Лука Модрич. Фото: Chris Brunskill/Fantasista/Getty Images

Хорватия футбол командасының жартылай қорғаушысы және капитаны Лука Модрич Германияда өтіп жатқан 2024 жылғы Еуропа чемпионатында рекордтық гол соқты. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ УЕФА ұйымының ресми сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

25 маусымға қараған түні Хорватия құрамасы Еуропа чемпионатының үшінші туры аясында Италияға қарсы ойнады. Бұл матчтың 55-минутында Лука Модрич мергендік танытып, есеп ашты. Осылайша, Модрич Еуропа чемпионаты тарихындағы ең егде жастағы гол авторы атанды. Ол Италияға қарсы матчқа 38 жас, 289 күнде шықты. Бұған дейін аталған рекорд Ивица Вастичке тиесілі еді. Аустриялық футболшы Еуро-2008 турнирінде 38 жас, 257 күнде гол салған болатын. Сондай-ақ Лука Модрич Хорватия – Италия матчының үздік ойыншысы атанды. Футболдан Еуропа чемпионаты Германияның 10 қаласында өтіп жатыр. Топтық кезең 26 маусымға дейін жалғасса, плей-офф кезеңі 29 маусымда басталады. Турнирдің финалы 14 шілдеде Берлиндегі «Олимпиада» стадионында болады.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!