсем,еліміздің атынан жарыстарға қатыссам деп армандап өсіп келе жатқан балалар бар. Ол жасөспірім, жастар кезінде өз-өзін дәлелдеп әне-міне деп ересектер қатарына қосылдым, ұлттық құрамаға кірем деп жүргенде шетелден бір спортшыны алып келеді де сол орынға қоя салады. Солай қазақ балаларының жолдары жабылады. Легионер алып келудегі мақсат сол спортшылардан біздің спортшылар үйренсе, шеберлегін шыңдаса, тәжірибе арттырса деген ой ғой. Бірақ іс жүзінде ондай болмай тұр. Көптеген легионерлеріміз, яғни натурализациядан өткен спортшылардың барлығы өз елдерінде тұрады. Қазақстанға көп келе бермейді. Жарыс кезінде келеді. Белгілі бір марапаттау, ресми шараларда ғана көреміз. Жаттығуын елімізде өткізбейді. Қазақстанда өмір сүрмейді. Ел мүддесі тарапынан ойласақ ешқандай пайдасы жоқ. Өздеріне ғана пайда бар.Бізге керегі қазақ балаларының шеберлігін шыңдау. Ол үшін легионер емес, мамандарды алып келуге болады. Шеттен спортшы тартуды тию керек. Қазақстан азаматтығын алып, ел атынан жарысқа шығып жүрген спортшылар бар. Ондай практика бүкіл әлемде бар. Бірақ біздегі спортшылар азаматтықты өте тез алады. «Спорттық азаматтыз» (спортвное гражданство) түсінік бар-ау деймін. Бізге де түсініксіздеу. Олар 5 жыл Қазақстанда тұру, мемлекеттік тілді білу, қазақ тарихынан емтихан тапсыру деген талап қойылмайды. Бірден паспорт алып, ұлттық құрамаға кіреді. Оның ішінде де әртүрлісі бар. Елдеріне қайтып кеткендерге көзқарасымыз теріс. Елде қалып қызмет етіп жатқандары да бар. Өзінің болашағын Қазақстанмен байланыстырып жатса онда ол жақсы деп ойлаймын, – дейді Аслан Қаженов
Осы тұста айта кетейік, соңғы 6 жылда спорт саласына 1 трлн 400 млрд теңге бөлінген. Жоғары жетістіктер спортына қарастырылған қаржы көлемі жағынан Орталық Азия елдерінен бірнеше есе асып түскенбіз. Тіпті, Канада, Норвегия не Нидерланд сияқты мемлекеттерден де көп бөлінетіні анықталған.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Туризм және спорт министрлігімен бірлесе осындай сараптама жүргізеді. 2018 жылы салаға қарастырылған қаржы 162 млрд теңге. Ол жыл сайын ондаған млрд теңгеге артып, 2023 жылы, тіпті 340 млрд теңгеге жетеді. Өкінішке қарай, спортшылармыз әлемдік аламандардағы көрсеткіштері көңіл көншітпейді.
Боксшы, Олимпиада чемпионы, Вел-Баркер кубогінің иегері Бақтияр Артаев легионер алып келудің еш қажеттілігі жоқ екенін айтады. Неліктен қарсы екенін сұрадық.
Бұл сұрақты жек өзім көтеріп жүргеніме 14 жылдай болды. Шын мәнісінде ешқандай ел өзінің мықты спортшысын өзге елге бермейді. Сондықтан өзге елден легионер алып келіп, өзімізді жарылқаймыз деген бос әңгіме. Алтын алып келмесе алып келмесін, өзіміздің балаларға жеткізе алмай жатқан кезде өзгенің баласын асыраудың қажеті жоқ. Барлығы бір реттік ғана. Сондықтан бізге мұндай болмайды. Сол үшін өзіміздің балаларды тәрбиелеп, соларды шығарған әлдеқайда жақсы. Өз басым легионер дегенге қарсымынн. Сондықтан ешқандай да қолдамаймын, түсіне алмаймын, – дейді ол.
Легионер мәселесі қалай шешіліп жатыр?
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Париж Олимпиадасынан кейін жеңіске жеткен спортшылар мен бапкерлерді қабылдаған болатын. Мемлекет басшысы салтанатты жиында еліміздегі спорт мәселесін жүйелеу бойынша сөз қозғаған еді. Президент шетелдік спортшыларға азаматтық беріп, ел атынан додаға қосу тәжірибесін доғару керек екенін айтты.
Өйткені кез келген легионер ұлттық құрамаға шақырту алғысы келетін жас әрі болашағынан көп үміт күттіретін атлеттеріміздің жолын кеседі. Одан гөрі қазір бізде дамуы кенжелеп тұрған спорт түрлерінен мықты шетелдік бапкерлерді тарту мүмкіндігін қарастырған жөн. Легионер-спортшылардың жетістігі бүгін мерейіңді өсіргенмен, ертең абыройыңды асқақтатпайды. Бұл жерде кәсіби бапкерге басымдық берген жөн,– деген еді Мемлекет басшысы.
Осы айтылған мәселеден кейін еліміздегі кейбір спорт клубтары «легионерлермен» қош айтыса бастады. Әуелі клубтарға бөлінген қаржыға тоқаталғанды жөн көрдік.
«Астана» вело құрамасы – 6 млрд теңге.
«Астана» футбол клубы – 5,3 млрд теңге. Футболшылардың чемпионаттағы көрсеткіштерін жақсарту мақсатында бөлінген қаражат.
«Астана» баскетбол клубы – 1,3 млрд теңге. Баскетбол саласын дамытуға арналған қаржының бір бөлігі осы клубқа жұмсалды. Алайда бұлт спорт түрінен оң нәтижені байқап жүрген жоқпыз.
«Барыс» хоккей клубына 2023 жылы 8,5 млрд теңге бөлінген. Бұндай қаражатты алып отырған «Барыстың» нәтижес көңіл қуантарлық емес. «Легионерлерден» тазарту жұмысы осы клубтан басталды. Бұған дейін клубтың бас директоры қызметін атқарған Борис Иванищев қызметінен кетті. Оның орнына Нұрлан Оразбаев келді. Клуб ойыншыларына төленген жалақыны естігенде жағамызды ұстадық. Хоккейшілердің орташа айлығы жылына шамамен 100-150 миллион теңге аралығында екен.
Жақында Нұрлан Оразбаев журналистерге арнап баспасөз-мәслихатын өткізген екен. Ол хабарламадан тыс қалғандықтан қандай мәселе айтылғанын біле алмадық. Алайда ақпарат көздеріне сүйенсек кейбір ойыншылармен келісім-шарт тоқтаған. Бірақ барлық легионермен емес. Иә, клубтағы өзгерістен кейін Натан Болье, Уилл Батчер, Майкл Маклеод, Даниил Апалков және Владислав Кодола сынды ойыншылар клубтан кетті. Бұл жұмыстар енді легионері бар басқа клубтармен де жалғасады.
Себебі мәжілістің мінберінде айтылған еді. Яғни, Үкімет легионерлерге 1 тиын бермейтін заңды қолдады. Бұл туралы мәжіліс депутаты Нартай Аралбай өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады.
Дегенімізге жеттік! Легионерлерге 1 тиын бермейтін Заңдық нормамды Үкімет қолдады,- деді ол.
Адам естімеген спорт түрлеріне ақша беріп келген министрліктің шешімі де тоқтатылды. 180 спорт түрі қысқартылады. Тиісті норманы Үкімет қолдаған екен.
Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне дене шынықтыру және спорт, сондай-ақ нормалардың артық (шамадан тыс) заңнамалық регламенттелуін болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңының 49-бабы:
Бірінші бөлігі: «Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын спортшыларды бюджет қаражаты есебінен қаржыландыруды жүзеге асыруға тыйым салынады»;
Екінші бөлігі: «Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын спортшыларды квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қаражаты есебінен қаржыландыруға жол берілмейді.
49-бап. Дене шынықтыру мен спортты қаржыландыру көздерінің 6-тармағы мынадай мазмұнда жазылады: «Бюджет қаражаты есебінен қаржыландыру мынадай бағыттар бойынша жүзеге асырылады:
- жоғары жетістіктер спорты, оның ішінде спорттың басым түрлері;
- мемлекеттік спорт ұйымдарының жұмыс істеуі;
- бұқаралық спорт;
- спорттық инфрақұрылымды дамыту
Аталған бұл өзгерістер қазақ спортының дамуына серпін беріп, қазақ балаларының әлемдік аренада өзін көрсетуге мүмкіндік береді деп ойлаймыз.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!